Бұған дейін serke.org сайтында жарияланған екі мақалада маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов пен оның әйелі Бибайша Нұрдаулетова ХІХ-ХХ ғасырдағы жыршы-жыраулардың өлеңдеріне өздерінің жанынан сөз қосып, әдеби ескерткіш-мұраларды бүлдіріп жатқаны жазылған. Олардың мақсаты - қазақ қоғамына «исматулла тариқаты» деген атпен белгілі «зікіршіліктің» шетін идеологиясын тықпалау екені дәлелді фактілермен тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. «Зікіршілердің» ықпалында қалып, осы діни ағымның уағызшысына айналған ерлі-зайыптының ғылым адамына жат, заңға қайшы, өрескел әрекеті Маңғыстау облыстық әкімдігі тарапынан қолдау тауып отырғаны да құқық қорғау органдарының назарына ұсынылған. Енді «Светқали Нұржанов қоғамда араздық туғызуға бағытталған әрекет жасап отыр ма?» деген сұрақтың төңірегінде сөз қозғап көрелік.

«Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігінің аясында уағыз жүргізген «зікіршілердің» лидерлері 2011 жылы ұзақ мерзімге сотталғанда оларға тағылған айыптардың ішінде «экстремистік ұйым құрумен» қатар, қоғамда «діни араздық тудыру» бабы да болды. Сол соттың үкімін негізге алған Шығыс Қазақстан облыстық прокурорының талап арызы бойынша 2012 жылдың 7 маусымында облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігін экстремистік ұйым деп танып, ұйымды мәжбүрлеп тарату және оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарған. Бүткіл республика аумағына пәрмен беруі тиіс сот шешімі Маңғыстауға жетпеді. Мұны «зікіршілердің» осы аймақтағы белсенді уағызшысы Светқали Нұржановтың әрекетіне қатысты құқықтық баға берілмегенінен көреміз. Құқықтың бағаның дер кезінде берілмеуі оны тіпті еркінсітіп жіберген сияқты.

Мысалы, 2006 жылы Әбілқайыр Ыспанның авторлығымен аймақ тарихында өзіндік орны бар Сүйінғара Үргенішбайұлы жөнінде кітап шықты. «Зікіршілік» ағымына әбден ылыққан маңғыстаулық екі ақын – Светқали Нұржанов пен Сабыр Адай авторға түрлі қысым көрсету арқылы кітап мазмұнын өздерінің қадағалауына алды, алғысөзін жазды. Бұл кітаптың мазмұнын бұрмалауда Светқали Нұржановтың қияңқы қылығы ерекше. Ол салған жерден діндарлығы мен тақуалығы аса байқалмаған Сүйінғараны қақпайлап әкеліп сопылықтың Яссауи жолын ұстанғаны жөнінде ой қорытуға тырысты.

Орталық Азиядағы ежелгі сопылар ілімінің бастауына көз жүгіртсек, Ахмет Яссауи өз алдына жеке тариқат құрмаған, ол орталығы Бұқара қаласында орын тепкен нақышпандия тариқатының өкілі екені белгілі. Сондықтан Светқали Нұржанов сияқты «зікіршілер» дәстүрлі нақышпандия сопылық мектебін қазаққа жат етіп көрсетіп, нақышпандыларды барынша қаралауды мақсат тұтты. Кітапта нақышпандия тариқаты ілімін гомосексуализм мен жас еркек балалардың секс құлдығына мәжбүрлегіш насихатшы етіп көрсетті. Мұның дәлелі ретінде орыс суретшісі В.Верещагиннің «Еріксіз баланы сату» картинасы әбден бұрмаланып тәпсірленді.

Ахмет Яссауиді дәстүрлі нақышпандия тариқатынан ажыратып алу үшін «зікіршілердің» қазақ ұлтшылдығын қоздыра сөйлейтін әдісі бар. Сондықтан нақышпандия тариқатын «өзбекке», «сартқа» теліп, еліміздің оңтүстігін орап жатқан өзбек халқына қаратып қорлық сөз айту «зікіршілердің» басты бағыты саналды. Тіпті өзбек пен қазақтың «түбі бір түркі» екені, Орталық Азиядағы ұлттар мен ұлыстардың бір рухани көзден, ғасырлар бойы ортақ мәдениеттен сусындап келе жатқаны да ескерілмеді. «Зікіршілердің» мұндағы мақсаты Ахмет Яссауи атын жамылған «исматулла тариқатын» қазақ ішіне сыналап кіргізу екені айқын. Осындай мақсатты әрекет қазақ қоғамының ішінде алауыздық тудырып қана қойған жоқ, діни араздықты әбден өршітті. Осы әрекеті үшін «зікіршілер» жауапкершіліке тартылып, белсенді уағызшылары ұзақ мерзімге сотталғаны маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов үшін сабақ болмады. Дер кезінде құқық қорғау органдарының құрығына ілінбей, белгісіз себептермен тасада қалып қойған ол ұлттық және діни араздықты қоздыруға бағытталған әрекетін жалғастырып жатыр. Мұның дәлелін Маңғыстау өңірінде «зікіршілікті» халыққа күштеп таңуға аса белсенді әрекет еткен Тасқара Қаратайұлы жөнінде Светқали Нұржановтың жазған естелік кітабынан табамыз.

Автордың «Айт-ман, қаламгер» деген бүркеншік есіммен жарық көрген «Аруақ қонып – нар шөккен» атты естелік кітабы 2015 жылы, яғни «зікіршілер» бүркеніп әрекет еткен «Сенім. Білім. Өмір» ұйымы экстремистік деп танылып, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынғаннан 3 жыл кейін жарық көргенін баса айта кеткен жөн. Естелік кітапта марқұм Тасқара Қарайтайұлын оның тірі кезінде «зікіршілер» пірі Исматулла Әбдіғапардың жақсы көріп, «өзінің халифасы» - «екінші тақсыр» «Нарымбай ғұлама Разбекқажыұлына «Маңғыстауға бара қалсаң, алдымен Тасқара ағамызға зиярат қыл, қолын ал!» деп тапсырма бергені айтылады. Бұл жерде Светқали Нұржановтың экстремистік және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін 14 жылға сотталып кеткен Исматулла пірден әлі де бас тартпағаны, соның шетін діни идеологиясын тағы да насихаттап отырғаны анық.

Сондай-ақ, автор «Аруақ қонып – нар шөккен» кітабының өн бойында Тасқара Қаратайұлының аузына өз жанынан сөз салып, қоғамдағы діни араздық қоздыруды үдеткен. Автордың жазуынша, 2007 жылы Маңғыстауға «Ясауи ілімінің дүниежүзіндегі ең ірі өкілі мен оның шәкірті Нарынбай ғұлама» келеді. Осы кезде әлдебір «көп жылдан бері биліктің боз жорғасынан түспей келе жатқан бір басшы» Тасқараға телефон шалып, баласының ауырып қалғанын айтып, ем-дом жасап беруін сұрапты. Бұған Тасқара тас-талқан болып тулап, әлгі басшыға баласын өздері сиынып жүрген нақышпандия тариқатының пірлеріне апаруын айтып, көмектесуден бас тартады.

Қызбаланып кеткен Тасқара ата-бабаларының өсиетіне сүйеніп, «нақышпан» деген – нақ дұшпан!» деп, өмірден өтіп кеткен нақышпандия тариқатының көсемдерін сыпыра боқтайды, әлгі басшының жер-жебіріне жетеді. «Мен сенікін боқтап отырмын ғой, сен де «дінің» мен «пірің» күшті болса, боқташы мен құсап менің пірлерімді! Боқтай алмайсың! Боқтап көр – көрқалтаңды басыңа қаптап, шерқалтаңды тасыңа кептеп жіберемін! Бірақ мен сенің «пірлеріңді» тағы да боқтадым, дұрыстап тыңдап ал!..» деп Тасқара әлгі басшыға доқ көрсетіпті. Әрине, мұндай оқиғаның болған-болмағанын, Тасқараның дәл осылай айтқан-айтпағанын нақтылау қиын. Бірақ мұның бәрі кітап авторы Светқали Нұржановтың 2000-жылдардан бері қазақ даласындағы сопылықтың дәстүрлі нақышпандия тариқатына қарсы өшпенді әрекетін әлі жалғастырып жатқанының нақты дәлелі. Оның бұл ісі өңірдегі халықтың Конституциямен қорғалған наным-сенім бостандығына жасалып отырған жүйелі шабуылының мың сан эпизодының бірі ғана (фактілерді түгел тізіп шығу бұл мақаланың ауқымына сыймай тұр, сондықтан аймақтағы діни араздықты әдейі ушықтыруға бағытталған мақсатты әрекетке дәлел ретінде кітаптардың бірнеше парағының көшірмесін ғана салуға мәжбүрміз). Мұндай қияңқылық соңғы жылдары өзінің және профессор әйелінің жетекшілігімен басып шығарылған кітаптардың түгелге жуығында көрініс тапты. Бәрінде «нақышпан – нақ дұшпан» деген діни өшпенді тезиске сүйенетін діни араздықты қоздырудың нышаны анық байқалады.

Уағызы мен қызметіне тыйым салынған «зікіршілердің» жөнсіз әрекетін жалғастырған С.Нұржановтың ісі маңғыстау халқының ашу-ызасын туғызды. Конституциямен қорғалған наным-сенімі қорланды деп есептеген тұрғындар 2018 жылдың басында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне сұрау салып, «зікіршілердің» аймақтағы әрекетіне баға беруін сұрады. Министрлік жауап хатында «Сенім. Білім. Өмір» ұйымы 2012 жылы экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне республика аумағынада заңмен тыйым салынғаны, ал нақышпандия сопылық іліміне ондай тыйым жоқ екені жазылды. Сонымен қатар, министрлік нақышпандия сопылық ілімінің дұрыс яки бұрыстығына баға бермейтінін, бұл мәселені Қазақстан мұсылмандар діни басқармасынан (ҚМДБ) сұрауға кеңес берді.

Осы мәселеге қатысты ҚМДБ-ның жауап хатында нақышпандия сопылық ілімінің дұрыстығын, қазақ діни дәстүрімен сабақтасып жатқанын тәпсірлеп, арнайы пәтуа берілді. Бірақ ҚМДБ-ның пәтуасы Светқали Нұржановтың нақышпандия сопылық іліміне қарсы өшпенді қаралау әрекетін тоқтата алған жоқ. Қайта ол өршеленіп, өңірдің әдеби мұрасын бүлдіріп, оған заңмен тыйым салынған «зікіршіліктің» діни мақсатты уағызын тықпалауды, діни алауыздыққа апаратын өшпенді әрекетін тоқтататын емес. Оның «шығармашылығына» жанама түрде болса да облыстық әкімшіліктің қолдау білдіріп, кітап шығару ісінде қаржылай көмек беріп отырғаны, Светқали Нұржанов пен оның әйелі Бибайша Нұрдәулетоваға «ат мінгізіп, шапан жауып», медаль-орден беріп, құрметке бөлеп жатқаны да оңаза ойға жетелейді. Облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдарының қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті бұзып бара жатқан шетін діни насихатқа көңіл бөлмей жатқаны да, әлі күнге дейін заңға сәйкес құқықтық баға бермегені де аймақтағы халық ішінде түсінбестік туғызып, қобалжытып тұр.

Р.S. Заңмен тыйым салынған «зікіршілік» шетін діни идеологиясының аймақтағы белсенділерінің жергілікті билікті қалай шантаждап, оларды қалай ықпалына салып алғаны жөніндегі сараптаманы дәлелді фактімен және жүйелі аргументпен негіздеп, арнайы тақырыптың аясында қарастыруды жөн санап отырмыз.

(Жалғасы бар)

Ораз Әлімбеков