Бұған дейін serke.org сайтында «Маңғыстауда «зиялы» «зікіршілер» ылаң салып жүр» атты мақала жарияланып, онда маңғыстаулық ақын Светқали Нұржановтың өңірдің әдеби мұрасын бүлдіріп, өмірден әлдеқашан өтіп кетен жыршы-жыраулардың өлеңдеріне «зікіршілердің» діни ілімін (сот шешімімен экстремистік деп саналып, қызметіне тыйым салынған) тықпалап жүргені жөнінде айтылған. Сөйтсек, бұл былықтың бет жағы ғана екен. Әдеби мұраларды бүлдіру, тарихты шетін діни идеологияның жымысқы уағызына сәйкестендіріп қайта жазып шығу жоспарлы жүргізіліпті. Тіпті, мұндай қиямпұрыс іске Маңғыстау облысының әкімдігі де қаржы бөліп, қолдау жасап өз үлесін қосыпты.

2018 жылдың қорытындысы бойынша ақын Светқали Нұржановтың әйелі, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры, ф.ғ.д. Бибайша Нұрдәулетова «Үздік ғалым» атанды, марапат жоғарғы деңгейде табысталды. Сыйлық беріп, құттықтау алдында Б.Нұрдәулетованың ұзақ жылдар бойы филология ғылымына қосқан зор үлесі айтылды. Профессор «Барлық тілеулестеріме Алланың нұры жаусын! Ғайып Ирен Қырық Шілтен шылауларыңда жүрсін!» деп ризашылығын білдірді.

Шынында да, Бибайша Нұрдәулетованың өмірбаянына қарап отырсақ, ол Маңғыстау өңіріндегі жыршы-жыраулардың шығармашылығын зерттеп, профессор дәрежесіне дейін көтерілген ғалым екен. Сондықтан 2007 жылы «Мәдени Мұра» бағдарламасының аясында аймақтағы жыршы-жыраулардың өлеңдерін бір кітапқа топтастыру қажеттілігі туғанда өкімет «Көне күннің жыр күмбезі» атты жинаққа Б.Нұрдәулетованы жауапты етіп, ғылыми жобаның тізгінін соның қолына берген. Бірақ ол күйеуінің, дәлірек айтсақ, былайғы жұрт «зікіршілер» деп атайтын діни ағымның өңірдегі белді уағызшыларының бірі Светқали Нұржановтың ықпалында қалып қойыпты.

Б.Нұрдәулетова «Көне күннің жыр күмбезі» атты жинаққа кірген жырларға бас бұлғақтатып селкілдеп еліретін, еңкілдеп ыңыранып жылайтын «исматулла тариқатының «зікір салу» ұғымын сынамалап кіргізіп отырған. Тіпті ол жанынан сөз суырып, «Зікір айтып зарлаңдар! Құдайдан фазыл болмаса – Пендеден қандай қайран бар?!» деп үндеуге ұқсас тұтас шумақтарды тығып жіберді.

Әрине, халықтың әдеби мұрасын бүлдіруге жаны қас, ғылымды таза қолмен електеп екшейтін принципшіл әдебиетшілер Маңғыстау өңірінде жоқ емес. Әлдеқашан басылған мөрдей қағазға қатталған халқымыздың мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, дабыл қаққан азамат - Көпбосын Демесінұлы 2015 арнайы зерттеу жасап, өзінің «Адай тарихы немесе Ақиқат пен аңыз» атты кітабында профессор Бибайша Нұрдәулетованың «бүйректен сирақ шығарған», ғалым адамға жат қылығын әшкереледі. Бірақ әдебиет пен ғылымға зиянкестік жасап жүрген Бибайша Нұрдәулетова мен оның күйеуі Светқали Нұржановтың қылығына Ғылым және білім министрлігі де, Республикалық тіл және әдебиет институты да, Қазақстан Жазушылар одағы назар аударған жоқ. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған мәдени мұрасының өңін айналдырып, оны экстремистік деп танылған, тыйым салынған діни ұйымның жасырын уағызшыларының қолжаулығына айналдырғанына құқық қорғау органдары да көз жұмып қарап отыр.

Осындай өрескел әрекетке дер кезінде құқықтық баға берілмеуінің кесірінен Маңғыстау облысының қазіргі әкімі Ералы Тоқжанов «Мәдени Мұра», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» секілді республикалық бағдарламалар негізінде жасалуға тиіс аймақтағы іс-шаралардың тізгінін ерлі-зайыпты Нұрдәулетова-Нұржановтарға, «зікіршілікті» астыртын тықпалап жүретін шетін діни ағымның өкілдеріне ұстатып қойды. Мысалы, былтыр «Туған жер» жобасы бойынша өткізілген «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары кешенді экспедициясына» миллиондаған қаржы бөлінді. Бұл шаруаға да ғылым принциптерін бұза беретін, ғылымды «таза қолмен» емес, әлдебір діни ағымның уағызына лайықтап жасауға бейіл Нұрдәулетова, Нұржанов сияқтылар басшылық жасады.

Бұл істің қатпарын аршып, ақиқатын анықтауға да орасан зор күш жұмсауға тура келеді. Алдымен Светқали Нұржанов пен оның мүдделі жақтастарының облысты басқаруға келіп-кеткен әкімдерге қалай сес көрсеткені, өңірдің қазіргі басшысы Ералы Тоқжановқа қалай ықпал етіп отырғаны, «Жыл адамы», «Үздік ғалым» сияқты атақ пен сый-сияпатқа ие болғаны және басқа да «зікіршіліктің» құйтырқы әдістері келесі мақаланың жүгі болады.

(Жалғасы бар)

Ораз Әлімбеков