Президенттіктен үміткер Әміржан Қосановтың сайлауалды кампаниясының үгіт-насихатындағы аймақшылдық пен жүзшілдіктің белгісі бұрын көмескіленіп, алыстан бұлдырлап көрінетін. Бұл ұлттық (мемлекетшіл) сана деңгейіне әлі де болса көтеріле қоймаған, өзінің туып-өскен жерін де, сол өңірден шыққан адамдарды да жанындай сүйетін кейбір бауырмал қазақтың өтпелі менталитет ерекшелігіне баланып, ескерусіз қалып бара жатқан. Қазақстан құқық қорғау органдарынан жасырынып, шетелде қашып жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің аяқасты мүдде біріктіріп, республикалық саяси науқанға бүйірден қосылып киліге кетуі көңілдегі күмәнді қоюлатып жіберді.

Президенттік сайлау науқаны басталған тұста Жармахан Тұяқбайдың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) тізгінін қолына алған Ермұрат Бапи (Қосановтың бажасы) мен оған осы партияны сатып әперген әрі астыртын қаржыландырып отырған Рысқалиев те, тіпті Қажыгелдин де Қосановтың кандидатурасын ашық қолдап отырған жоқ. Тіпті, «Қосанов сайлауға түсуден бас тарту керек», «бойкот жариялау қажет» деген сыңайда ара-тұра мәлімдеме де жасап қояды. Бірақ мұның бәрі былайғы жұртқа көз қылып айта салған алдамшы сөз ғана. Ақиқатында, ЖСДП-ның бес-алты мүшесі мен «қосановшыл» журналистердің бірпарасын Парижге шақырып алып жиын өткізген Қажыгелдин мен Рысқалиевтің сөз саптауынан Қосановтың сайлауалды кампаниясына қолдау білдіріп жатқаны көзі қарақты адамға көрініп тұр. «ЖСДП президенттік сайлауға бойкот жариялайды, бірақ партия белсенділері сайлауға жаппай бақылаушы ретінде қатысады» деген Ермұрат Бапидің екіұшты мәлімдемесінен де оның бір бүйрегін бажасына бұрып тұрғанын байқау қиын емес. Әрине, әркімнің таңдауы өзінде, Қосановты қолдау немесе қолдамау заңға қайшы емес. Мәселе Қосанов кампаниясына бұрынғы жасаған қылығы күмәнді адамдардың атсалысып, аймақшылдықты қайта қоздата бастағанына тіреліп тұр. Халықтың делебесі қозатын осындай кезеңде саяси технологияның лас әрі қоғам үшін қауіпті әдісінен абай болу қажет. Сондықтан мұндай конспирацияны аршып, астарында қандай бықсық сасып жатқанын көрсету сайлаушылардың дұрыс бағдар алуына көп көмегін тигізеді.

«Париж конференциясы» деген атауға ие болған жиында Қажыгелдин 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын еске алып және осы бір қасіретті оқиғаны аймақтағы әлеуметтік теңсіздік проблемасымен байланыстыра ұзақ сөйледі. Оның айтуынша, АҚШ-тағы Аляска штатының әрбір тұрғыны сол жерден өндірілген қазба байлықтан ай сайын 100 доллар шамасында ақша алып отырады екен. Осындай күмәнді ақпаратты айтқан экс-премьер Қазақстанның мұнайлы облыстарындағы халықтың Аляска тұрғындары сияқты «өзіне тиеметтісін» республикалық биліктен талап етіп, мұны саяси мәселе деңгейіне дейін көтеруге шақырды. Ол ылғи «атыраулықтар» деген шартты атаумен мұнайлы өңірдің тұрғындарын басқа қазақтан, республиканың тұтас халқынан бөле-жара сөйледі. Қашқын экс-премьердің жұртты желіктіре сөйлеген сепаратистік пиғылды астары бар сөзін жемқорлыққа әбден былығып, жауапқа тартылар тұста шетелге қашып кеткен экс-әкім Рысқалиев те қолдаған сыңай білдірді. Ол облыс әкімі қызметін атқарған тұста аймақ халқының әлеуметтк жағдайын шешу үшін жүздеген мектеп пен аурухана, мыңдаған шақырым жол салғанын, газ құбырын тартқанын езеуреп айтумен болды. Айтуынша, жергілікті халыққа жасаған осындай жақсылығы үшін орталық билік оны қуғындауға ұшыратыпты-мыс. Әрине, «тілде сүйек жоқ», «бұл былай емес еді ғой» деп, мәселенің мән-жайын ашып, ақиқатын айтып, Қажыгелдин мен Рысқалиевтің не үшін сырттай сотталғанын көзіне шұқып, айыбын бетіне басып беретін адам жоқ жерде бөспе сөз айтыла береді. Мұндағы мәселе - Қажыгелдин мен Рысқалиев сөзінің Қосанов кампаниясына белсене атсалысып жүрген құпия белсендінің осыдан 6 жыл бұрын жазған сепаратистік хатында айтылған «әуенмен» сәйкес келуі.

Көзі қарақты оқырман қауымның есінде болса, 2013 жылы интернетте мұнайлы батыс облыстарды Қазақстаннан бөлініп өз алдына ел болуға үндеген сепаратистік хат жарияланған болатын. Хатта қазақтың рулық сезімін қоздыру үшін «Әлімұлы», «адай» деген ежелгі тайпа атаулары аталып, кіші жүзге «құдай сыйға тартқан несібесінен» (мұнай-газын) дым татырмай, оны ұлы жүз бен орта жүз пайдаланып, «ішіп-жеп» жатқаны айтылды. Сондықтан «мұндай әділетсіздікке төзбейтін» батыс облыстардың халқы Атыраудың тумасы И.Тасмағамбетовті басшы етіп сайлап алып, бөлінуге шақырған. Конституциялық құрылымды күшпен бұзып, рулық араздық тудырмақшы болған хаттың авторы ақтөбелік Әділбек Бақытов болатын. Ол бұл қылмысы үшін 3 жылға, ал хатты интернетте таратты деген айыппен Тұрарбек Құсайынов 4 жылға сотталды.

Әділбек Бақытовтың сепаратизмге үндейтін хаты орыс тілінде жазылған еді. Бұл хатты Ермұрат Бапи басшылық жасайтын «ДАТ» газеті қазақ тіліне аударып басып, мыңдаған тиражбен таратты. Бір қызығы сол, сепаратизмге үндейтін хатты аударып, оны таратқаны үшін Ермұрат Бапи жауапкершілікке тартылмады, оның «қылы да қисайған» жоқ. Тіпті, сол аймақшылдыққа, жүзшіл сепаратизмге үндейтін хат Бапидің фейсбуктегі парақшасында әлі ілулі тұр. Мұнда гәп бар сияқты...

Батыс облыстарды Қазақстаннан бөліп әкетуге үндеген хат авторы Әділбек Бақытов туралы не білеміз? Ол сотталғанға дейін Ақтөбе қаласының жылу жүйесінде басшылық қызмет атқарған. Себебі, Әділбек Бақытов – батыс облыстарда әкім болған, талай жыл Президент әкімшілігін басқарған Аслан Мусиннің туған бажасы, сондай-ақ талай жыл мұнай-газ саласын басқарған Балтабай Қуандықовтың балдызы. Ал «Мусин – Бергей Рысқалиевтің «патроны» деген сөз ел үшінде орныққан түсінікке айналған...

Әміржан Қосанов президенттіктен үміткер ретінде тіркеле сала Әділбек Бақытов тағы да астыртын саяси ойынға көшті. Ол қазір әлеуметтік желіде Алан Наймани деген лақап атты жамылып, әсіре «жәңгірханшыл» Серікжан Мәмбеталинмен тізе қосып, жанын салып Қосановқа қолдау білдіріп жатыр. Мұнда да гәп бар: талай жыл Лондон биржасында Қазақстанның мұнайын саудалап нәпақа тауып жүрген Мәмбеталин 2000-шы жылдардың соңында аяқастынан Қазақстанға оралып, «Руханият» партиясының тізгінін алып, күмәнді саяси интрига қоздатқан. Бұл саяси марш сол кездегі ПӘ жетекшісі Мусиннің ойлап тапқан жобасы екені айтылды.

Кейінгі жылдары Мәмбеталиннің Рысқалиевпен әмпей-жәмпей болып жүруі де аталған адамдардың әлдебір мүдде көздеген өзара байланыс желісіне салынған радикал идеядан тарамдап отырғаны байқатса керек. «Сепаратист» Бақытовтың «Саке, порви их как настоящий сын Алимулы (кіші жүз руалары бірлестігінің атауы)» деп, Серікжан Мәмбеталинің рулық сезімін қоздатып, Қосановтың қарсыластарына қарсы әрекетті күшейтуге жанығып жатуы бекер емес. Мұның бәрін түйіндеп айтсақ, Қосанов кампаниясының үгіт-насихатына астыртын жұмылдырылған Мәмбеталин-Бақытов-Бапи-Қажыгелдин-Рысқалиев... тізбегінің жасырын идеологиясында мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін сепаратистік пиғылды лас саяси технологияны қолданып жатқаны көзге ұрып тұр.

Саяси технологияларды мемлекеттің тұтастығын бұзып, қоғамға іріткі салатын идеяларды әмісе тықпалап жүретін Әділбек Бақытовтың тағы бір құпиясын айта кетпеуге болмас. Оқырманның есінде болса, бес жылдай бұрын «Нұр.кз» сайтында Омбыда қазақша ән айтып, қазақша сөйлегені үшін Қайрат Нұртасты «мәмбет» деп кемсіткен мақала басылды. Сайт бұл ақпаратты Фейсбук желісіндегі Adam Hazarдың жазбасынан алған еді. Ақиқатында, бұл ник астына жасырынған Әділбек Бақытовтың дәл өзі болатын. Ол осы лақап атты жамылып Қазақстанды тәуелсіз мемлекеттігінен айрып, Ресейдің бір провинциясы етіп жіберу жөнінде мәселе көтерген Ермек Тайшыбековке қолдау білдіріп, соның пікірін дұрыс деп танумен болды. Ең сорақысы сол, Бақытов Adam Hazar деген никпен түрмеде жатып-ақ қазақ қоғамын дүрліктіріп, бірді екіншіге айдап салып әлек салды. Ол сондай пасық әрекетін, қоғамға қауіп төндіретін бықсық интириганы енді Алан Наймани есімін жамылып жасап отыр. Рушылдық пен жүзшілдіктен ешқашан арыла алмайтын Әділбек Бақытовтың өте қауіпті радикал идеясы кандидат Қосановтың сайлауалды кампаниясында қылаң беру және оның үгіт-насихатында күн санап күш алып бара жатқаны ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Пиғылы жаман адамдардың саяси ойыншығына айналып бара жатқан Қосановтың сайлауалды штабын басқарып отырған патриот азамат Дәурен Бабамұратовты осы мәселе ойлантуы тиіс. Егер ол додаға үкілеп салып отырған кандидатын мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қатер төндіретін шетін идеологияны насихаттаушылардың шырмауына ажыратып, тез арада аулаққа қашыртпаса, онда Қосановтың омақаса оңбай құлайтын күні алыс емес.

Берік Мыңжасар