Былайғы жұрт «зікіршілер» деп атайтын, Қожа Ахмет Яссауидің атын жамылған «исматуллашылар» сопылық тариқатының мүридтері қазақ фольклорында сүбелі орын иемдеген ақын-жыраулардың өлең-жырларының өңін айналдырып, редакциялап тастаудан тыйылатын емес. 2000-шы жылдардың басында олар Шәкәрім Құдайберді өлеңдерін «зікіршілік» сипатқа енгізіп, тәпсірлеп шыққан. «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігінің аясында әрекет еткен «зікіршілер» 2012 жылы сот шешімімен экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынып, пір-тақсырлары ұзақ мерзімге қамалып кетсе де, Исматтуланың артында мүридтері тарихты қайта жазуға бейіл өрескел қылықтан арылған жоқ, қулық пен сұмдық араласқан жымысқы ісін жалғастырып жатыр.

2016 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Тіл таңбалы ақындар» атты 5 томдық антология шықты. Ақындар өлеңін бір кітапқа топтастырудың басы-қасында Исматулла пірге «қол берген» маңғыстаулық ақындар Әнуар Бимағамбет пен Светқали Нұржанов жүрді. Бірақ бұл екеуі де «зікіршілердің» әдісі бойынша тасада тығылып қалды да, жинақты құрастырушы деп Жетібай Жылқышыұлын көрсетті, шығармашылық алқаға республикаға мәлім Әбіш Кекілбаев, Әнес Сарай, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов сынды ақын-жазушылардың атын қосақтап қойды.

Шындығында қулығы мен сұмдығы аралас бұл құйтырқы шаруаға олардың титтей де қатысы жоқ. Кітапқа шығармашылық редакцияны жасаған – Светқали Нұржанов. Ол «өзі жоқтың – көзі жоқ» деген басбұзарлыққа барып, ХХ ғасырдың басында өмірден озған Сәттіғұл Жанғабылұлының өлеңдеріне жанынан сөз қосып, тарихи мұраны ыпыластап тастады. Вандализмге ұқсайтын оның әрекеті Маңғыстау даласында да «зікіршілік» дүниетаным болғанын «дәлелдеуге» саяды, ол Сәттіғұлды «зікіршілдіктің» уағызшысы қылып қойғысы келді. Мұны дәлелдеу қиын емес. Ол үшін Жетібай Жылқышыұлының құрастырумен, ф.ғ.к. Қабиболла Сыдиықұлының алғысөзімен 1996 жылы шыққан Сәттіғұл Жанғабылұлының «Аманат» жыр жинағын «Тіл таңбалы ақындар» атты кітаппен салыстырса, жеткілікті.

Мысалы, нақышбанды сопылық тариқатының өкілі Қожа Ахмет Яссауиді қадария тариқатын ұстанған Бекет атамен қатар қойып, оларға «Бала ишанды»,Таз Дүйсеке мен Нұрпекені қосып, «жүзін айдай балқытып, нұрын күндей шалқытып» «зікір» салдырып қояды. Өлеңнің әр жеріне «зікір айтқан түн қатып – кеудеден басты бұлғатып», «зікір айтып зарланып», «пікірін бізге мұра еткен» деген сөздерді өзімбілерліке салынып қосып тастапты. Сондай-ақ Сәттіғұл жыраудың әруағынан қаймықпаған редактор Маңғыстау өңіріне ешбір қатысы болмаған, жергілікті халық естіп-көрмеген Пәуәдин қожа деген біреуді Ахмет Яссауиге ұстаз деп, Сәттіғұл жырына сынамалап кіргізіпті.

Аймақ халқы зиялы адам санап жүрген Светқали Нұржановтың бұл ісіне «зікіршілікті» құп көретін, кезінде Исматулла пірдің мүриді болған Әнуар Бимағамбеттің де төбе шашы тік тұрды. Ол даулы мәселеге киліктіргені үшін Светқали Нұржановты кінәлайды, себебі «Тіл таңбалы ақындар» атты 5 томдық антологияны шығаруға қолдау білдірген Маңғыстау облыстық әкімдігі де, шығармашылық алқаға атын тіркеп қойған атақты ақын-жазушылар мен олардың туыстарының Әнуар Бимағамбетке өкпесі қара қазандай. Оның үстіне «Тіл таңбалы ақындар» жинағы сот шешімімен экстремистік деп танылған діни ұйымның мақсатты уағызын әлі жалғастырып жатқаны жөнінде құқық қорғау органдарына тың айғақ болып табылады.

(Жалғасы бар)

Ораз Әлімбеков