Кеше 2006 жылғы ақпанда қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісінің қазасына байланысты сотталған Ержан Өтембаев 62 жасында қайтыс болды. Ол Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, премьер-министрдің орынбасары, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары сияқты қызметтер атқарған. Сәрсенбаев және оның көмекшілерінің өліміне қатысты айыпталғанда ол Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі қызметін атқарып жүрген. Ол 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс беруші ретінде 20 жылға сотталған.

2013 жылы А.Сәрсенбаев пен оның көмекшілерінің өліміне қатысты қылмыстық істі қайта зерттеген Қазақстан Бас прокуратурасы «Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс беруші Рахат Әлиев» деп мәлімдеді. ҚР Бас прокуратурасы мен АҚШ-тың Федералды тергеу бюросының бірлесіп жүргізген зерттеуі бойынша, Рахат Әлиев бұл қылмысты ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаевтың көмегімен жүзеге асырған. Олар күрделі операцияны жоспарлап, А.Сәрсенбаев пен оның көмекшілерін Ибрагимовке өлтірткен. Ол оқиғаның дәл осылай болғанын мойындады, саясаткерді өлтіруге шын тапсырысты Өтембаев емес, Әлиев пен Мұсаев тапсырыс бергенін, соның ішінде, операцияны Мұсаев жеке бақылауына алғанын сотта растады. Ибрагимовтің сотқа берген куәлігінде Өтембаевтың сол кездегі жағдайдың құрбаны болғаны айтылды.

Қайта тергеу материалдарына қарап отырсақ, оқиға былай өрбіген: Бұрын күштік құрылымдарда жұмыс істеген Ибрагимов өзінің достарымен Алматы маңында жер телімдерін сатып бизнес жасап жүрген. Бұл бизнеске Ержан Өтембаевтың қатысы болған. Олар гектарлап жер алып, оны кейін телімдеп бөліп сатумен айналысқан. Өзара жақсы қатынаста болған Өтембаев пен Ибрагимов бір кездескенде ақтарылып әңгіме айтады. Өтембаев өзін «ішкіш» деп, Алтынбек Сәрсенбаевтың баспасөз арқылы масқаралағанына қатты ренжиді. Сөз арасында ол Ибрагимовтен Сәрсенбаевты сол сөзі үшін жазалап беруді де өтінеді. Екеуінің арасында болған әңгімені Ибрагимов Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа жеткізген. Бұрыннан Сәрсенбаевқа іші қарайып жүрген әлгі екеу қылмысты жоспарлайды. Нәтижесінде, Ержан Өтембаев кісі өлтіруге тапсырыс беруші болып шығады.

Қылмыстық іс қайта қаралғанмен Ержан Өтембаев ақталған жоқ. Себебі ол да Сәрсенбаевты ұрып-соғуға Ибрагимовке тапсырыс берген болатын. Сондықтан ол Сәрсенбаев пен оның көмекшілерінің қазасына кінәлі болып қалды. Дегенмен, қылмыстық істі қайта қарау Ержан Өтембаевтың жазасын біраз болса да жеңілдетті. Ол 2014 жылы жазасының қалған бөлігін шартты түрде өтеуге мүмкінідік алып, қамаудан босап шықты. Кеше ол қайтыс болды.

«S»