Бір кездері «Қазақстан» ұлттық арнасында «Ақжүніс» этнографиялық хабарын жүргізіп елге танылған Сәуле Әбединова қазір байыз таппай, әр нәрсеге ұрынып, далбасалап кетті. Ол сол бір жылдардағыдай үнемі жұрттың назарында болғысы келеді. Өзіне ұлтшылдық сипат бергісі келіп «Әбединова» деген ныспысын жазғысы келмеген ол соңғы кезде өзін «Әбілдаханқызы» деп атайды. Түрлі сасяи-әлеуметтік шараларға араласып, бір қауымның лидері болып алуға ұмтылып бәйек болып жүр. Бірақ одан нәтиже шығар емес. Себебі Сәуле Әбединова қоғамдағы процестерге ауқымды қарай алатын тұлға болып қалыптаспады, өзіндік идеясы, анық мақсаты болмады. Ол осы күнге дейін үнемі әлдебір мүдделі күштердің қолжаулығы қызметін атқарып келді. Осы нәрсе оның жан-дүниесіне психологиялық тап болып бедерін қалдырып кеткен сияқты.

2000-шы жылдардың ортасында ауған қазағы Исматулла Әбдіғаппардың басшылығымен «зікіршілер» деп аталатын шетін діни-идеологиялық ағым Қазақстанда қанат жайғанын білеміз. «Қазақстан» ұлттық арнасына орнығып алған «зікіршілерге» өздерінің уағызын насихаттайтын, бейпілауыз әрі еш нәрседен қымсынбайтын, айтқанға көніп, айдаумен жүретін адамдар қажет болды. Сол кезде олар тұрмыс тауқыметін тартып қиналып жүрген Сәуле Әбединованы «Ақжүніс» хабарын жүргізуге шақырған. Хабардың аты айтып тұрғандай, «Ақжүністе» әйелдер проблемасы салт-дәстүрмен байланыстыра талқылану керек еді. Бірақ телеарна саясатын толық қадағалауына алған сопылық ағым лидерлері «Ақжүніс» хабарын да, хабар жүргізушісін де «зікіршілікті» насихаттауға мәжбүрлеп жекті. Шетін діни ағымның насихатының екпінді жүргізілгені соншалық, келе-келе Сәуле Әбединова да Исматулла тақсырға жан-тәнімен берілген мүрид болып шыға келді.

«Зікіршілердің» мысықтабандап саяси билікті басып алмақ болған пиғылы әшкере болып мемлекеттік телеарнадан қуылғанда да, сопылық ағым сот шешімімен экстремистік деп танылып, лидерлері ұзақ мерзімге сотталғанда да Сәуле Әбединова соларды қорғаштап біраз арпалысты. Ақты ақ, қараны қара деп атай алмайтын, діни идеологияның жетегіне еріп кете беретін еріксіз адамды бұдан кейін телеарнаға маңайлатпайтыны белгілі. Сондықтан Сәуле Әбединова «Астана-Ақжүніс» журналын ашқан болатын. Бірақ одан нәтиже шықпады. Бұрын үнемі оған қолдау білдіріп, қаржылай көмек қолын созып келген «зікіршілер» бет-бетімен бытырап, әркім өз бетінше бассауғалап кеткен-ді. Көп ұзамай журнал да жабылды. Дегенмен, «зікіршілердің» жасап берген «Ақжүніс» жобасының атауынан Сәуле Әбединова айырылғысы келмей жүр. Осы атауды ол кез-келген жерге тықпалап, саудалауға бейімделіп алды.

Қазақ қоғамында қытай қазақтарының проблемасы туындағанда ол шекара бұзып Қазақстанға қашып келген Сайрагүл Сауытбайдың мәселесіне араласқаны бар. Әрине, Сәуле Әбединова мұндай істерді қоғамдық негізде, тегін атқармайтыны белгілі. Оралмандар ісімен шұғылданатын «Атажұрт еріктілері» ұйымы лидерлерінің бірі Қыдырәлі Ораздың баспасөзге берген сұхбатына қарасақ, Сәуле Әбединова өзінің «Ақжүніс» атауымен «халық арасында ең беделді тұлға» екенін бұлдап, Сауытбай ісімен шұғылдану үшін кемі 250 мың теңге айлық және мініп жүретін қызметтік көлік сұраған. Оның сөзіне сеніп қалған оралмандар ұйымы қинала-қинала ай сайын 150 мың теңге ғана бере алды. Бірақ Сәуле Әбединова айлық алып отырса да, міндетіне салдым-бардым қарап, шаруаны маңдытпады, ораламандардың сенімін ақтамады. Тіпті, шешуші сәтте Сайрагүл Сауытбайды «лақтырып», тағдыр тәлкегіне тастап кеткені былай тұрсын, оған өшігіп, әлеуметтік желіде «аузына ақ ит кріп, көк ит шығып», әдепсіз сөздер мен қарғап-сілеуді күшейтті. Осыдан кейін Қытайдан көшіп келген қазақтар «Ақжүніспен» байланыс жасағанына бармағын тістеп қатты өкініп жүр...

Қоғамда әлеуметтік жағдайы нашар топтар мен көпбалалы аналар мәселесі көтерілгенде де Сәуле Әбединова оған жолай қосылып, атойлап шыға келді. Ол тағы «Ақжүніс» атауымен әлеуметтік желілерде топтар құрып алыпты. Әрине, мұның бәрі қоғамдағы өзекті мәселеге бейжай қарамаушылықтан немесе көпбалалы аналарға деген жанашырлықтан туындап жатқан жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Ақжүніс» бұл әлеуметтік мәселені алдыға тартып, әкімдіктердің ішікі саясат басқармасымен саяси саудаға салып жатыр. Ол «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін», ешқандай жауапкершілігі жоқ қызмет немесе телеарналардан журналистік жоба алғысы келеді. «Ақжүністің» мұндай ұмтылысын айыптай алмаймыз. Себебі аяғын алшаң басып әбден жаман әдет алып кеткен Сәуле Әбединоваға да көп қаражат керек. Бірақ әкімдіктер көпбалалы аналардың проблемасын шешудің жолы Әбединоваға тіреліп тұрмағанын жақсы біледі. «Ақжүністің» жеке бас сұранысын қанағаттандырғанмен, қоғамдағы проблема сол күйінше қалады. Бұдан гөрі кешенді әлеуметтік бағдарламалар жасап, проблеманы кешенді шешудің жолдарын қарастыру қажет. Осы бағыт бойынша үкімет те, жергілікті әкімдіктер де жұмыс жасап жатыр.

Асқарәлі Бектеміс