Прокурор Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың ісі бойынша айыптау актісін оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған сотта ерлі-зайыпты Храпуновтардын бөлек Қуандық Бексұлтанов, Алтай Қасымов, Яков Заяц, Абай Сапаров, Серик Есмұханов, Айяр Ильясов, Айнакүл Садықбаева, Абдул-Ғазиз Мұқашев, Абылайхан Қарымсақов, Ғабиден Қайымсұлтановтың істері қаралып жатыр.

«Храпунов өз мәртебесін пайдалана отырып өзі мен туысқандарының материалдық жағдайын жақсарту үшін жұбайы Лейла Храпуновамен өзара ымыраға келген», - деді прокурор.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушының айтуынша, экс-әкім қылмыстық топ құрған.

«Барынша пайда табу мақсатында Виктор мен Лейла Храпуновтар қылмыстық топ құрған. Ұйымдасқан топ құрамына Қуандық Бексұлтанов, Алтай Қасымов, Яков Заяц, Абай Сапаров, Серик Есмұханов, Айяр Ильясов, Айнакүл Садықбаева, Абдул-Ғазиз Мұқашев, Абылайхан Қарымсақов, Ғабиден Қайымсұлтановтар кірген. Олардың әрқайсысы жеке рөл атқарған. Ұйымдасқан қылмыстық топ негізінен бюджет қаржысын заңсыз жымқырумен, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері мен жылжымайтын мүліктерді жеке бастарына аударумен, пара алумен айналысқан. Аударылған қаржыны заңдастырып отырған», - деді ол.

Айыптау актісіне сәйкес, Храпуновтар қорғаудағы табиғат нысандарын, тарихи-мәдени нысандарды, су жағасындағы территорияларды меншіктеп алған.

«Храпунов жоспарға сәйкес өзінің қызметтік лауазымын пайдаланған. Қоластындағыларға, лауазымды тұлғаларға ықпал ете отырып, коммуналдық кәсіпорындардың, жекеменшік кәсіпорындардың басшыларына тапсырма беріп отырған. Бос жерлерді, коммуналдық меншіктегі нысандарды заңсыз иемденуге әкімдік актілерін шығарып, қол қойған. Храпунов өзіне тиесілі компаниялардың пайдасына шешім шығаруға ықпал етіп отырған. Ортақ пайдалану меншігіндегі жерлер заңсыз алынған. Жер учаскелері, балабақша ғимараттары мемлекеттік қажеттілік үшін деген желеумен жекеменшікке беріліп отырған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Бұл операциядан түскен ақша Ильяс пен Лейла Храпунованың жеке шоттары арқылы шетелдік банктерге аударылып отырған. Храпунов Швейцарияның Женева қаласында компаниялар тобын құрған.

Айта кету керек, Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ерлі-зайыпты Храпуновтарға қатысты іс қаралып жатыр.

Виктор мен Лейла Храпуновтардан өзге сотталушылар Қуандық Бексұлтанов, Алтай Қасымов, Яков Заяц, Абай Сапаров, Серик Есмұханов, Айяр Ильясов, Айнакүл Садықбаева, Абдул-Ғазиз Мұқашев, Абылайхан Қарымсақов, Ғабиден Қайымсұлтановтар сот алдында жауап бермек.

Виктор мен Лейла Храпуновтар, Айяр Ильясовқа сырттай қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған тұлғалардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алу шарасы таңдалды.