Бүгін Талдықорған қаласында Қытайдан қашып келген Сайрагүл Сауытбайға босқын статусының берілмеуіне қатысты шағымды қарайтын сот процесі басталды. Бұған дейін шетелде түрлі қысымға шыдай алмай Қазақстанға бассауғалап келген адамдарға босқын статусын беретін облыстық және республикалық деңгейдегі уәкілетті орган Сайрагүл Сауытбайдың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Осы шешімге қарсы ол сотқа шағымданды.

Бұрын оның мүддесін адвокат Абзал Құспан қорғап келді. Екі күн бұрын Сайрагүл Сауытбай Абзал Құспаннан бас тартып, өзіне адвокат ретінде Айман Омаровамен келісім жасады. Жаңа адвокат іспен танысу үшін соттан уақыт сұрады. Адвокаттың өтінішін қанағаттандырған сот Сайрагүл Сауытбайға босқын статусын беру мәселесін қарауды 11 наурызға қалдырды.

Сайрагүл Сауытбай былтыр көктемде Қазақстандағы отбасымен қосылу үшін ебін тауып қытай-қазақ шекарасынан заңсыз өтіп кеткен. Бұл кезде оның екі баласы мен күйеуі – Қазақстанның азаматтығын алған болатын. Өзі Қытайда мемлекеттік қызметкер болуына орай шетелге шығатын паспортынан айырылып, Қазақстанға өте алмай қалған. Ол отбасымен 2 жылдан астам уақыт көріскен жоқ. Алғашында бірлескен бірнеше балабақшаның меңгерушісі болған оны Қытай билігі «Саяси үйрену» деп аталатын концлагердегі тұтқындарға қытай тілін үйрететін оқытушы жұмысына мәжбүрлеп жегеді. Сонымен қатар Қытай билігі Сайрагүл Сауытбайға отбасын Қазақстаннан алдыру жөнінде талап қоя бастайды. Осындай қысымға шыдай алмаған ол ебін тауып Қазақстанға өтіп кеткен.

Қытай-қазақ шекарасын заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбай Қазақстанда қамауға алынып, екі айдан астам уақыт тергеу изоляторында отырды. Шекарадан заңсыз өткені үшін сот оны алты ай шартты жазаға кескен. Қазір Сайрагүл Сауытбай үш айға берілетін пана іздеуші статусын создырып жүр. Мұның мерзімі шектеулі. Егер ол бұл статустан айырылса және босқын мәртебесін ала алмаса, Қытайға жіберілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Сайрагүл Сауытбай Қытай заңы бойынша қатаң жазаға ұшырайды.

Ораз Әлімбеков