Былайғы жұртқа дінпаздығымен танылған діни ағымдардың жасырын уағызшылары арасында талас-тартыс басталды. Бұл даудың өршуіне «Асыл арна» діни-танымдық телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековтің аймақтарды аралап, студенттерге семинар-тренинг өткізуі себепші болды. Ол 23 қатар күні Павлодардағы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында "Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы" тақырыбында уағыз жасап, одан кейін Маңғыстауға бет алған. Бірақ оның бұл сапарына Алшын Бекбосынов қарсы шығып, маңғыстаулықтарға әлеуметтік желі арқылы үндеу тастады.

«Құрметті маңғыстаулықтар!!! Аймағымыздың бас жоғарғы оқу орыны Ш.Есенов университетінде 28 - қаңтар күні Мұхамеджан Тазабековтың семинар-тренингі өтетіні туралы хабардар боларсыздар! Осы жағдайда мені алаңдатып отырғаны М.Тазабеков мырзаның діни көз қарасымен оның бүгінге дейін араласып келген адамдары вахаббизім нағыз насихаттаушысы болғандығы. Ұстаздарының басым бөлігі діни басқарма тыңдауға, насихаттауға тиым салған адамдар болуы!!! М.Тазабеков мырзаның үстінен қоғам қайраткерлері мен теологтардыңда оң пікір айтпағандығы... Маңғыстау жұрты дәстүрлі дінге берік, ата - баба аруағын ардақтап, Пір Бекетіне сиынып отырған ел... Ал енді ертеңгі семинарда М.Тазабеков мырзаның сары майдан суырған қыл секілді майда тілін өзі дұрыс көретін вахаббизімдік көз қарасын жастарға насихаттауға пайдаланбасқа кім кепіл? Осы орайда Сіздерден сұрайтыным Обылыс тұрғындары болып осы семинар - тренингтің өтуіне қарсылық білдіріп Жастар барудан бас тартып, ата - аналар жіберуден бас тартуларыңыз!!! Оның үстіне ұлы даланың жеті қыры деп Маңғыстауға келіп ақыл айтатындай М.Тазабеков Қазақ халқының қай тарихымен өлкесін зерттеп бас қатырыпты? Ұлы даланың жеті қыры туралы семинарды неліктен теолог мамандар, өлке танушылар, тарихшылар, шежіре зерттеушілер өткізбейді! Бұл семинарды ұйымдастырушылардың мақсаты, діни көз қарасына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, Ш.Есенов университетінің әкімшілігі тексерілуі қажет деп білемін...» деді Алшын Бекбосынов.

Ол мұнымен тоқтап қалған жоқ, қауіп төніп келе жатқанын дабылдатып ескертіп жатыр. «Құрметті Есенов университетінің студенттері, жақында яғни 28-ші қаңтар да өтетін, Тазабеков Мұхамеджанның семинар тренингінен бас тартуларыңды сұраймыз, себебі астыртын ваххабизм идеологиясын таратушы, насихаттаушы адам, әдемі сөйлеп санаңды улайды, сақ болыңыздар. Ата–аналар сіздер де қаперге аларсыздар, балаларыңызды ваххабизм жолынан сақтаңыздар» деді ол.

Үндеу авторының өмірбаянына қарап отырсақ, мұнда гәп бар екен. Алшын Бекбосынов сопылықтың нақышбанд тариқатының Қазақстандағы пірі Құрбанәліге «қол берген» мүриді екен. Бұл діни сопылық ағымның семинар-тренинг деген әдемі сөздің аясында жасырын уағыз жүргізетін өз адамы – Омар Жәлелұлы бар. Ол өзін «қазақ руханиятының» білгірі санап, жұртқа «адами болмыс-бітімді, ар-абыройды сақтап қалудың» жолын нұсқап жүр.

Бекет атаға сиынатын, сопылық дүниетаным басым батыс облыстарға бұрын Исматулла тақсырдың «зікірші» сопыларының ықпалы күшті болатын. Бірақ олардың пірлері мен тақсырлары экстремизм бабы бойынша жеті-сегіз жылға соталып кетіп, «зікіршілердің» позициясы нашарлап қалған. Қазір Қазақстанның батысында Құрбанәлі пір діни монополия ұстайды деген әңгіме айтылады. Ол былтыр «Мұхаммед пайғамбардың сақалы» деп бір қылды көрсетіп, аймақтағы халықтың алдында бедел жинап алды. Осыдан кейін нақышбанды тариқаты «362 әулиелі» аймақты өздерінің уағыз жазығы санайды. Сондықтан «таза діншіл» Мұхамеджан Тазабековті Маңғыстауға жолатпауға бейіл.

Құрбанәлі пірдің нақышбанды мүридтерін «зікіршілер» де қолдайды. Анау бір жылғы сопылықтың екі ағымы арасындағы қырғи-қабақ тоңтеріс жағдай қазақ қоғамындағы сәләфилік көзқарас күшейген соң бәсеңсіген. Сондықтан тарысын торғайдан қорыған бағбанның әрекетіне саятын Алшын Бекбосыновтың айқайына «зікіршілер» де қосылып жатыр. Бұл сопылық ағымның қазіргі белді уағызшысы Санжар Керімбай да сары түспен қапталған сопылық сарындағы бірнеше кітап жазып тастаған. Ол да «362 әулиелі» Маңғыстауды өзінің негізгі аудиториясы санайды.

Берік Мыңжасар