Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Ақнұр ТУКЕШОВА есімді қыз бүгінде әділдік іздеп шырылдап жүргенін айтады. Бойжеткен өткен жылдың жаз мезгілінде жол апатына түсіп, денсаулығы нашарлап қалған. Алайда, велосипедшіні қаққан жүргізуші әлі күнге дейін жазаға тартылмаған екен.

«Өткен жылдың 29 тамызында сіңілім екеуміз велосипед теуіп жүрген болатынбыз. Қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлік маған соғып, машинаның астына түсіп, сол жағымнан ауыр жарақат алдым. Ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілдім. Қатты соққының салдарынан бас миым шайқалған. Жауырыным үшке бөлініп, төрт қабырғам сынған, сол жақ бөлігімнің нервтері үзілген. Бұдан бөлек денсаулығыма үлкен залал келген. Бүгінгі күні еңбекке жарамсызбын. Облыс орталығында бір рет ота жасаттым, дәрігерлер тағы екі операция жасаймыз дейді. Бірақ соның өзіңде жағдайымның қалыпқа келуі екіталай болып отыр», — дейді Ақнұр Тукешова.

Кейін белгілі болғандай, Ақнұрды қаққан көліктің тізгінін Құттыбай ҚУАНЫШОВ есімді азамат басқарып отырған екен. Бұл кісі Арал аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарады. Ал, зардап шеккен бойжеткен жол апатына өзін кінәлі етіп қойған, құқық қорғаушылардың ісіне көңілі толмай отыр. Тәртіп сақшылары комадан енді онғанында есін толық жимаған бойжеткенге белгісіз құжаттарға қолын қойдырып алыпты.

«Жол апаты болған күннің ертесіне ауруханаға Арал аудандық полиция басқармасының қызметкері Қуаныш РЫСБАЕВ келді. Бұл кісі менің ауыр жағдайыма қарамастан, белгісіз қағаздарға қол қойдырып алып кетті. Ол құжаттарда мені кінәлі қылып, хаттама толтырып, айыппұл салған екен. Ең қызығы, бұл айыппұлды менің жеке куәлігімнің нөмірі арқылы Құттыбай ҚУАНЫШОВ Қазпоштаға барып төлеген екен. Содан кейіс қылмыстық іс қысқартылып кеткен. Мен ауруханадан шыққаннан кейін құзырлы органдарға қайта арызданып, сараптаманың тағайындалуын талап еттім. Соның өзінде тергеу өз деңгейінде жүргізілген жоқ. Куәгерлердің берген түсініктемелері іске тіркелмеген. Полицейлер өз міндеттерін салғырт атқарды. Қазір сот басталды. Бірақ, мәселенің менің пайдама шешілетініне күмәнім бар», — дейді жәбірленуші.

Ақнұр Тукешованың айтуынша, мәдениет үйі директорының аудандық сотта да жақын туыстары қызмет етеді екен. Сол себепті жәбірленуші бойжеткен істің созбалаңға салынып кетуінен қорқады.

Біз де өз кезегімізде шенеунікке хабарласып мән-жайға байланысты түсініктеме беруін сұраған болатынбыз. Алайда, Құттыбай Қуанышов сөлесуден бас тартып, істің ақ-қарасын сот анықтап беретінін жеткізді. Дегенмен, сөйлесу кезінде жол апатының орын алуына Ақнұр Тукешованың өзі кінәлі екенін айтып қалды. Мәдениет үйінің басшысы, бойжеткен велосипедшілерге арналмаған жолмен жүргенін айтады.

Бүгінгі күні іс Арал аудандық сотында қаралып жатыр. «Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 2 тармақшасымен сотқа түсіп, сот өндірісіне өткен жылдың 29 желтоқсанында қабылданған. Басты сот талқылауы 10 қаңтар күні өтті. Сарапшы шақырту үшін 1 ақпан күнге дейін үзіліс жарияланып отыр», — дейді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

Zhasalash.kz