«Атажұрт еріктілері» деп аталатын волонтерлік ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлына қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің «араздық қоздыру» (174) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істі қозғауға 18 адам қол қойған ұжымдық хат негіз болған. Қазір тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Әзірге тергеушілер Серікжан Біләшұлынан бір рет жауап алыпты.

Қылмыстық іс 174-баптың қандай тармағы бойынша қозғалғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Десек те, serke.org сайтының құпия дереккөзі «Атажұрт» лидері Серікжан Біләшұлына қарсы арызданушылардың бәрі Қытайдан көшіп келген оралмандар екенін хабарлады. Олардың арыздануына «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлының Қытай қазақтарына қатысты «ала қойды бөле қырқуы» себеп болған. «Ол Шыңжаңның кейбір аймақтарында тұратын және сол жақтан Қазақстанға қоныс аударған оралмандар тобына қатысты адамның ар-ожданын қорлайтын, ұлт ішінде араздық тудыратын сөз айтқан» дейді дереккөз.

serke.org