Кеше кешке Бішкектің Октябрь аудандық соты әбілязовшіл белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты экстрадициялау туралы шешім шығарды. Бір-екі жылдан бері Бішкекте тұрып жатқан Тұңғышбаевқа қатысты Алматының Алмалы аудандық соты 3 мамыр күні «қылмыстық топтың қызметін қаржыландырды» және «экстремистік деп танылған ұйымның қызметіне қатысты» деген күдікпен қамау туралы сырттай шешім шығарған. Осыған орай, Қазақстан жағының өтініші бойынша 10 мамырда Қырғызстанның арнайы қызметі қамауға алған Мұратбек Тұңғышбаевты 24 мамырда Қырғызстанның Бас прокуратурасы Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім жасады. Белсендінің адвокаттары бұл шешімге наразылық білдіріп сотқа жүгінген. Бірақ, мәселені жан-жақты қараған Қырғызстан соты күдіктіні Қазақстан полициясынының қолына тапсыруды жөн санап отыр.

Кейбір мәліметтерде шетелде жатып алып, Қазақстандағы тұрақтылықты шайқағысы келетін Мұхтар Әбілязов үшін Қырғызстан маңызды плацдарм болып саналады. Кезінде ол Алматыдан қазақ жастарын Қырғызстанға шақыртып, оларға көтеріліс ұйымдастыруды үйрететін семинарлар өткізген. Біраз жыл бойы әбілязовшіл БАҚ-тың бір бөлігі Бішкекте жұмыс жасады. Қазақстанда экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) ұйымының жұмысын Әбілязов Бішкек арқылы қаржыландырып отыр деген болжам да айтылады. Бір-екі жыл бұрын Бішкекке көшіп барған Мұратбек Тұңғышбаев Мұхтар Әбілязовке сондай қызмет жасап жүрген. Сондықтан, оған Мұхтар Әбілязов БТА банктен жымқырып кеткен мол қаржының бір бөлігін жасырды немесе ұрлықы ақшаны заңдастырды деген айып та тағылуы мүмкін.

Өзін блогер санайтын Мұратбек Тұңғышбаевтың Мұхтар Әбілязовпен ауызжаласқанға дейінгі ісі де күмән мен күдікке толы. Ол 2000-шы жылдардың соңында құқық қорғаушы Ғалым Агелеуовпен бірге «Еркін интернет үшін» ұйымын құрып, шетелдегі мүдделі топтардан қаржы алып отырған. Грант түрінде ұйымға берілген қаржының біразын жөнсіз ысырап қылғаны да баспасөзде айтылған. Мысалы, Нидерланд Королдігі елшілігінің тарапынан ұйымға берілген 50 000 еуро ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ұйым бұл қаржыны қандай шаруға жұмсағаны жөніндегі есеп-қисап та жасамады.

Егер Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға кісендеп алып келсе, онда Қазақстандағы бірнеше белсендіге қатысты көп сұрақ туатыны анық. Сондықтан болса керек, құқық қорғаушы Ғалым Агелеуов Тұңғышбаев ұсталғанда Бішкекке бірнеше мәрте арнайы сапарлап барып, өзінің бұрынғы сыбайлас досын Қазақстанға экстрадицияламауына көп күш жұмсады. Ал нақты іс бойынша Қазақстанда тергеу жүрсе, онда Мұратбек Тұңғышбаев Мұхтар Әбілязовтің ғана емес, Ғалым Агелеуовтың бұрынғы күмәнді тірлігінің бетін ашады.

«S»