«Мен Сәуле Әбілдаханқызын баяғы «Ақжүніс» бағдарламасын жүргізуші журналист ретінде ғана білетін едім. 2017 жылы Алматы қаласына көшіп келгелі, қоғамдық жиындарда сыртынан көріп жүргенім болмаса, өзімен жеке таныстығым да жоқ еді. Былтыр жалғыз ұлы дүниеден қайтқанда қайғысына ортақтасып, үйіне кіріп-шығып көңіл айтқанымда ғана өзімен жақын отырып жүздесіп, таныстық.

Содан көп ұзамай, Сәуле Қытайдан пана сұрап қашып келген Сайрагүл Сауытбай ісімен айналысып, қоғамдық ортада белсенді іс-әрекетке көшті. Осы жерде «Сайрагүл ісіне Сәуле қайдан келді?» деген сұраққа да жауап бере кетейін. Бұл іске Сәуленің өзі осыған дейін жазып отырғандай кенеттен келген ештемесі жоқ яғни, Сәуле бұл іске Серікжан Біләштің Қытай мәселесіне қатысты қоғамдық ортада резонанс тудырып, әлемжеліде шулатып жазып беруі үшін, (Сәуле айтып жүргеніндей тегін де емес, ақысына) көмек беруін өтініп шақырғанынан кейін келген болатын. Сайрагүл Сауытбай ең алғаш елге Қытай шекарасын бұзып өтіп келген бетте алдымен Серікжан Біләшқа смс жазып хабарласып, бірақ Серікжан оны (телефонына күніне нешеме смстер келіп жатқандықтан байқамадым деп түсіндірген) жауапсыз қалдырған екен. Кейін Сайрагүлді ҰҚК-і қамауға алып кеткенде, қайнысы Нұрболат Серікжанға қайта телефон шалып Сайрагүлдің қамауға алынғанын хабарлайды. Серікжан содан Сайрагүлдің қайнысы Нұрболатты Саяхат маңында Сайрагүл жайлы айтқызып, тікелей эфирге түсіріп, оны ағылшын тіліне аударып, желіге тез салып, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына жіберіп, шу көтеріп жібереді. Сонымен Сайрагүл Сауытбай ісі осылай басталып та кетеді...

Жалпы, бұл мәселе бойынша Серікжан Біләш сол уақытта маған да бірге жұмыс істеуімді сұрап, қытайдағы қазақ мәселесін көтеріп, посттар жазып отыруымды сұраған еді. Мен келіспедім. Келіспеген себебім, қазақ қоғамында басқа да күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер көп болғандықтан алдымен соларды шешіп қатырып алайықшы деген оймен: «Серікжан, біз алдымен Қытайдағы қазақтарды емес, қазақтың өз жеріндегі қазақтарды біздің биліктегі «қытайлардан» қорғап қатырып алайықшы» – деп ұсынысын кері қайтарған болатынмын. Тіпті, қабыл алсам да, тегін-ақ қызмет етер едім. Содан Серікжан Сайрагүл ісіне адвокат іздей бастағанда Ауыт Мұхитбекұлының нұсқауымен алдымен Абзал Құспанға шығады. Артынан осы Сәулені Абзалдың қасынан бір конференциядан кездестіріп маған хабарласып «Ася, Сәуле Әбілдахан деген журналистті танисың ба? Соны шақырып көрсем қалай екен?» деп менен сұрағанда мен, «Серікжан, осы істің нағыз маманы - осы Сәуле. Сәуле басқа-басқа, қоғамды мықтап көтере алатын және өзінің көптеген қолдаушылары қалыптасқан журналист» деп сипаттама бердім. Бәлкім, басты қателігім де осы шығар.

Сонымен, Сәуле Сайрагүл ісіне «Ата жұрт» еріктілер ұйымы атынан 150 000 теңге айлыққа келісіп, жұмысқа кірісіп те кетеді. Осы орайда тоқтала кетейін, Сәуленің өзі айтып, жазып жүргендей, Сайрагүл ісіне ешқандай ТЕГІН қызмет көрсеткен жоқ! Сәуле осылай дей отырып, елді тағы да алдап отыр! Бұл қызметі үшін Атажұрттан 150 000 теңге айлық алып отырды. Одан өзге Серікжан Біләш Сәулеге жеке қалтасынан 150 000 теңге және парақшасына салып, шулатып, жазып отырған әр постына 10 000 теңгеден беріп отырғанын мен жақсы білемін.

Әрине, «жалған ұлтшылдығыма ақы алып отырдым» деген сөзді кім айта қойсын?! Сайрагүл ісінің соңы қоюланып, шұбатылып жүргенде Серікжан Біләштың үстінен арыз-шағымдар түсіп, ол қамауға алынды. Серікжанның үстінен жазылған «17-нің арызын» бастаған, басы қасында-жүрген де осы Сәуле болды. Бұл жерде олардың неге таласып, нені бөлісе алмай қалғанын талдап жатпайын, айтайын дегенім, Сәуле екеуіміздің арамыздың шиеленісуі осы Серікжан ісіне қатысты болса керек. Себебі, мен Серікжанды қолдаушы, ол қаралаушы тарапта болып, екеуара "сыйластық" ақырын орын алып жатты. 29 наурызда Геройхан деген қоғам белсендісі «Серікжанды қорғаушы, Абзалды қаралаушы әйел, ол – бақытсыз әйел» деген сарында не мән жоқ, не мағына жоқ, не көсемдігі, не көркемдігі жоқ тек өсек-аяңға құралған менің атыма бағытталған пост та салды. Сол посттың астында Сәуле келіп, мені негізсіз қаралап жатты, қарғап та жатты. Өкпесі – Серікжанды жақтаушы екенмін. Ең қызығы, Сәуле менің де жекеме «Ася сен аурусың! Сені емдеу керек! Сен елден ақша жинаған алаяқсың! Ескертемін, сен менің жолымда көзіме көрінбе, әйтпесе, бармақ шайнап қаласың!» деген хабарлама да жазып жіберді. Осы арада "алаяқсың" деп жала жапқаны үшін сотқа жүгініп жүруді өзіме ар санадым.

Енді, мына қызықты қарасаңызшы! Сол Сәулемен жақында Парижде кездестік. Таңғы асқа түссем, ресторанда қасына ерткен бір қызбен отыр екен. Барып «Сәуле екеумізді Алматының аспанында кездестірмей, бұл Құдай Париж аспанында кездестірген екен. Маған «бармағыңды шайнатамын» деп доқ көрсетіп едің, енді алдыңда тұрмын, кел, кім кімге бармақ шайнататынын көрейік! Сенің қандай ұлтшыл екеніңді мен білемін. Саясат сенің не теңің? Бар білетінің өсек-аяң! Өтірік ұлтшыл болмай, сол отбасы, ошақ қасының айналасындағы өсек-аяңыңмен жайыңа жүрсеңші!» дегенімде, «сен Абзал Құспан, Құрал Медеуов, Геройхандарға тиіспей жүрсең, мен де тыныш жүремін» деп өзінің "қорғаушы" қызметін атқарып жүргенінен хабар берді.

Енді Сәуленің қазіргі айналысып жүрген «Ақжүніс» атты аналар қоғамдық қозғалысының ісіне тоқталайын. Ақпан айында орын алған Астана қаласындағы 5 баланың өлімінен кейін белсене кіріскен осы ісі барысында Сәуленің чаттарында мен де болдым, кейін шығып кеттім. Ондағы ойым, оның тағы да белсене кіріскен осы «ұлтшылдығының» барысын көрейін деген қызығушылық болды. Сондағы көзім жеткені, ол жерде ешқандай конструктивті әңгіме болған жоқ. Қып-қызыл ұрыс-керіс, әлдекімдерге күшене доқ көрсету, айқай-шу болып жатты. Сәуле әдеттегідей бас-аяғы жоқ елдің бәріне сұс көрсетіп, жеке басына тиісіп, қырғидай қырып салып отырды. Қызық ештеңе жоқ, бітіріп жатқан ешбір ісі жоқ, нәтижесіз бос ырду-дырду екен. Шығып кеттім. Бүгін оның тікелей эфирін қарағанымда, Аргинова Гүлдана Өтегенқызының «С.Ә. мені кемсітті, ар-намысыма кір келтірді» деген арызын көріп, мен Сәуленің ой-өрісі мен мінез-құлқын білгендіктен, оған түк те таң қалған жоқпын. Өйткені, Сәуленің барлық ісі сол ғана: қаралау, өсектеу, қарғап-сілеу.

Ойдан ой туады. 2017 жылы жер мәселесі қатты ушығып, Атырау, Ақтөбе, Орал секілді қала тұрғындары жаппай қарсылық шеруіне шығып жатты. Сол кезде аяқ астынан Оғыз Доған деген пайда бола кетіп, «қазақ тілі, ойбай, шетқақпай көрді» деп, «Эйр Астана» компаниясын сотқа берді. «Жер» деп ширығып отырған елдің назары дереу екінші планға ысырылды. Қарап отырсақ, мұның бәрі кездейсоқ емес. Оғыз Доғанды алдын-ала осындай іске дайындап, қоғамның назарын бұрып әкетуді билікпен бірге ойластырған Абзал Құспанның халықпен әдеттегі ойыны секілді. Егер, осы ойым рас болса, Абзалдың билік пен бұқара, бұқара мен шет елдегі оппозиция өкілдерімен қаншалықты ойын ойнап отырғанын байқауға болады. Париждегі конференцияда Сәуле: «менің чатымда 70 000 әйел бар. Олар мені тыңдайды, олар дайын отыр. Оларға мен шық десем, шығады, шықпа десем шықпайды. Бәрі де дайын отыр» деп өзін бір сол 70 000 әйелдің көсеміндей көсіліп еді. Сол конференцияда сөз алған Абзал Құспан бізден де ұялмай-қызармай, Бергей Рысқалиев пен Әкежан Қажыгелдинге өзінің мүмкін болса бір ұйым не партия ашуға дайын екенін, оған өзін қолдайтын адамдары да бар екенін айтып жатты. Сол жерде Абзал «Сәуленің соңындағы 70 мың әйел, Ұларбек Дәлейдің еліне еткен "елеулі еңбегінің" көптігі және Мәди Манатбектің Назарбаевтың күйеубаласы Т.Кулебаевпен тайсалмай соттасып жүргенін олардың ә дегеннен бір ұйым ашуға дайын екендігі» жайында ойын жайып салды. Сонда, Абзал – Сәулесі бар, Айгүл Орынбегі бар, "ақшам жоқ еді, ішкен асымның ақшасын төлеп кетші" деп жүретін Ұларбек Дәлейі бар, маңайындағы адамдардың бәрін өзінің ұзақмерзімді жобасына (партияға) айналдыруды мақсат етіп жүрген болып шықпай ма?!

Айтайын дегенім, қазіргі оқиғаның соңында биліктің еш қатысы жоқ. «Билік тұруы мүмкін» дейтіндей билікке Сәуле меніңше аса қауіпті емес. Билік қайта Алматының әйелдерін Астананың әйелдеріндей шулатып, әкімшіліктің алдына шығартпай, әкімдердің алдына апармай ұстап отырғаны үшін Сәулеге разы шығар. Бұған сол тағы да Париждегі конференцияда Абзал Құспанның «Сәулеге жоғарыдан күнде звондайды, «ойбай, Сәуле аналарды тоқтата тұр, шығармай тұр» деп жиі хабарласады. Президент әкімшілігіндегі Ішкі саясаттың басшылары жиі телефон соғады, Аида Балаева да күнде телефон соғады, одан да басқалар Сәуледен қорқады» деген сөзі дәлел. Егер, Сәуле расымен әйелдерді алдап, ақша алса – қайтарсын! Ол әйелдер де жетіскендіктен қаңғып жүрген жоқ болар?! Біреудің обалына, көз жасына қалмағаны абзал... Ал, ақ болса, аққа Құдай да жақ!

Бізде қазір тағы да мынадай нәрсе бар, алаяқтар жасаған алаяқтықтарын, ұрылар ұрлығын бүркемелеу үшін, бірдеңе болса «жүйеге қарсы шыққаннан биліктің маған жасаған провокациясы» деп өздерін өтірік ұлтшыл етіп көрсетіп, өздерін арашалап алуға күш салып жатады. Оның бірі Киевке қашқан Жанна Ахметова.

Осы сияқты жалғанұлтшылдар осындай жолдармен халықты да адастырады. Алаяқтың бәрін ақтап ала беруіміз шарт па, халайық, қалай ойлайсыздар?!

Әрине, өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын қазақпыз, Сәулеге деген менің жеке кегім жоқ, және оны табалап та отырғаным жоқ. Бірақ көп асқанға - бір тосқан деген де бар, аспандап кетсе өз айыбы, өз екпінінің зардабын көрер. Бәрінің де қайтарымы бар емес пе?!

Осы жерде тағы да бір жайт - «Қосановты қолдағаны үшін Сәулеге билік қысым көрсетіп жатыр» деп шулап жатқандар да бар. Ол да қате тұжырым. ҚР Президенттігіне үміткерді насихаттап, үгіт-насихат жүргізсе, ол үшін ешкімді сотқа тартпайды, ешкім оған жауапты болмайды. Аққа құдай жақ дейді, ақ болсын, ақ болса Құдай да, халық та бәрі жақ болады. Тек өз ары ақ болсын деп тілейік....

«Табаны таза адам төр былғамас» деген сөз бар. Егер Сәуленің ұлтжандылығы, халқын сүйетіні рас болса, ары таза болса, жеке басының бұл ісін, болып жатқан жайды «менің ұлтшылдығыма келген қарсылық, белсенділігімді басу үшін биліктің жасаған әрекеті» деп елді шатастырмай, өз басының жеке ісі екенін, өз тілінен келген зияны екенін халыққа әлі де түсіндірер деп сенемін».

Ася Асеткиина

(Мақала автордың Фейсбуктегі парақшасынан қысқартып алынды)