Қазақстан үкіметі өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысын қадағалайтын және оларға салық салатын заң жобасын дайындап жатыр. Қаржы министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, заң аясында жұмысқа жарамды жұмыссыздардың бәрі есепке алынады және олардың салық төлеуін ынталандыру қарастырылады. Бірақ, министр «ынталандыру» сөзінің астарында не барын ашып айтпады. Оның ойынша, елдің әрбір азаматы Конституция бойынша мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдау мен игіліктерді пайдаланғысы келсе, онда ол салық төлеуі тиіс.

Қаржы министрінің әдемі сөздермен әспеттеп айтылған пікірі осыдан бір-екі жыл бұрын Беларусь елінде болған оқиғаны еске салып тұр. 2015 жылы Беларусь президенті Александр Лукашенко «Әлеуметтік масылдықтың алдын алу туралы» жарлық шығарған болатын. Мұның артынан заң дайындалды. Заң бойынша, Беларусь үкіметі ресми жұмыс істемейтін жұмысқа жарамды адамдарды тіркеуге алып, оларға жылына 230 еуро салық төлетуге тиіс болатын. Мұны былайғы жұрт «арамтамақ салығы» деп атап, оны төлеуге жаппай қарсы шықты. Бірнеше айға созылған халық толқуынан кейін Александр Лукашенко «арамтамақ салығын» жоятын декрет шығарды, ресми тіркелген жұмыссыздарды мемлекет қазынасына ақша төлеу міндетінен босатты. Бірақ декретте жұмыссыз жүрген адамдар мемлекеттік қызмет түрлеріне берілген жеңілдіктерден қағылатыны жазылды.

Қаржы министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, «өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысын қадағалайтын» заң жобасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп жасалып жатыр. Былтыр күзде бұл министрлік ресми жұмыс істемей жүрген жұмысқа жарамды адамдарды тізімдеуді бастаған. Тексеру нәтижесінде еңбек биржасына тіркелмеген 320 мың жұмыссыз бен 1,4 миллион «өнімсіз жұмыс істейтіндер» анықталыпты.

serke.org