Әлеуметтік желі арқылы аз ғана уақыт ішінде республикаға танылған «шымкентский» блогер Айгүл Орынбектің қоғамдағы белсенділігі шырқау шегіне шықты. Оның мұндай биіктен омақаса оңбай жығылуы, тіпті құзға құлап кетуі уақыттың еншісінде тұр. Тез танылып, мүдделі топтардың саяси тапсырысына басқалардан бұрын жетіп жегілгісі келген «шымкентский» блогер тым асықты. «Асыққан – шайтанның ісі». Мұндай кезде журналистиканы қалқалап әрекеттеніп жатқан қоғам белсендісіне аса қажет қауіпсіз тактика мен тиімді саяси технология ойластырып алу мүмкін емес. Оңтүстіктегі оқу орындарының бірінен заңгер мамандығын шала-пұла алып шыққан Айгүл Орынбектің кеудесін кернеп тұрған амбициясы ғана бар. Егер ол өз амбициясын қоғамдық жұмыспен байланыстырса, онда мықты адвокат болуға талмай ізденіп ұмтылар еді. Мамандығы бойынша мемлекеттің заң органдарында, коммерциялық алпауыт фирмаларда да карьера жасауына болады. Бірақ, бұған жетуге білім және интеллектуалды биік өре керек, талмай тәжірибе жинап, қызмет баспалдағымен сатылап өрлеу біршама уақытты қажет етеді. Мұның бәрі Айгул Орынбекте тапшы. Сондықтан ол көзсіз тәуекелге барып, авантюраға ұрынды. Гәп – осында.

Айгүл Орынбек тез танылып, мүдделі топтардың сұранысына жету жолында «құласаң – нардан құла» деген қазақы авантюраның саяси примитивті қарабайыр әдіс-айласын басшылыққа алды: өз саласында өресі биік маман, айтатын ойын анық әрі жүйелеп жеткізе алатын Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек, Ләйлә Сұлтанқызы, Баян Мақсатқызы (бұрынғы фамилиясы Есентаева), Геройхан Қыстаубаев сияқты қоғамда беделі бар тұлғалардың жағасына жармасты. Тізімде тұрған алғашқы екі қайраткерді деструктивті діни ағымдардың экстремистік әрекетіне жел беріп құтыртып отырған құпия уағызшылар деп сипаттады. Шоу-бизнес пен өнер саласының продюсері Баянды кино түсіруге бюджеттен бөлінген ақшаны жымқырды, коррупциялық әрекет жасады деп айыптады. Жер реформасына қатысты өз ұстанымын сараптамалық қорытындыға сүйеніп жасаған журналист Қыстаубаевты «халықты шатастыруды тоқтат» деп тыйып тастамаққа әрекеттенді.

«Шымкентский» блогердің тактикасындағы айту-жазу мәнеріне ерекше тоқтала кеткен жөн. Бірақ тіл ғылымы тұрғысында оның жазу-сызуындағы сауатсыздығын бұл жерде айтып жатпаймыз. Айгүл Орынбек шүйлігетін нысанасына қаратып базарда сауда жасап жүріп шая мінезге ұрынған, «ауызына ақ ит кіріп, көк ит шығатын» әйелдерге тән ыпылас сөздерді қолданады, ара-тұра боқауыз айтады. Сөзіміз дәлелді болу үшін оның әлеуметтік желідегі бірнеше жазбасынан үзінді келтірейік:

«...Фейсбук деген жақсы болды ғой, жасы келген қолы бос, құтырып, ышқынатын қатындарға! Байынан алалмай жүрген лəззатын, осындағы халыққа "у" қылып шашып отыратын!...»;

«Талғат аға, Геройхан аға!.. Бұлай ұлтшыл болмай-ақ қойыңыздаршы!.. Қатындардан еш айымаршылықтарыңыз жоқ! Қатын боласыздар!...»;

«...Ешқандай ағымға кірмей көтті қысып жүруге болмай ма?...»;

«...Баянның басынан "Бақыт" құсы ұшты... Таңдаған Тұрсыны Баянның күнде көтін ашып əлек! Қазақ болмаған соң , қазақ қыздарының ар-намысына пысқырғаны бар ма?.. Сұлулық символыны айналған Баяндарыңды жəйлап ел алдында шешіндіріп жатырмын демекші ме? Баян танымал болу үшін енді тек тырдай жалаңаш шешінуі қалды ма? Басқа амал қалмады ма айтшы Баян?... Бақытбек барда сен Баян едің, қазір сен шаянға айналдың!..»;

«Ой қара тышқан бойы бір тұтан болған, ішіңнің бəрі қара ниеттен өспей қалған сорлы Сандуғаш (...)! Менің қозыдай майланған құйрығымды əңгіме қылғанша, əр еркектен қалған өз көтіңнің былығна ие болсай. Байға тимеген дейсің бе? Байға тиген сен қарық болып жүрсің бе? Жəлеп тірі байың бола тұра отбасылы еркектерге жабысып, əр қайсымен бір жатып оларды суретке түсіріп шантаж жасап жүрген шірік ...»...

Журналистикамен қабаттас кетіп бара жатқан блогерлік кәсіпке бет бұрған Айгүл Орынбектің қарапайым этиканы былай ысырып қойып, заң шеңберінен аттап, аттандап кетуінің басты себебі, жоғарыда айтып кеткендей, оның сауатсыздығында жатыр. Ол Ләйлә мен Баян сияқты кино түсірген емес, Тілеухан мен Тазабектей дін мәселесінің ұңғыл-шұңғылын жетік білмейді, журналист Қыстаубаевтай кез-келген мәселені зерттеп, сараптай алмайды, тіпті кәнігі қоғам белсенділерінше саяси-идеологиялық сипатта жүйелі түрде дұрыстап ұрандай да алмайды. Мұндайға оның өресі жетпейді - IQ деңгейі өте төмен болуы кәдік. Сондықтан, Айгүл Орынбек өзінің осы кемшілігін жасыру үшін, ал «айтқанымның әсері күшті болып көрінсін» деп, сөзіне боқауыз сөздерді қосып, тарпа бассалатын шайпау блогер болып шыға келді. Оның жаман ойынша, қоғамға бұрыннан белгілі авторитеттерді сынап-мінеп тастаса, солармен теңескендей болып көрініп тез танылып шыға келмек. Солай болды да – қазір Айгүл Орынбек БАҚ бетінде «танымал блогер» атанып жүр. Рас, күрмек сияқты күріштің арқасында су ішуге болады. Бірақ «судың да сұрауы бар». «Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып» жүрген шайпау блогердің жағдайында «басқа пәле - тілден». Ол басқаларға тіл тигізгені үшін, айтқан әрбір қорлық сөзі үшін басымен жауап беретін күн таяп қалды. Жауапкершіліктің жазасы блогер ретінде тез танылып тапқан пайдасына бара-бар бола ма, болмай ма, әзірге оны екшеу уақыттың еншісінде тұр.

Айгүл Орынбек ныспысының алдына «заңгер» сөзін жалғап жүр. Дипломы бар екені рас шығар – оның қандай жағдайда алғанына тереңдеп жатпаймыз. Бірақ оның әлеуметтік желідегі жазбаларын оқып отырып, Конституциядан, соның негізінде қабылданған заңдардан, адам құқықтарынан хабардар екеніне күмәніміз бар. Бұған қатысты мысалды Айгүл Орынбектің Фейсбуктегі парақшасының аватарынан келтірейік. Ол «өзім туралы» (о себе) деген жерге «Қарапайым қазақтың жəне атасының қызы!» деп жазып қойыпты. «Халқым» деп бір ұлтқа (бұл жерде мемлекет ұғымында) қаратып немесе қазақтың атынан сөз айтуға өкілетті адамның ғана қақы бар. Ондай адам Қазақстан Республикасында біреу – бүкіл халықтың тікелей дауыс беруімен сайлаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қана. Оны «менің атам» деп атап, бүткіл халықтың өкілетін арқалаған Президентті әжуа араласқан қыжыртпа жазбаларға қыстыра беруге шайпау блогердің қақы жоқ. Десек те,

«Менің атамды жамандамаңдар!», «Атам ау! Аташкам менің! Бір апта болды əкімсіз отырмыз! Кімді жіберетініңізді білмей жатсыз ба? Бізге суға салса батпайтын, отқа жақса жанбайтын "Терминатор" əкім керек! Əлде өзім ұсыныс айтайын ба?..» деп «ескертеді» ол.

«Үкімет қазақ тілінде сайрап жатыр! Атам бұйрық берді, үкімет орындады ! Атамның барлық бұйрығын осылай орындаса ғой шіркін!», «Күлкіңнен айналдым атажан! Сенің күлкіңе қарап халқың тойып жүреді! Біраз көрінбей қалған едіңіз сағынып қалдым ғой» деп «тамсанады» Айгүл Орынбек.

«Министр Абаев əлі тексеріп жатыр екен! Адам өлтірген істі ашатын уақыт болды. Бірақ бұл бағдарламаның («Қалаулым» бағдарламасы –ред.) нүктесін əлі қоймаған!.. Атамнан приказ керек сияқты бұларға! Енді атамның атына шағым жазамын», «Маған қарсы шыққандарың, атама қарсы шыққандарың! Менің атам елді басқарып отырған патша!» деп доқ көрсететеді блогер.

«Ейййй жаным атам менің, аташкам менің көзің ашылып жатыр ма? Аяма бəрін! Сындыр бəрін, күшің жетпей жатса мені шақыр! Екеуміз қосылып айыыырып тастаймыз!» деп жазады бейпілауыз блогер. Бұл не? Президентті келеке қылып, «прикол» тастау ма, әлде біреудің тапсырысын орындап, саяси жымысқы әдіспен Назарбаевтың беделіне әдейі нұқсан келтіріп жатыр ма?!.

«Атың шықпаса, жер өрте» деген «стратегияға» жармасып алған Айгүл Орынбектің тез танымал болуына саяси мүдделі топтар мен діни шетін ағымдар да өз әсерін тигізді. Мылтық атылып, бомба жарылмайтын саяси һәм идеологиялық күресте де түрлі тәсіл қолданады. Қарсыласын жөнсіз айыптап, күйе жағып, мұның әсері мардымсыз болса, боқтап сыбап тастайтын бетпақтарды пайдаланып қалу арзан әрі әсер ету эффектісі тиімді әдіс саналып жүр. Мұнда бокстағы сияқты кіндіктен төмен соққы жасамауды талап етіп, қадағалап отыратын төрешінің болмауы мүделлі топтардың лас іспен шұғылдануына жол ашып тұр. Айгүл Орынбектің жазбаларын қарап отырсақ, ол «зікіршілер» деп аталатын сопылық ағым өкілдерінің қолжаулығы екенін көреміз. Шайпау блогердің исламдағы сәләфилік ағым мен сопылықтың нақышбанды тармағына қатты шүйлігуінің себебі де осында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) қарасты мешіттерде осындай көзқарастағы молдалар көп. Дін мәселесінен хабары жоқ «шымкентский» блогерді сәләфилер мен нақышпандыларға айдап салып отырған «зікіршілер» кейде Айгүл Орынбекке Фейсбукке жариялайтын жазбасын (пост) жазысып, видео сюжетін дайындап беріп жүр. Оған авторлық құқықты елемей қандай ұрлықы материалдарды пайдаланғанын айтып жатсақ, тақырыптан ауытқып кетеміз. Сондықтан, астарлы саяси мүдде көздеген «зікіршілердің» Айгүл Орынбекті қалай «косякқа» тығып жатқанын аз-маз сөз етейік.

Сәләфилік ағымға шабуылдау кезінде шайпау блогер басқа да кемсітулермен қатар «сәләфит иттер», «ит» деген сөзді жиі қолданады. Ал былайғы жұртқа «зікіршілер» деген атпен (олар өздерін яссауишілерміз дейді) белгілі сопылық сектаның лидерлері (пірлері мен тақсырлары) жеті-сегіз жыл бұрын экстремизм мен басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін ұзақ мерзімге сотталған. Оларға тағылған айыптардың ішінде «діни араздықты қоздыру» бабы да бар. «Зікіршілер» лидерлерін қорғаған адвокаттардың айтуынша, айыпталушылардың кейбіріне сәләфилерді «сәләфит иттер», «ит» деп баспасөзге жазғаны үшін де жаза мерзіміне жаза қосылған. Қазір Айгүл Орынбекті сәләфилерге қарсы шоқпар ретінде қолданын жатқан «зікіршілер» шайпау блогердің аузына «иттер» деген сөзді жиі салып қоятыны оңаза ойға жетелейді. «Жұлдыз блогер» болуға есіл-дертімен кеткен Айгүл Орынбек өзін «подставить» етіп жатқанын сөзбейді де. Себебі ол азаматтарға Конституцияда кепілдік берген наным-сенім бостандығы нормасынан тарамдайтын құқықтық мәселенің байыбына барып жатқан жоқ, оған білімі де, дегбірі де жетпейді. Мысалы, дінге қатысты сәләфилік көзқарасқа заңмен тыйым салынбаған. Ал осы көзқарасты ұстанып жүріп жауапкершілікке тартылып сотталғандар сәләфилік наным-сенімі үшін емес, шалыс басып, заң бұзғаны үшін, жасаған нақты қылмысы (ұрлық, адам, өлтіру, террорлық акт, қоғамда араздық, өшпенділік тудыру, бопсалау, біреуге жала жабу, т.б.) үшін қамауда отыр. Дәл осы сияқты «яссауишілердің» пірлері мен тақсырлары зікір салғаны немесе дінге қатысты сопылық көзқарасы үшін сотталған жоқ, олардың әрбірінің жасаған нақты қылмысы сотта дәлелін тапқан. Әрине, құқық саласындағы өте нәзік бұл мәселені «шымкентский» заңгердің түсіне қоюы неғайбыл. Себебі, Айгүл Орынбек мамандығы заңгер бола тұра, басқасы былай тұрсын, екі адамның арасындағы даулы мәселеде бір жағының ресми адвокаты болып сот процесіне ешқашан қатысқан емес. Бұл оның заңгер ретінде деңгейінің өлшемін анықтайтын индикатор сияқты болады да тұрады. Шайпау блогер Айгүл Орынбектің заң мәселесіндегі осалдығы оның қарабасына ғана қатер төндіріп тұрған жоқ, Жер кодексі, латын әліпбиіне өту, «цифрлы Қазақстан» және т.б. жобалардың имиджіне, соның насихатына бейпілауыз шайпау блогерді жалдаған әкімдіктер мен министрліктердің, Мұхтар Тайжан, Ерлан Қарин сияқты идеологиялық жоба жетекшілерінің халық алдындағы беделі мен абыройына нұқсан келтіреді. Қазірдің өзінде Айгүл Орынбекті қорлық сөз айтып тіл тигізу, жала жабу, лауазымды тұлғаның беделіне нұқсан келтіру, араздық тудыру және т.б. баптар бойынша жауапкершілікке тартуға болатын деректер қордаланып қалған сияқты. Өкінішке орай, мұның бәрі сот қарауына өтіп кетсе, онда «біздің Айгүл Орынбекке қатысымыз жоқ» деп ақталуына, қара бастарын одан арашалап алуына кеш болды. Соны ойлаған жан бар ма екен?..

Берік Мыңжасар