Жаңа жыл қарсаңында жаяу жүргіншілер жолағында 22 жасар Аида Абдулланы қағып өлтірген 14 жастағы оқушы Сабыржан Жәдігердің әкесі, ірі кәсіпкер әрі Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Жәдігер Орақбаев «бұзақылық» бабы бойынша сотқа тартылды. «Жас алаш» газетінің ақпараты бойынша, ол көп балалы ана Юлия Грешованы ұлының көзінше жұлқылап балағаттап, денсаулығына залал келтірген екен.

«Бұл сұмдық оқиға 27 желтоқсан күні болды. Ұлымды мектептен алып шығып келе жатқан болатынмын. Көлігімнің жанында бір ер кісі тұр екен. Мені көре сала бас салды. Алдымен машинамды қолымен ұрып, тепті. Кейін өзіме қарай беттеп, жұдырық жұмсамақшы болды. Балағаттап, ар-намысыма тіл тигізді. Бұл жағдайдың барлығын 7 жасар ұлым көріп тұрды. Балам жылап, ол кісіден мені ұрмауын сұрады. Ер адамның былайша ашулануына менің көлікті дұрыс қоймағаным себеп болыпты. Яғни, мен өз машинамды оның жеріне қойған екенмін. Бірақ бұл олай емес. Кейін бұзақылық жасаған азаматтың Жәдігер Орақбаев екенін білдім. Оның ұрғанынан қашамын деп, сол жердегі темірге құлап, денсаулығыма залал келтіріп алдым» дейді жәбірленуші Юлия Грешова.

Үйіне жеткен келіншек дереу учаскелік полицейге хабарласады. Бірақ полиция қарапайым тұрғынның «Құрметті азаматқа» қарсы арызын қабылдағылары келмепті. Жәбірленуші бәрібір арызын полицияға жазып тастап кеткен. Бірақ іс ілгері баспай қояды. Бұған әбден ашынған ана прокуратураға хабар берген соң ғана полиция істі қаттап сотқа жолдаған.

«Менің арызым бірнеше апта бойы еш қараусыз жатты. Мерекеден кейін шағымымды құзырлы органдарға білдірдім. Күні кеше сот процесі басталуы керек болатын. Бірақ жауап беруші Жәдігер Орақбаев келген жоқ. Есесіне, оның қорғаушысы сот процесіне қатысты. Жауапкер денсаулығына байланысты келе алмайды екен. Қаламыздың «Құрметті азаматы» тіпті сотқа онлайн қатысуға да құлық білдірмей отыр. Осыдан-ақ оның қарапайым адамдарға деген қарым-қатынасын білуге болады» дейді Юлия Грешова.

Марқұм Аида Абдулланың туыстары сияқты, Юлия Грешова да өзіне және ұлына психологиялық қысым жасаған азаматтың заң алдында жауап бергенін қалайды, беделді азамат «мықты байланыстарын» пайдаланып жауап беруден жалтарып кетеді ме деп қорқатынын жасырмайды.

«Жәдігер Орақбаевқа қатысты іс Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында бұзақылық дерегі бойынша қаралуда. Істі судья Олжас Әбдукаликов жүргізеді. Қазір жауап беруші облыстық медициналық орталығында ем алып жатқандығын жеткізген. Сол себепті, процесс кейінге қалдырылуы мүмкін» депті Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

«Құрметті азаматтың» мына қылығы serke.org сайты жасаған Қызылордадағы қоғамдық мораль мен құқықтық ахуалдың әбден асқынып кеткені жөніндегі тұжырымдаманы тағы да дәлелдеп отыр. Бірақ өткен жылдың аяғында сайтта осы мәселеге қатысты жарияланған «Бердібек Сапарбаевтың әкесін ұлықтау ұлттық идеология ма?» және «Қызылорда: Саиданың ажалы, оқ тиген полицей және «Әкімнің «Лексусы» деген мақалаға Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Ержан Байтілес (2-суретте) күмән келтіріп, қатты шамданған болатын. «Халық қалаулысы» бола тұра ол аймақтағы әкімқаралар мен бай-манаптардың мүддесін күйттеп байбалам салып еді. Сонда «Оның неге жаны шығып бара жатыр?» деп таңданғанбыз. Сөйтсек, мұнда гәп бар екен. «Қызылорданың құрметті азаматы» деген атақты қалалық мәслихат береді. Жәдігер Орақбаевқа осындай атақты беруге депутат Ержан Байтілес те үлес қосты. Ол аймақта қалыптасқан күрделі ахуалды мойындап, жағдайды түзеуге атсалысудың орнына, халық мүддесін ойлаған баспасөздің өзін кінәлады. Оның бұл ісі «қорғанудың ең жақсы тәсілі – байбаламдап қарсы шабу» тактикасымен үйлесіп жатыр. Бірақ оның бұл әдісі жеңіске бастамайды. Мәслихат депутаттары, оның ішінде Ержан Байтілес те бар, «бұзақылық» бабы бойынша сотқа тартылған «үлгілі отағасы» Ж.Орақбаевқа қандай «қасиеті» үшін «Құрметті азамат» атағын бергені жөнінде халық алдында жауап беретін кез алыс емес.

serke.org