Жамбыл облысының мамандандырылған қылмыстық істер бойынша сотында "ТұранӘлем банктің" басшысы Ержан Тәтішевтің қазасы бойынша өтіп жатқан сотта бизнесмен Мұратхан Тоқмади қатысты үкім шықты. Сот Мұратхан Тоқмадиді Ержан Тәтішевті тапсырыспен әдейі өлтірді деп айыптап, 10 жыл алты айға соттады.

Бұған дейін прокурор айыпталуышы Тоқмадиді "кісі өлтіру" бабы бойынша 11,5 жылға соттауды сұрап, бұған дейін кесілген 3 жылдық жазаны қоса есептей отырып, барлығы 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сот жарыссөзінде Тоқмадидің адвокаты оның қылмысты "өз өмірі мен жақын туыстарының өмірі үшін қауіптенгеннен" жасағанын, "кінәсін мойындап, тергеуге болысқанын" айтып, жазасын барынша жеңілдетуді сұраған. Ал Тоқмади тағылған айыптармен келісетінін, "кәмелетке толмаған балалары барын" ескеруді және процессуалдық келісім жасасқанын айтып, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.

Тараздағы сотқа қатысып жүріп, наурыз айының басында Тоқмади сырқаттанып қалғанын желеулетіп, ауыруханаға баруды сұраған. Сөйтіп, наурыздың 8-і күні кешке Мұратхан Тоқмади Жамбыл облыстық ауруханасыда күзетшілерді алдап, қашып кетіп, 5-6 сағаттан кейін қайта ұсталды. Осы және басқа да жағдайды есепке алған судья айыпталушыны он жырым жылға соттап отыр.

Былтырға дейін Ержан Тәтішевтің қазасы сол кезде жүргізілген ресми тергеу қорытындысы негізінде «аңшылық кезіндегі жазатайым оқиға» деп саналып келген. Ал былтыр жазда әуелі тұтқындалып, кейін бизнес-әріптесінен "ақша бопсалаған" және "заңсыз қару сақтаған" деген айыптар бойынша үш жылға сотталған соң түрмеде отырған Тоқмадидің осыдан 13 жыл бұрынғы "тапсырыспен адам өлтіру" қылмысын мойнына алған-ды. Оған 2004 жылы бұл тапсырысты Мұхтар Әбілязов беріпті.

Мұратхан Тоқмадидің Тәтішевті әдейі өлтіргені жөніндегі айыптауға негіз болған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың былтыр қамауға алынуы да өз әсерін тигізгенін байқауға болады. Ол және оның бірнеше сыбайласы қамауға алынған соң, көп өтпей-ақ Мұратхан Тоқмади де ұсталды. Себебі, тергеу кезінде Нартай Дүтбаевтың қашқын банкир Мұхтар Әбілязовпен тығыз байланыста болғаны анықталды. Сондықтан, Астана түрмесінде отырған Нартай Дүтбаев Таразда өтіп жатқан Тоқмадидің сотына бейнеконференция арқылы қатысып, куәлік берген болатын.

«2004 жылы бiз, оның iшiнде мен Мұхтар Әбілязовпен байланыста болдым. Әбілязов өз сөзiнде Ержан Тәтiшевпен банк активтерiне байланысты дау-дамай туындағанын айтты. Атап айтсам, ол Тәтiшев өзiне тиесiлi активтердi заңсыз иеленіп кеткенін айтты. Бұдан кейін Мүхтар Әбілязов Тәтiшев жөнінде ақпарат алуға көмектесудi өтiндi. Мен Тәтiшев телефонын бақылауға тапсырма бердiм. Осылайша, Тәтiшев әдеттерін, оның неге қызығатынын және жұмысы жайлы ақпарат алып отырдық. Бұл мәліметтер Мұхтар Әбілязовке жiберiлiп отырды. Мысалы, бiз Ержан Тәтiшевтiң балық аулау мен аңшылықпен айналысатынын бiлдiк. Оның Мұратхан Тоқмадимен бiрге аң аулайтынынан да хабардар болдық. Кейiннен осы мәлiметтi Әбілязовке бердiк» дедi Нартай Дүтбаев.

Нартай Дүтбаевтың сөзі 2004 жылдары ҰҚК Ақпарат жинау орталығының басшысы болған Олег Репниковтің бұған дейін берген куәлігімен дәлелін тапты. Ол сол кездегі Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің төрағасы Нартай Дүтбаевтың тапырмасымен Ержан Тәтiшев пен оның отбасына бақылау орнатылғанын, нақтыласақ, Тәтiшев пен бiрнеше адамның телефоны тыңдалған айтқан болатын. Ол бұл ақпаратты Дүтбаевтың жеке өзіне жеткізір отырған. Ал ол мұны әрі қарай Әбілязовке асырып жүріпті. Бірақ, Нартай Дүтбаев өзінің берген ақпаратын Әбілязов Тәтішевті өлтіру үшін пайдаға асыратынын білмеген...

«ТұранӘлемБанктің» бұрынғы төрағасы Ержан Тәтішевтің Мұратхан Тоқмадидің қолындағы мылтықтан өлгені факт. Бұл факті сол кезде адам өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің қозғалуына себеп болған. Бірақ, тергеп-тексеру кезінде Тәтішевтің өлімі «абайсызда адам өлтіру» деп тәпсірленіп, Мұратхан Тоқмади ауыр жазадан құтылып кеткен болатын. Егер сол кезде тергеу жан-жақты жасалғанда Е.Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген Мұхтар Әбілязовтің қылмысы баяғыда әшкере болушы еді. Бірақ, 2004-2005 жылдары Тәтішев өлімінің шындығы ашылмай қалуына сол кезде ҰҚК басқарып тұрған Нартай Дүтбаевтың ықпалы болған сияқты.

Сот процесі кезінде «ТұранӘлемБанкті» тартып алу мақсатында Ержан Тәтішевті өлтіру үшін Мұхтар Әбілязовтің өзіне 4 млн доллар ақша төлегенін Мұратхан Тоқмади мойындады.

«S»