Шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтің оппозицияшыл әрекетін қазақ қоғамы қолдамайды. Бұл оның Қазақстанда наразылық шеруін өткізбек болған соңғы екі әрекетінен анық байқалды. Әдетте ол шеру өткізуді көздейтін жоспарын елде болып жатқан қандай да бір айтулы оқиғаларға байланыстырып жасайтын. Бірақ оның Наурыз мерекесі күндері мен 2 сәуірге белгілеген шеруге шақыруы сәтсіздікке ұшырады. Неге?

Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін қасиетті мерекелердің бірі. Мұнда саясатқа орын жоқ. Кектемдегі бұл мейрам халықтың салт-дәстүрімен, жаңа күнге ұмтылған ниетімен орайласып жатыр. Осындай ниетпен мейрамды тойлауға шыққан халыққа әлдебір саяси мәселені орайластырып тықпалау қиын іс. Мұндай әрекет мейрамды саяси шоуға айналдырып жібергісі келетіндердің өзіне қарсылық туғызады және солай болды да: шетелде жатып Қазақстандағы халықты саяси кикілжіңге ұрындырмақ болған әбілязовшілердің әрекетінен түк шыққан жоқ.

Олардың 2 сәуірде алаңға шығу туралы әлеуметтік желі арқылы жасаған жалаң ұраны жұрттың қарсылығын, дәлірек айтсақ, жеккөрінішін туғызды. Себебі бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы арнайы қарарымен бекітілген бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні болатын. Аутизмнен зардап шеккендер арасында балалар үлесі жыл санап ұлғайып барады. Бұл кесел бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол баланың әлеуметтік ортамен қарым-қатынасын қиындатады. Баласы аутизмге ұшыраған ата-аналар бұл проблемаға жылына бір мәрте болса да, қоғамның назар аударғанын, өздерінің басындағы қиыншылықты қоғам болып бірлесіп бөліскенін қалайды. Бұл проблема Қазақстан үшін де өзекті. Аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні әбілязовшілердің саяси ұран көтеріп, шеруге шығуға шақыруы адамгершілікке жат қылық. Сондықтан олардың әрекеті аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарының ғана емес, бүкіл қоғамның ашу-ызасын туғызды. Аңдамай сөйлеп, шалыс қадам жасаған әбілязовшілер өздерінің адамгершілікке жат қате қылығы үшін кешірім де сұраған жоқ, ештеңе болмағандай бұл мәселені үнсіз жауып қоя салды.

Енді олар 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні жұртты шеруге шығуға шақырып жатыр. Мамыр айының бұл күні де саясатқа аса қатысы жоқ қарапайым жұрттың думандатып тойлайтын мейрамы. Сондықтан шетелде жатып алып, мерекенің шырқын бұзып, жұртты арандатуды көпшілік күнә санайды. Сондықтан әбілязовшілердің бұл әрекетінен де нәтитеже шықпайды. Осыны іштей түйсінген олар Қазақстан президенті лауазымына сайлау мерзімі жариялана сала қарсылық шеруін өткізетін жаңа датаны - 9 маусымды белгіледі. Олардың жоспары бойынша халық сайлау учаскелеріне барып, қалаған үміткеріне дауыс беруден бас тартып, алаңға шығып парламенттік республика құрылуын талап етуі тиіс. Бірақ бұл әрекеттің заңдық негіздемесі жоқ екені белгілі. Конституция бойынша Қазақстанда президенттік басқару жүйесі әзірге басым бағыттардың бірі болып қала береді. Парламенттік республика статусына өту үшін алдымен заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Бұл біршама уақытты қажет ететін созылмалы процесс және бұған дейін дайындық жұмыстары жүргізілуі қажет. Жағдайға осы тұрғыдан қарасақ, онда әбілязовшілердің парламенттік басқару жүйесіне көшу жөнінде талап етіп шеруге шақыруы негізі жоқ бос айқайшыл әрекет болып көрінеді. Оған еліте қоятындардың табылуы да неғайбыл.

Берік Мыңжасар