Кеше Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросының дәлізінде болған төбелестің жаңғырығы басылмай жатыр. Төбелескен екі тараптың дене жарақатын алған зардап шегушілері бұзақылық бабы бойынша бір-бірінің үстінен арыз жазған. Полицияның мәліметі бойынша, жарақатын медициналық анықтамамен куәландырған екі арыз тіркелген. Әрі қарай оқиғаның мән-жайын полиция тексеретін болады.

Осы кезде 12 қалалық аурухананың маңына кешегі төбелестен зардап шеккен көпбалалы бір топ әйел жиналды. Оларға кеше көпбалалы бірнеше ананы ұрып жыққан Мұрат Пірмағамбетов жақындап келіп кешірім сұрады. М. Пірмағамбетовтің айтуынша, жанжал аяқасты басталып кеткен. Ол өзінің төбелеске қалай кірісіп кеткенін білмейді. Төбелес кезінде қызды-қыздымен бір-екі әйелді ұрып құлатқанын мойындаған Мұрат Пірмағамбетов өзінің қылығына қатты өкінетінін айтты. Айқай-шу, ұрыс-керіс кезінде ұстамсыздық танытып, жан-дүниесі алай-дүлей болып, әсіре эмоцияның жетегінде кеткенін өзі де білмей қалған. Осы сияқты сылтауды тізбектей берген ол өзінің қатты қателескенін айтып, аналардан кешірім сұрады.

Жиналған әйелдер Мұрат Пірмағамбетовтің бас иіп, кешірім сұрауын қабыл алғандай болды. Бірақ межелі жерге барғанда, конференцияны ұйымдастырушылар мен әлдебір арандатушылар тарпа бас салып, жолдарын кескестеген. Жанжал осы кезде басталып кеткен. Көпбалалы аналарға тарпа бас салғандардың ішінде Мұрат Пірмағамбетов те болыпты. Ол жұдырығын құлаштай сермеп бір-екі әйелді ұрып құлатқан. Соған қарамай, көпбалалы аналар Мұрат Пірмағамбетовты кешіретінін айтты. Олар достасудың естелік белгісі ретінде топтасып суретке түсті.

«Көпбалалы және жалғызбасты аналар проблемасы жөнінде жиын өткізбек болған «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросына» не үшін бардыңыз?» деген журналистердің сұрағына Мұрат Пірмағамбетов мардымды жауап берген жоқ. Оның әйелдермен не үшін алысып-жұлысып кеткені де түсініксіз болып қалды. Айтуынша, оны да әйелдер төпелеп ұрып басына жарақат салыпты. Бірақ оның басынан ісіген немесе қанталаған дақ көрінбеді.

«S»