Қазақстанда оншақты адамның ақшасын қарызға алып бермей кеткен алаяқтығы үшін сотты болып, сол жауакершіліктен қашып Украинаға барып жасырынған Жанна Бота (Жанара Ахметова) (1-суретте) онда да жаман әдетінен жаңылған жоқ. Ол Украинада екі журналисті -Ольга Курносова мен Ольга Сапронованы (2,3- суртетте) жұмысқа жегіп, есеп айырысар кезде уәдесінде тұрмағаны былай тұрсын, екі еркекті жалдап, олардың өміріне қауіп төндіретін қоқан-лоққы жасатқан. Қазір жәбірленушілер Украинаның арнаулы қызметі мен полициясына арызданып, өздерін Жанна Ботадан қорғап қалуын өтінді.

Соңғы кезде өзін «блогермін», кейде «журналистпін» деп атап жүрген Жанна Бота Қазақстанда алаяқтығы үшін сотталған. Бірақ, жас баласының кәмелет жасқа толмауына байланысты сот үкімін орындау кейінге қалдырылды. Осы аралықта ол алдап кеткен тағы бірнеше адам табылып, олар полицияға арызданған. Түрмеге қамалу қаупін сөзген Жанна Бота баласын ертіп 2017 жылы Бішкек арқылы Украинаға қашып кетті. Қазақстанда өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі, осы іске қатысты шығарылған сот шешімін саяси тапсырыспен жасалып отырғанын айтып, саяси баспана сұраған. Оның бұл уәжіне Украинада құқық қорғау ұйымдары мен саясаткерлер елітіп қалған сияқты. Себебі, ол қоғамдық пікірді манипуляциялаудың қас шебері. Оның кәнігі алаяқтарға тән қасиеті Еуропада қашып жүрген банкир Мұхтар Әбілязовпен ымыраласуға жол ашты. Қазір ол – Әбілязов сенім артып отырған Украинадағы жалғыз адам. Жанна Ботаның бықсық интригасының кесірінен Украинада тұратын қазақтар – Айдос Садықов пен Ермек Нарымбаевтың Әбілязовпен жақсы қарым-қатынасы бұзылды. Сондықтан болса керек, кейбір сарапшылар Жанна Ботаны қашқын банкир Әбілязовтің «оң қолы» санайды.

Мұхтар Әбілязовтің Қазақстан аудиториясына арнап әлеуметтік роликтер жасап жатқаны белгілі. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, қазақстандықтарды митингіге, басқа да наразылық акцияларына шақыратын роликтерді Әбілязов Украинада жасайды. Соңғы мәліметтерде әлеуметтік роликтерді дайындауға Жанна Бота басшылық жасап жүргені анық болып отыр. Өзін журналист санағанмен, Жанна Ботаның роликтер дайындауға кәсіптік деңгейі жетпейді. Сондықтан ол Украинада тұратын ресейлік журналистерді - Ольга Курносова мен Ольга Сапронованы осы іске жұмылдырған. Бірақ, Жанна Ботада «ақша көрсе, тура жолдан тайқып» кететін әдет бұрыннан бар. Роликтерді дайындау үшін Әбілязовтен алған ақшаны жырымдап, Курносова мен Сапронованың еңбек ақысының бір бөлігін бермей отыр. Ольга Курносованың айтуынша, Жанна Бота оған - 1,5 мың доллар, ал О.Сапроноваға 4 мың доллар қарыз. Екі журналист қарызды даулап барғанда Жанна Бота оларға күш көрсеткен. Кейін ол екі еркекті журналистер тұратын үйге жіберіп, қоқан-лоққы жасатқызған. Өміріне қауіп төнген Курносова басқа пәтерге ауысып, жауыздардан жасырынып жүр, ал Сапронова бассауғалап Ресейге кетіп қалды. Бірақ олар Жанна Бота төндіріп отырған қатерден арашалап қалуды өтініп Украинаның құқық қорғау органдарына шағым жазып кетті.

Ольга Курносованың айтуынша, Қазақстаннан қашып барған Жанна Ботаны сол кезде-ақ Украина билігі кері қайтарып депортациялап жіберуі керек еді. Себебі, оған қарсы Қазақстанда қозғалған қылмыстық істің ешқандай саяси астары жоқ. Жанна Бота – жаман кәсіпті меңгерген кәнігі алаяқ. Ол Қазақстанда істеген ісін Украинада да қайталап жатыр.

Берік Мыңжасар