Қытайдан Таиланд арқылы қашқан қазақ Қалымбек Шағыман Өзбекстанда қалды. Кейбір мәлімет бойынша, оны АҚШ пен Германияның Өзбекстандағы елшілері қорғауына алған. Енді Қалымбек Шағыман Еуропаға немесе АҚШ-қа кетуі мүмкін.

Қалымбек Шағыман Шыңжаңда туып-өсіп, қытай ұлтының қызына үйленген, соңғы жылдары ішкі Қытайда тұрған. Айтуынша, Қытай билігінің қысымына ұшыраған ол демалыс жасап келемін деп жергілікті полициядан ҚХР паспортын сұрап алып Таиландқа келеді. Сол жерден Ташкентке ұшып шығып, Өзбекстан әуе компаниясының ұшағымен Алматыға жетеді. Осы кезде қытай билігі оның карточка есеп шотын бұғаттап тастапты. Алматы әуежайында ол транзиттік аймақтан шыға алмаған соң, оралмандар мәселесімен шұғылданатын «Атажұрт еріктілері» ұйымының бұрынғы басшысы Қыдырәлі Ораз бен «Тәуелсіз журналистер клубының» мүшесі Тоқтар Жақаш ақша жинап, сол қаржыға билет сатып алып, Қалымбек Шағыманды Ташкентке қайта ұшырған болатын. Мақсат – оны Ташкент арқылы Еуропаның бір еліне ұшырып жіберу еді. Бірақ Ташкентке жеткеннен кейін, Қалымбек Шағыманның тағдыры одан бетер қиындап, депортация қауіпі төнді, Қытайдың Өзбекстандағы елшісі әуежайға барып оған «басу» айтыпты.

Жағдай ушығып бара жатқан соң Қыдырәлі Ораз бен Тоқтар Жақаш қайтадан Қалымбек Шағыманға Ташкент-Алматы бағытындағы Эйр-Астана компаниясының ұшағына интернет арқылы билет сатып әперген. Жоспар бойынша, Қалымбек Шағыман бүгін (8 ақпан) сағат 16.45-те Алматыға қайта ұшып келіп, Қытай азаматтарының ешқандай рұқсатсыз Қазақстанда 72 сағат тұруына болатын мүмкіндік мерзімін пайдаланып, одан әрі Еуропаға ұшып кетуді қамдауы тиіс еді. Бірақ Қалымбек Шағыман Ташкенттен Алматыға ұшатын ұшаққа отырмапты. Жоғарыда айтқандай, оны АҚШ пен Германияның Өзбекстандағы елшілері қорғауына алыпты. Қалымбек Шағыман әзірге Ташкент қаласында уақытша аялдай тұрады.

serke.org