Қызылорда қаласында 28 желтоқсан күні жаяу жүргіншілер жолағының үстінде 22 жастағы Саида Абдуллаеваны (1-суретте) қағып өлтірген 14 жастағы мектеп оқушысының ісіне қатысты жаңа деректер пайда болды.

Марқұмның әпкесі Сәния Абдуллаеваның baq.kz сайтына берген түсініктемесі бойынша, сот-медициналық сараптаманың нәтижесінде мектеп оқушысы Сабыржан Жәдігер тізгіндеген «Лексустың» ақауы болмағаны, яғни көліктің жаңа әрі жарамды екені анықталды.

«Екіншіден, жасөспірім Сабыржанның жол-көлік оқиғасына айыпты екені дәлелденді. Қайғылы жағдайдың алдын алуға оның мүмкіндігі болған. Қазір жасөспірімнің психикалық жағдайын анықтайтын сот-медициналық сараптаманың қорытындысы мен мәйітті сою нәтижесін күтіп отырмыз» дейді Сәния Абдуллаева.

Сәния Абдуллаеваның айтуынша, оқушы баланың анасы, «Лексустың» заңды иесі Қылмыстық кодекстің 349-бабынан қашу үшін «балам көлікті ұрлап әкетті» деп түсініктеме беріп, өзін қорғаған. Бірақ ол оқиға болған күні Саиданың туыстарына баласына көліктің кілтін өзі бергенін айтқан болатын. Бірақ кейін ол сөзін өзгерткен.

«Жасөспірімнің оқиғаға дейін көлік басқарғанын білу мақсатында полиция департаментінің қызметкерлеріне қаладағы бейнебақылау камераларының бір ай бұрынғы таспаларын қайта қарауға өтініш білдірдім. Олар жазбаларды қарап, тексерді. Нәтижесінде, сол көліктің рөлінде бір жігіттің отырғаны көрінді. Енді полиция департаменті оның сырт келбетін анықтау үшін сот-габитологиялық сараптама жүргізеді» дейді Саиданың әпкесі.

Қазір марқұмның туыстары оқиғаны көзімен көрген куәгерлерді іздеп жатыр. «Біз бір куәгерді күтіп жүрміз. Басқа қалаға кетіп қалған екен. Ол келсе, түсініктеме береді» дейді Сәния Абдуллаева.

Айыпталушы Сабыржанның туыстары Саиданың жақындарымен кездескісі келіп, уақыты мен орынды белгілеген. Алайда өздері межелі жерге келмеген.

«Өткен жұмада сағат 15:00-ге баланың туыстары бізге кездесу уақытын белгілеген, сөйлесуге. Бір ағамыз сол кездесу үшін арнайы Астанадан ұшып келді, бар жұмысын тастап. Жұма күні сағат 21:00-ге дейін күттік. Ешкім келген жоқ» дейді Сәния.

Оқиға 2018 жылдың 28 желтоқсан күні сағат 22:00 шамасында Сүлейменов пен Нұрмақ көшесінің қиылысында болған. Ауыр жарақаттанған Саида Абдуллаева ауруханада төрт күн ес-түссіз жатып, 1 қаңтар күні көз жұмды.

Осы оқиғаны жіті қадағалап отырған serke.org сайты жасаған зерттеу бойынша, жол апаты болған жерге жедел жәрдем мен полиция шықырылмаған. Айдала емес, қаланың ішінде бола тұра, көлік мінген оқушы бала оқиға орнына туыстарын шақырған. Олар соққыдан ауыр жарақат алып ес-түссіз қалған қызды машинаға салып алып ауруханаға өздері апарған. Саиданың анасы Нартай Абдуллаеваның айтуынша, ауруханадағылар «неге оны мұнда алып келдіңдер, неге жедел жәрдем шақырып, күтпедіңдер ме» деп кейиді. Олар жаралы қызды қайтадан апат болған жерге алып келеді. Содан кейін ғана жедел жәрдем машинасымен қызды облыстық медициналық орталыққа әкетіпті. Осы кезде қайғылы оқиға болған жерді әлдекімдер сиырып-сыпырып тазалаған, тіпті қан ізін де қалдырмай жуып-шайып тастаған.

Бұл жерде екі сұрақ туындайды. Біріншіден, жол апатынан ауыр жарақат алған адамды дәрігерлер ғана қозғау керек және жаралы қыз медициналық арнайы жедел жәрдем көлігімен тасымалдануы тиіс. Сондықтан, өзімбілерлікке салынып жаралы қызды көлігіне артып ауруханаға ала жөнелген «С.Жәдігердің туыстары жаралы Саида Абдуллаеваның жағдайын одан бетер нашарлатып жіберді ме?» деген сұраққа да құқықтық баға берілуі тиіс. Екіншіден, осы әрекеттің бәрі қылмысты жасыру пиғылынан туған сияқты ма, қалай? Осы сұрақтың да жауабы берілуі тиіс.

Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Саиданың туыстары әділ тергеуді талап етуде. Олар айыпталушының әкесі облыста ықпалды кәсіпкерлердің бірі болғандықтан, іс бұрмаланып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Ал Сабыржан Жәдігердің әкесі, ірі кәсіпкер әрі Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Жәдігер Орақбаев «бұзақылық» бабы бойынша сотқа тартылғанын «Жас алаш» газеті 2019 жылдың 19 қаңтарында хабарлаған. Ол көп балалы ана Юлия Грешованы ұлының көзінше жұлқылап балағаттап, денсаулығына залал келтірген екен.

«Бұл сұмдық оқиға 27 желтоқсан күні болды. Ұлымды мектептен алып шығып келе жатқан болатынмын. Көлігімнің жанында бір ер кісі тұр екен. Мені көре сала бас салды. Алдымен машинамды қолымен ұрып, тепті. Кейін өзіме қарай беттеп, жұдырық жұмсамақшы болды. Балағаттап, ар-намысыма тіл тигізді. Бұл жағдайдың барлығын 7 жасар ұлым көріп тұрды. Балам жылап, ол кісіден мені ұрмауын сұрады. Ер адамның былайша ашулануына менің көлікті дұрыс қоймағаным себеп болыпты. Яғни, мен өз машинамды оның жеріне қойған екенмін. Бірақ бұл олай емес. Кейін бұзақылық жасаған азаматтың Жәдігер Орақбаев екенін білдім. Оның ұрғанынан қашамын деп, сол жердегі темірге құлап, денсаулығыма залал келтіріп алдым» деді жәбірленуші Юлия Грешова.

Үйіне жеткен келіншек дереу учаскелік полицейге хабарласады. Бірақ полиция қарапайым тұрғынның «Құрметті азаматқа» қарсы арызын қабылдағылары келмепті. Жәбірленуші бәрібір арызын полицияға жазып тастап кеткен. Бірақ іс ілгері баспай қояды. Бұған әбден ашынған ана прокуратураға хабар берген соң ғана полиция істі қаттап сотқа жолдаған.

«Менің арызым бірнеше апта бойы еш қараусыз жатты. Мерекеден кейін шағымымды құзырлы органдарға білдірдім. Күні кеше сот процесі басталуы керек болатын. Бірақ жауап беруші Жәдігер Орақбаев келген жоқ. Есесіне, оның қорғаушысы сот процесіне қатысты. Жауапкер денсаулығына байланысты келе алмайды екен. Қаламыздың «Құрметті азаматы» тіпті сотқа онлайн қатысуға да құлық білдірмей отыр. Осыдан-ақ оның қарапайым адамдарға деген қарым-қатынасын білуге болады» деді Юлия Грешова.

Марқұм Аида Абдулланың туыстары сияқты, Юлия Грешова да өзіне және ұлына психологиялық қысым жасаған азаматтың заң алдында жауап бергенін қалайды, беделді азамат «мықты байланыстарын» пайдаланып жауап беруден жалтарып кетеді ме деп қорқатынын жасырмайды.

«Жәдігер Орақбаевқа қатысты іс Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында бұзақылық дерегі бойынша қаралуда. Істі судья Олжас Әбдукаликов жүргізеді. Қазір жауап беруші облыстық медициналық орталығында ем алып жатқандығын жеткізген. Сол себепті, процесс кейінге қалдырылуы мүмкін» депті Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

Әрине, Жәдігер Орақбаевқа бұзақылығына қатысты іске құқықтық бағаны сот береді деп сенеміз. Бірақ, Жәдігер Орақбаевтың «Құрметті азамат» атағынан айыру Қызылорда қалалық мәслихатының құзырында. Қаланың «халық қалаулылары» қателігін түсініп, осындай әділ қадамды қашан жасайды?

serke.org