Отбасымен қосылу үшін ебін тауып қытай-қазақ шекарасынан заңсыз өтіп кеткен Сайрагүл Сауытбай өзіне жанашырлық танытып жүрген «Ақжүніс» журналының редакторы Сәуле Әбілдаханқызы Әбединовадан іргесін аулақ салатынын мәлімдеді. Бұған себеп - Сайрагул Сауытбайға босқын мәртебесінің берілмеуі. Мәселені қараған облыстық және республикалық деңгейдегі комиссия С.Сауытбайдың арызын қанағаттандырмады. Ол қазір үш ай сайын уақытша пана іздеуші тұлға статусын созғызып жүр. Мұның мерзімі шектеусіз емес. Егер ол бұл статустан айырылса, Қытайға депортациялануы мүмкін.

Сайрагүл Сауытбайды о бастан қорғауына алған адвокат Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбединова оны «босқын мәртебесі беріледі, одан кейін Қазақстанның азаматтығын алу қиын емес» деп сендіріп келген. Сол үшін «Атажұрт» еріктілері арқылы халықаралық ұйымдарға шағымданып шу шығармай тыныш отыруды талап еткен. Бірақ оған босқын мәртебесі берілмеді. Өзінің және отбасының тағдырына қатты алаңдаған Сайрагул Сауытбай бұдан былай Сәуле Әбединованың «айтқанымен жүріп, айдауына көнбейтінін» мәлімдеді.

Сайрагүл Сауытбайдың мәлімдемесі адвокат Абзал Құспанов пен Сәуле Әбединованың арасындағы ұзақ жылғы достыққа да әсерін тигізді.

«Абзал Құспан мырза! Өзіңнің қорғауыңдағы Сайрагүлдің мына видеосын мұқият тыңдап, әр сөзіне жауап берерсің деп сенемін. Екеуіңнің ортадағы почтальон құсап, сенің сәлемімді жеткіз дегендеріңді оған жеткізгенім үшін, мынадай жағдайда жүргеніңде саған да, оған да өзімше жақсылық жасап жүрмін десем... "Мен сенің почтальоның емеспін, онымен өзің сөйлес" деуіме болар еді ғой.... "Үйде келімді-кетімді кісілер көп, оған айтшы, мені мазаламасын, осы сөзімді үйге шақырып тыңдатшы, түсіндірші, уайымдамасын, Алматыға жақын арада барамын, баспасөз мәслихатын береміз..." деп екі-үш рет сәлем айттың. Сәлеміңді жеткіздім. Аудиоңды тыңдаттым. Сен онымен сөйлеспегенің үшін мені осынша лайдан алып, б..ққа салуға бола ма? Бәріңнен шошиын дедім ғой» деп налыды Сәуле Әбединова әлеуметтік желідегі жазбасында.

Әзірге Сайрагүл Сауытбай адвокаты Абзал Құспанға сенім білдіріп отыр. Бірақ, Сәуле Әбединованың осы сөзінен кейін ол да айнып қалуы мүмікін. Мұндай жағдайда Сайрагүл Сауытбай адвокатсыз қалып, тағдыры тіпті қиындап кететінін жоққа шығаруға болмайды.