Қытайдан қашқан қазақ Қалымбек Шағыманның тағдырын Қытайдағы АҚШ елшілігі бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы елшілік өкілі Associated Press ақпарат агенттігіне айтқан. Қазір Қалымбек Шағыман Таиландтың астанасы Бангкок қаласының емханасында жатыр.

Қалымбек Шағыман Шыңжаңда туып-өсіп, қытай ұлтының қызына үйленген, бір баласы бар. Соңғы жылдары ішкі Қытайда тұрған. Айтуынша, Қытай билігінің қысымына ұшыраған ол демалыс жасап келемін деп жергілікті полициядан ҚХР паспортын алдап сұрап алып, 4 ақпанда Таиландқа келеді. Сол жерден Ташкентке ұшып шығып, Өзбекстан әуе компаниясының ұшағымен 6 ақпанда Алматыға жетеді. Бірақ Алматы әуежайында ол транзиттік аймағынан шыға алмайды. Оның үстіне қытай билігі оның карточка есеп шотын бұғаттап тастайды. Сол себепті ол Еуропаға қарай ұшып кете алмады.

Оралмандар мәселесімен шұғылданатын «Атажұрт еріктілері» ұйымының бұрынғы басшысы Қыдырәлі Ораз бен «Тәуелсіз журналистер клубының» мүшесі Тоқтар Жақаш ақша жинап, сол қаржыға билет сатып алып, Қалымбек Шағыманды Ташкентке қайта ұшырған болатын. Мақсат – оны Ташкент арқылы Еуропаның бір еліне ұшырып жіберу еді. Бірақ Ташкентке жеткеннен кейін, Қалымбек Шағыманның тағдыры одан бетер қиындап, депортация қаупі төнді.

Алматылық белсенділер Қалымбек Шағыманды Ташкенттен Алматыға қайта алдыру үшін, оған тағы да билет сатып әперген болатын. Бірақ ол Ташкент-Алматы бағытындағы ұшаққа мінбеді. Сондықтан оны Алматы арқылы Еуропаға бағыттау мүмкін болмай қалды.

Қалымбек Шағыман 7 ақпанда Ташкент әуежайынан әлеуметтік желіге видео жариялап, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтен өзін Қытайға бермеуін сұраған. Ол «Қытайға барсам, мені өлім жазасы күтіп тұр» деген еді. Соған қарсылық ретінде ол тамағына жарақат салып, өлмекке бейіл болды.

Қалымбек Шағыманның Ташкент әуежайының транзиттік аймағына болу мерзімі аяқталып келе жатқан соң, ол 9 ақпанда қайтадан Таиландтың қаласына ұшып кеткен болатын. Осы аралықта Қалымбек Шағыманның Қазақстанда тұратын әпке-бауырлары "Атажұрт еріктілері" ұйымының кеңсесіне келіп, етжақын туысын Қытайдың шеңгелінен арашалап қалуды халықаралық ұйымдардан өтініп сұрап, арнайы мәлімдеме жасады.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы жетекшілерінің бірі, қазір Германияда тұратын Өмірхан Алтынның айтуынша, Қалымбек Шағыман қазір Бангкок қаласында, ол БҰҰ-ның босқындар жөніндегі комиссиясының бақылауына алынды.

serke.org