Бүгін Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлына «тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік жасады» деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге) айыппұл салды.

Серікжан Біләшұлының айтуынша, Медеу аудандық полициясының әкімшілік іс қозғауына «Жебеу» республикалық ұйымы сайтының редакторы Тұрдыбек Құрметханның жазған арызы себеп болған. Соның арызын тексеру үшін полиция «Атажұрт еріктілерінің» бірнеше жиынын, жиын алдында Серікжан Біләшұлының сөйлеп тұрған кезін видеоға жазып алып, іс материалына тіркеген. Бірақ Тұрдыбек Құрметхан бұл істен басын алып қашты. Ол «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «өзінің бұл іске қатысы жоқ екенін, Серікжан Біләштің кейбір әрекеттеріне байланысты ішкі істер министрлігі жазылған топтық арызға ғана қол қойғанын және сол арыз бойынша Алматы қалалық полиция департаментіне барып түсініктеме бергенін" айтыпты.

Сот тергеу кезінде Серікжан Біләшұлы «Атажұрт еріктілері» - Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың хал-ахуалына жаны ашитын ерікті адамдардың әлеуметтік желіде құрылған тобы, өзі осы топтың «админі» екенін айтты. Ал «Атажұрт еріктілері» тобының арнайы кеңсесі және тұрақты мекен-жайы» деп аталатын офис осы топқа мүше кәсіпкердің атына жалға алынған кеңсе» деп жауап берді.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Серікжан Біләшұлының айтуынша, «Атажұрт еріктілері» ұйымын Әділет министрлігіне тіркеу үшін екі-үш рет талпыныс болған. Бірақ «Атажұрт еріктілері» ұйымы белгісіз себептерге байланысты тіркемей қойған.

«Атажұрт еріктілері» сапында бұрын қызмет атқарған белсендінің айтуынша, «Атажұрт еріктілері» ұйымын құрушылар Әділет министрлігіне бір рет қана өтініш берген. Бірақ ұйым құрылтайшыларының тізіміндегі бір адамның Қытай халық республикасының азаматы екені анықталап, өтініш қанағаттандарылмаған. "Бұдан кейін «Атажұрт еріктілері» тіркеуге ұмтылған жоқ» дейді ол.

Серкіжан Біләшұлы сот қаулысымен келіспейтінін, 10 күн ішінде апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ал «Атажұрт еріктілері» ұйымын тіркеу мәселесі қолға алынады.

serke.org