4 шілдеде Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты төрт тұрғынды - Г.Жаукерова, О.Шевчук, Ж.Демеуова және Аширалиевті қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Тергеу мәліметі бойынша, бұл төртеуі шетелде қашып жүрген Әбілязов басқаратын экстремистік ҚДТ қозғалысының жасырын мүшелері болып шықты. Олар 6 шілдеде заңсыз митингі ұйымдастыруға дайындық жасаған, жұртты жаппай ҚДТ-ны қолдап қала көшелеріне шеруге шығуға шақырған.

Төртеудің үшеуі Демеуова, Жаукерова және Шевчук бір ай бұрын полицияның күдігіне ілінген. Бірақ ол кезде күдіктілер елде экстремистік ұйым ретінде танылған ҚДТ-ға қатысы жоқтығын айтып, жазадан сытылып кеткен. Сондықтан сот оларды үйқамаққа алу туралы шешім шығарумен шектелген. Бірақ олар үйқамақ шартын бұзып өздерінің заңға қайшы әрекетін жалғастыра берген.

Полиция осы іске қатысты қайта тергеу жасап, күдіктілердің пәтеріне тінту жүргізді. Тексеру барысында күдіктілер 6 шілдеде митингі өткізуге бірлесіп дайындалғаны анықталды. Олардың үйінен әбілязовшіл ҚДТ-ның экстремистік мазмұндағы плакаттары мен үнпарақтары, түтін шығаратын түтікшелер, дауыс күшейткіш, аэрозоль баллондар, компьютерлер, байланыс құралдары табылған.

Сонымен қатар, тінту кезінде күдіктілердің үйінен көп мөлшерде ақша табылды. Тергеушілердің ойынша, бұл қаржыны 6 шілдеде митингі ұйымдастырып, жаппай тәртіпсіздік тудыру үшін пайдаланбақшы болған. Күдіктілердің кейбірі мұны ішінара мойындады. Күдіктілердің әрбірі 6 шілде күні қандай әрекет жасайтыны жөніндегі жоспарды пысықтап, өзара рөл бөлісіп, міндеттеме алған.

Осы айғақтарды дәлел ретінде көрсеткен полиция күдіктілердің үйқамақ шартын бұзғанын негіздеп, бұған дейін жасалған ескертуді құлаққа ілмеген оларды тергеу изоляторына қамап, қоғамнан оқшаулауды соттан сұрады. Сот полицияның өтінішін қанағаттандырды.

«S»