Кеше Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросының дәлізінде көпбалалы әйелді ұрған Мұрат Пірмағамбетов кешірім сұрады. "Өзіме сырттан қарадым. Бұлай болмауы керек, мен әйелге қол көтердім. Сол ісім үшін өкінемін. Менің әрекетімнен, ұстамсыздығымнан зардап шеккен әйелдерден кешірім сұраймын. Бәріңізден кешірім сұраймын", - деді ол.

Белгілі болғандай, Мұрат Пірмағамбетов елде тыйым салынған әбілязовшіл ҚДТ ұйымының мүшесі екен. Ол бұған дейін де Әбілязовтің айтақтауымен Алматыдағы түрлі митингілерге қатысып жүрген.

Кешегі жанжал Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында басталған. Мұнда көпбалалы және жалғызбасты аналар проблемасын талқылайтын баспасөз конференциясы өтпек болды. Осы жиынға шақыру әлеуметтік желі арқылы тараған. Осыны естіген бірнеше әйел жиын өтетін жерге келеді. Бірақ жиын ұйымдастырушылар әйелдерді коференцияға қатыстырудан бас тартқан соң, жанжал басталып кеткен. Сонда жүрген әбілязовшілер мен көпбалалы аналар арасында төбелес болды. Осы жанжал кезінде Мұрат Пірмағамбетов бір-екі әйелге ауыр соққы жасап, ұрып тастаған болатын.

Жанжалға қатысқан әйелдер оқиғаны дәл осылай өрбитінін білмеген. Олар баспасөз мәслихатына ҚДТ чатындағы хабарламаны көріп келгендерін айтады. "Бәрі жаман аяқталды. Бірақ біз араңдатпадық. Егер зиян келтірсек, журналистер алдында кешірім сұрағымыз келеді. Біз өзіміз бастамадық, бізді итермеледі. Біз төбелес болады деп ойламадық. Ол жақта аналарды қатты араңдатты, сондықтан олар төбелес шығарды", - деді олар.

Жанжалдан кейін бес адам полицияға арыз жазған. Сондай-ақ үш адам "іс-шара ұйымдастырушылары мен журналистер дене жарақаттарын келтіргенін" айтып арызданған. Қазір зардап шеккендерге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды, полиция мән-жайды тексеріп жатыр.