2017 жылдың ерте көктемінің жаймашуақ бір күнінде Ақтаудан 17 км қашықтықта орналасқан Ақшұқыр ауылының тұрғындары көше тазалалығы мекемесі техникаларының гүрілдеген дауысынан оянды. Облыс орталығынан келген тазалаушылар ауыл кіреберісінен бастап айналаны сыпырып-сиырып, шашылған қоқыстарды жинап, әбігерленіп кетті. Көшенің шаңын басу үшін су сепкен бөшкелі машина осында тұратын ақын Светқали Нұржановтың коттеджінің алдынан шолақ айналып тоқтады. Дүрбелеңге таңырқап тұрған жұрттың назары өзіне ауғанын байқаған су сепкіш машинаның шопыры «мынау үйге жаңа әкім келеді» деп қысқа қайырды да, Ақтауды маңдайға алып кете барды. Оның сөзіне сене қоймаған жұрт үйлеріне тарасқан. Көп өтпей-ақ жол таңдамайтын екі-үш машина тізбектеліп келіп әлгі коттедждің алдына тоқтады, алдынғы көліктен түскен облыстың су жаңа әкімі Ералы Тоқжанов үйге кіріп кетті. Отағасымен бір сағат шамасында әңгіме-дүкен құрған ол көше бойына қайта шығып таңырқап тұрған жұртқа назар аударған да жоқ, қызметтік көлігіне отырып, келген жағына құйындата жөнелді. Сонда ауыл тұрғындары «білдей облыс әкімінің маңғыстаулық қарабайыр ақынға айтар әңгімесі болса, өзінің кеңсесіне шақыртып алып сөйлеспей ме, піріне қол берген мүридтерше сонша кішірейіп Ақтаудан Ақшұқырға желпілдеп жетіп келгені несі» деп, оның өкімет адамына тән емес қылығын әбес көріп, бұл сапардың астарында қандай гәп бар екенін түсінбей дал болып қалған...

Әкімнің бұл келісі бекер емес екен... 2017 жылдың 5 желтоқсанында Светқали Нұржанов «Құрмет» орденімен марапатталды. Тағы жарты ай өтпей жатып, ақынның 55 жылдығын (юбилейлі дата болмаса да) желеулетіп, «Баба түкті боз дала» атты ауқымды жыр кешін өткізді. Жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Светқали Нұржановты тасырта мақтап, маңғыстаулық ақынның келесі жыр кешін 2018 жылы Астана қаласында да өткізуге күш салатынын мәлімдеген.

Руханият мәселесінен азды-көпті хабардар маңғыстаулықтар қоғамда жасап жүрген тірлігі күмәнді ақынға облыс әкімінің неге сонша құсы түсіп жүр деген сыңаймен тағы да таңырқай қараған. Мұның себебі жоқ емес еді. Светқали Нұржанов былайғы жұрт «зікіршілер» деп атайтын, республикаға экстремистік әрекетімен мәлім болған «исматулла тариқатының» аймақтағы белсенді уағызшыларының бірі әрі бірегейі болғанын жұрт білетін. Оның үстіне, ақын өзіне ұстаз санаған «зікіршілердің» пірлері мен тақсырлары 2010-2011 жылдары ұзақ мерзімге сотталып, шетін діни ағымды қалқалап әрекет кеткен «Сенім. Білім. Өмір» республикалық бірлестігі экстремистік деп танылып, қызметіне ел аумағында тыйым салынғаны белгілі.

Жалпы, Маңғыстау өңірінде «зікіршілердің» дәуірлеп, «шухрат» деңгейіне көтерілу кезеңі 2000-жылдардың ортасынан басталады. Маңғыстаулық Тасқара Қаратайұлы, Сабыр Адай, Светқали Нұржановтар «исматулла тариқатының» ықпалында қалып, өңірдегі ең биік жотаның басына «Отпан тау – Атдай ата» комплексін сала бастаған. «Зікіршілердің жоспары бойынша, бұл «исматулла тариқатының» аймақтағы діни-идеологиялық рәсімін өтейтін мекенге айналуы тиіс еді. Сондықтан бұған аймақтағы кәсіпкерлердің мол қаржысы жұмсалды, құрылыстың қара жұмысына тариқаттың мыңдаған мүриді жұмылдырылды. Егер «зікіршілердің» «шухрат» кезеңін қазіргі облыс әкімінің өмірбаянымен салыстырсақ, онда әлдебір параллель көрінгендей болады. Себебі Ералы Тоғжанов 2006 – 2008 жылдарда ҚР Әділет министрлігінің дін жөніндегі комитетінің терағасы қызметін атқарған. Оның Маңғыстау облысына әкім болып келген соң Светқали Нұржановқа оң қабақ танытып, жақын тартып жүруін осы жағдаятпен түсіндіретіндер бар. Бірақ, зертеу барысында олардың бұрынғы әлдебір байланысы жөнінде мардымды дерек табылмады. Сондықтан басты сұрақтың жауабын ақын шығармашылығынан іздеуді жөн санадық.

«Зікіршілердің» «рухани ұстазы» Исматулла Әбдіғаппар мен «екінші тақсыр» Нарымбай Разбекқажыұлының ерекше құрметіне бөленген Тасқара Қаратайұлы дүние салған соң, 2015 жылы Светқали Нұржанов «Айт-Ман» деген лақап есім жамылып «Аруақ қонып – нар шөккен» атты естелік кітап жазыпты. Кітапта сол кезеңде облысты басқарған Қырымбек Көшербаев «Бекет-Ата басына пирамида салмақашы» болғанда «ешқандай кесепатқа жол бермейтін» Тасқараның «ерлігі» баяндалады. Пирамида жөніндегі алғашқы ақпаратты Светқалиден естіген Тасқара тас-талқан болып ашуланып, телефон арқылы тікелей облыс әкім Қырымбек Көшербаевке байланысып, оны «жүндей» түтіпті.

«...сендер «Бекет –Атаның басына «пирамида» деген пәлені салам деп дүрлігіп жатқан көрінесіңдер. ... 500 шалдың басын құрап отырмын. Сендер сол залым құрылысты бастайтын күні біз де Оғыландыға аттанамыз! ... сол пирамиданың табанына көмілеміз. Иә, сендердің мына имансыз әрекеттеріңді тоқтатамыз! Сөздің қысқасы, нан көтеріп, осы елді уақытша басқарып отырған адамсың ғой, айтпады, ескертпеді деме! ... Қасынбаңдар! Басынбаңдар! Көкте Құдай, жерде Бекет тұрса, ешкімді басындырмаспыз, иншАлла! ... Жөндеріңмен келіп, жөндеріңмен кетіңдер, шырақтарым!» деп, білдей әкімді тықсырып, талай сөз айтып тастайды (мәтіннің толық нұсқасын скриншоттан оқып алуға болады).

Кітапта баяндалған бұл оқиғаны сол кездегі өңірдегі нақты процестермен салыстырсақ, бір шикіліктің бар екені көрінеді. Шындығында, «Бекет Атаның басына пирамида салу» жөнінде ешқандай бастама болған емес. Кітапта баяндалған «зікіршілердің» Қырымбек Көшербаевқа кектеніп жүруінің себебі басқада. О баста «зікіршілер» салып бастаған «Отпан тау – Адай Ата» комплексі аймақтағы өршіп кеткен діни алауыздықтың ұшқыны сияқты көрініп, көпшіліктің наразылығын туғызған соң, жергілікті билік «Отпан тау – Адай Атаны» рухани тарихи-мәдени кешен ретінде рәсімдеп, облыс әкімлігінің қарамағына алған. Отпан тауда талай жыл еңбектеніп салған құрылысты мемлекет бір сәтте тартып алып қойғанда «зікіршілер» аймақ басшысы Көшербаевқа қатты наразы болғанын жергілікті жұрттың бәрі біледі. Сондықтан кітапта баяндалған «Тасқараның әкімге деген ашуы» осы мәселеге қатысты жазылған сияқты көрініп тұр.

Екіншіден, Көшербаевқа қарсы Тасқара ақсақалдың осыншама ауыр сөз айтуы сенімсіз. Мұның бәрі автордың ойдан шығарған сөзі болуы мүмкін. Әрине, бұл әңгіменің анық-қанығын анықтап жатудың маңызы жоқ. Маңыздысы – Светқали Нұржановтың марқұм Тасқараның аузына осыншама доқ көрсету мен бопсалауға ұқсас сөз салып қоюдағы мақсаты жөнінде. Егер кітапты зер салып қарасақ, онда Маңғыстау облысын басқаруға сырттан келген адамның бәрі жергілікті тасқаралардың ұстанымымен санасуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, кім болмасын, аямайды...

Көріп отырғанымыздай, Светқали Нұржанов пен оның мүдделі жақтастарының облысты басқаруға келіп-кеткен әкімдерге үнемі сес көрсетіп отыруы Ералы Тоғжановқа да әсер еткенін жоққа шығаруға болмайды. Облыстық әкімдік тарапынан Светқали Нұржановтың ерекше құрметке бөленуі, оның әйелі Бибайша Нұрдәулетова мен Тасқараның ұлдары бірлесіп алып, рухани-мәдени шараларға бөлініп жатқан қыруар қаржыны игеруге атсалысып, «Жыл адамы», «Үздік ғалым» сияқты атақ пен сый-сияпатқа ие болып жатқаны «зікіршіліктің» жоғарыда айтылған құйтырқы әдістерінің нәтижесі сияқты.

Ораз Әлімбеков