Қазір бұрынғыдай емес, студенттер мен жоғары сынып оқушылары сабақтан бос кезде немесе жазғы демалыста еңбек етіп, табыс табуға тырысады. Қандай да бір мамандығы жоқ оларды көбіне кафелер мен оны-мұны сатататын дүкендер жұмысқа шақырады. «Айына 100-150 мың теңге жалақы төлейміз» деген компаниялардың жарнамасы интернетте жыл бойы үнемі қайталанып тұрады. Бұған қарап, «Қазақстанда жұмыс көп, ал жұмыс істейтін адам ылғи тапшы» деген ой түйгендей боласың. Шындығында тіпті олай емес. Мұны бір-екі мысалмен түсіндіріп көрейік.

Маусым айының ортасында Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі (кәмелет жасына толған, себебі ол мектепте 12 жыл оқыды) жоғары оқу орындарының біріне автоматты түрде қабылданған соң күзге дейін жұмыс істеп, табыс табуға ниет еткен болатын. Ол жарнама бойынша қаладағы «Меломан» дүкендер желісінің әкімшілігімен кездесу өткізді. Дүкен әкімшілігі студентті жұмысқа алатын болып шешті. Жұмыс берушінің шарты бойынша студент алдымен толық алты күн компанияға тегін еңбек етуі тиіс. Мұны олар «сынақ мерзімі» немесе «стажировка» деп атайды. Компанияның есігі алдында кезек күтіп иіріліп тұрған өзі сияқты ондаған «үміткер» бәсекелесті көрген студент «Меломанның» «сынақ мерзіміне» де келіседі.

«Меломандағы» күндік жұмыс уақыты - 12 сағат, таңғы 10-нан кешкі 10-ға дейін еңбек ету керек. Әрине, жұмысшы ара-тұра 1 сағатқа ас-су ішуге босатылады. «Достық Плазада» орналасқан «Меломан» әлгі студентті бірден кассаға отырғызып қойды. «Сынақ мерзімінің» екінші күнінің соңында кассадан 2 теңге жетпей қалып, студент ауызша сөгіс естіді...

Бес күн тегін жұмыс істеген студент мектеп бітіргенін тойлауға екі күнге сұранып кеткен. Қайта айналып келсе, компания менеджері «сынақ мерзімінің» «үзіліп» қалғанын, бұлай жасауға болмайтынын, студент жұмысқа қабылдану үшін қайтадан 6 күндік «стажировкадан» өтуі тиіс екенін айтқан. Студент мұндай әділетсіздікке шыдамады, «Меломаннан» кетіп қалды.

Екі күннен кейін «Меломан» менеджері студенттке телефон соғып, жұмысқа қайта оралуға болатынын айтып, «Достық плазадағы» «Меломанға» емес, «Мега» кешеніндегі дүкенге жұмысқа шақырыпты. Бірақ, онда да алты күн тегін жұмыс істеп, «сынақ мерзімінен» қайта өтуі тиіс екен.

Студент мұндай таусылмайтын «сынақ мерзімінен өтуден бас тартып, басқа жұмыс қарастырып жүр... Осы оқиғаның мән-жайына үңілсек, «Меломанның» тегін жұмыс күшін пайдаланып жатқанын көреміз. Егер дүкен ай сайын осылайша 5 адамды «сынақ мерзімінен» өткізсе, онда бір жұмысшының жалақысын үнемдеп қалады екен. Солай жасап жатыр да. Оған құлша жұмсайтын «тегін жұмыс күші» жетеді...

Дәл осындай арамза іс кафелер мен ойын-сауық кешендерінде де болып жатыр. Мысалы, кафелер жас жұмысшыларды кемі үш күн «сынақ мерзімінен» өткізіп, тегін жұмыс істетіп алады. Одан кейін, жұмысқа қабылдаған соң, әр күніне 1,5 мың, көп дегенде 3 мың теңге ғана төлейді. Кемі 8-9 сағат жұмыс істеп тапқан бұл ақша студенттің сол кафеде бір мәрте түскі ас ішуіне жетпейді. Кафе қожайындары пайданы еселей түсу үшін жұмыскерге тегін тамақ бермейді. Қайта әрбірінің аузын бағып, қатаң қадағалап отырады. Сондықтан жас жұмыскер күні бойы аш жүреді немесе жұмыс арасында уақыт тауып, арзан асханаға барып, ас-су ішіп, жан шақырып қайтады.

АҚШ-тағы жағдай қалай? Жазғы демалыс кезінде АҚШ-қа барып, жұмыс істеп жатқан қазақстандық студенттердің айтуынша, кез келген жұмыс беруші жұмысшыға сағатына 9 доллардан кем төлемейді, 11-12 доллар төлейтіндер де бар. Жұмысшы жұмыс орнына келген бойда электронды тіркеуге алынады, жұмысы аяқталған соң тіркеуден шығады. Осы уақыт аралығына келісілген ақы төленеді. Жалақы төлеу апта сайын жүзеге асырылады. Мұның бәрін салық органдары мен еңбек инспекциясы қадағалауға алған. Сондықтан жұмыс беруші ешкімнің еңбегін жемейді, ол соған әбден дағдыланған.

АҚШ қоғамындағы адамгершілік принциптері жөнінде де айтпай кетуге болмайды. Кафелер мен дайын ас-су сататын орындарда жұмысшыларға тамақ тегін. Сонда сатылатын сусын мен тамақтың кез келген түрін тегін ішіп жей береуге болады. Егер жұмысшыға жұмыс ұнамаса, екі-үш күн бұрын ескертіп, басқа жұмысқа ауысып кете береді...

Жұмыс беруші жұмысшының жұмысқа келіп кетуі үшін велосипедпен қамтамасыз етеді. Егер жұмыс берушіде велосипед болмай қалса, онда оны жергілікті шіркеуден алуға болады. Жергілікті шіркеулердің барлығы аптасына екі рет бірнеше түрлі ыстық тамақ пісіріп, мол дастархан жаяды. Нәсілі мен дініне қарамайды, кез келген адам сол дастарханнан дәм татып, тамақ ішіп қайтады...

Еңбек адамының екі түрлі қоғамдағы жағдайын салыстыра отырып, Қазақстанда мәселенің өте күрделі екенін байқауға болады. Заңның сақталуын қадағалайтын прокуратура мен еңбек инспекциясы әрекет жасап отырған жоқ. Кафелер мен дүкендер еңбек заңын бұзып, қаншама адамның құқығын аяқасты етіп, құлша жұмсап, қанап отыр. Оларға шара қолданып, тәртіпке шақыру ешкімнің ойына келмейді. Қарапайым азаматтар да арамза кафелер мен дүкендердің тамағын ішіп, тауарын сатып алып алаңсыз өмір сүріп жүр. Бір сәт сол тағамға, сол тауарға үңіліп, «ішінде нақақ көзден жас бар ма» деп қарамайды да...

Ораз Әлімбеков