Қазақ тілінде хабар тарататын «Қазақстан» ұлттық телеарнасына сын толастамай жатыр. Бұрын хабарлардың медиа контенттік сапасына, тартымдылығына қатысты күмән айтылып жүрген. Енді кейбір хабарлардың қазақ тіліне орысша сөз қосып шұбарлай бастағанына қынжылыс білдіретіндер көбейді. Осы мәселеге қатысты Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет ұлттық арна басшысы Ерлан Қаринге базына айтты.

«Құрметті Ерлан Тынымбайұлы бауырым! Құдай үшін, қылжақбас Қабатовқа: "Орысша сөз араластырмай, қазақ тілін шұбарламай сөйле! Әйтпесе эфирге шықпайсың!" деп талап қоюыңды сұраймын! Тілімізді бөтен сөзбен былғауын тоқтатсын. Шүлдірлемей, қойыртпақтамай сөйлесін. Ұлттық арнаны әркімнің ойланбай сөйлеп, жұртты күлдіргеннің жөні осы екен деп, өзге тілді оңды-солды безей беретін, қазақшаны белден басып, ойына келгенді айта беретін орынға айналдыруға болмайды. Тілдің киесі мен саxнаның киесі бар екенін естен шығармасын. Эфирге шығады екен - ана тілімізді құрметтеуі керек! Тіпті эстраданың еңіреген жұлдызы болса да! Тілі енді шыққандарды қойып, мектеп жасындағы ұрпақтардан ұят! Тіл тазалығына әр өнер адамы жауапты. Егер оның әзіл-қалжыңынсыз Ұлттық арна күн көре алмайтын болса, жаттайтын мәтінін таза қазақ тіліне көшіріп беретін сауатты редактор бөлгендерің дұрыс. Жақында Тұрсынбек ініміз көшедегі жарнамалардың тілі мен аудармасын өлтіре сынады. Айызым қанып, риза болып көрдім! Тақырыбын тапқан екен деп қуандым. Енді көшемен қатар өзінің тілін де түзегені жөн болар еді» деді Ұлықбек Есдәулет.

Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «қылжақпас» Қабатовты қуып жіберу немесе оны қайта тәрбиелеу жөніндегі ұсынысы дұрыс. Бірақ проблема Қабатовқа тіреліп тұрған жоқ. Ұлттық арнаның проблемасы ақынның «егер оның (Қабатовтың) әзіл-қалжыңынсыз Ұлттық арна күн көре алмайтын болса» деген сөзінде жатыр. Шынында, солай. Халықтың көңілін саяси-экономикалық-әлеуметтік-экологиялық мәселеден алдарқату үшін әзіл-қалжың аралас жеңіл-желпі хабарларсыз «ұлттық арна күн көре алмайды». Неге?

Ерлан Қарин медиа менеджер емес, журналистикаға жолдан қосылған адам. Ол бұрын саясаттанушы еді, телерадиокорпорацияға басшы болған соң өзін саясаткер сезініп жүр. Сондықтан ол медиа нарығына саясаткердің көзімен қарайды. Ұлтық арнадағы хабарлардың кәсіби деңгейінің төмен, тартымсыз болып көрінуінің себебі осында жатыр.

Саясаттанушылар былайғы өмірінде саяси-технологиямен шұғылданатыны жасырын емес. Электоралды кезеңде оларды партиялар мен саясаткерлер жалдап алып, жұрттың «миын ашытуға», яғни қоғамдық пікірді манипуляциялау науқанына жегеді. Осындай іс әбден әдетке айналып, қанына сіңген саясаттанушының қолына лауазымды қызметтің тізгіні тиген кезде саланың нақты проблемасын шешудің орнына саяси-технологиямен шұғылданып кете береді.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Ерлан Қарин өзінің осы кемшілігін бүркемелеп, жұртқа білдірмеу үшін ұлттық арнадағы хабарларға бағыт-бағдар беретін бірнеше қоғамдық кеңес құрған болатын. «Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бізге қажет» деп, тісқаққан зиялы қауым өкілдеріне дастархан жайып, шай беріп, талай рет отырыс өткізді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, одан оңды нәтиже шықпады. Бұл жерде тағы да «Неге?» деген сұрақ туады. Рас, зиялық қауым Ұлықбек Есдәулет сияқты Ерлан Қаринге ақыл-кеңес беруден аянып қалып жатқан жоқ. Бірақ ақыл-кеңесті Ұлттық арнаның қажетіне жаратуға Карин құлықсыз. Себебі оның мақсаты басқа, шын мәнінде ол «Қазақстан» ұлттық арнасына және өзінің жеке басының шарасыздығына айтылатын сынды тыйып тастау үшін, тым болмаса, азайту үшін зиялы қауымды саяси технологияның құралы ретінде пайдаланып жүр.

Берік Мыңжасар