Бүгін сағат 11-де Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы ғимаратының кеңсесінде көп балалы аналар мен әбілязовшілер арасында жанжал болды. Жанжалға баспасөз конференциясына қатысуға барған журналистер де тартылды.

Дау елде экстремистік саналатын әбілязовшіл ҚДТ ұйымына қатысы бар деп таяуда тергеу изоляторына қамауға алынған О.Шевчук, Г.Жәукерова және Ж.Демеуованың үстінен қозғалған іске қатысты баспасөз конференциясының алдында басталды. Осы кезде ғимаратқа бес-алты көпбалалы әйел келіп кірген. Олар О.Шевчук, Г.Жәукерова және Ж.Демеуованың көпбалалы және жалғызбасты аналардың атын жамылып, күмәнді саяси ойын салып жүргенін мәлімдеген. Және көпбалалы аналар проблемасын саясиландырудың қажет емес деген. Олардың ойынша, О.Шевчук және оның жақтастары «өзгенің қолымен от көсеп жатқан Әбілязовтің аяр әрекетін жүзеге асырып жатыр. Шындығында әбілязовшілердің көксегені тіпті басқа, олар Қазақстандағы көпбалалы аналар проблемасымен бас қатырмайды. Осы мәселені түсіндіру үшін көпбалалы аналар өздерін де баспасөз мәслихатына қатыстыруды өтінген. Олардың өтініштері қанағаттандырылмаған соң, дау басталып кетті. Алғашқыда сөзбен ілігісіп қалған екі топ қызды-қыздымен бір-біріне қол жұмсады. Ғимараттың ұзын дәлізі алыс-жұлыс пен боқтық сөз атқылаудың майданына ұласты.

Жанжал кезінде журналистердің құрал-сайманы бүлінді. Тіпті көпбалалы аналардың біріне әбілязовшіл топ ауыр соққы берді деген мәлімет бар. Қазір бұл жанжалдың шығу себебі мен салдарын полиция зерттеп жатыр.

«S»