Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті «Қазақстан журналистер одағы» мен «Ұлттық баспасөз клубының» Алматыдағы ғимаратын аукцион арқылы сатайын деп жатыр.

Аукцион 2019 жылдың 4 қаңтар күні сағат 10.00-де басталады. ҚазТАГ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, аукцион электронды сауда нотасы түрінде өтеді. Оған қатысушы екі адам жөніндегі мәлімет мардымсыз. Екеудің бірі аукцион шартын қамтамасыз ету үшін, саудада бәсекенің болғанын көрсету үшін ғана қатысады. Ал қаланың қақ ортасындағы, Назарбаев көшесінің бойындағы екі қабатты ғимаратты аукционнан кейін нақты кім иеленетіні белгісіз болып тұр.

Бұрын маңдайшасына «Ұлттық баспасөз клубы» және «Қазақстан журналистер одағы» деп жазылған ғимарат - 2016 жылы одақ төрағасы Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ ақпарат агенттігінің жетекшісі Әсет Матаевты «қаржы жымқыру» және «салық төлеуден жалтару» бабы бойынша соттаған кезде тәркіленген мүлік.

Бұл ғимарат о баста екі қабатты болатын. Ғимарат 90-жылдардың соңында Сейітқазы Матаев басқаратын «Қазақстан журналистер одағына» берілген соң, оның үстіне тағы екі қабат қосылған. Үшінші және төртінші қабаттарды «Азаттық радиосы», «Общественная газета», ҚазТАГ ақпарат агенттігі мекен етті.

Әкелі-балалы Матаевтар ісі жүріп жатқан кезде Алматы қалалық сәулет-құрылыс басқармасы сотқа арызданып, ғимараттың жоғарғы екі қабаты заңсыз салынғанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде ғимараттың екі қабаты бұзылып шұнтитып тасталған еді. Бірақ қазір аукцион арқылы сатуға қойылған ғимарат төрт қабатты деп көрсетіліпті.

Сейітқазы Матаев – демократ мінезді, либерал көзқарастағы журналист.Ол ҚР Президентінің баспасөз хатшысы болған тұста биліктің қоғамға ашықтығын қамтамасыз ете білді, Қазақстандағы сөз бостандығына көп еңбек сіңірді. Оның ұзақ жылдар бойы «Қазақстан журналистер одағына» басшы болуының себебі де осында. Ол құрған «Ұлттық баспасөз клубы» саяси көзқарасына, діни наным-сеніміне, ұлттық ерекшеліктеріне қарамай барлық тараптарға мінберін ұсынды. Жиырма жылдай демократия мен сөз бостандығының ошағы болған «Қазақстан журналистер одағының» үйі әлдекімге сатылып бара жатқаны өкінішті...

Ораз Әлімбеков