Өткен аптада Қазақстанның сұрауы бойынша Мәскеуде ұсталған қазақстандық банкир әрі «Алма ТВ» кабельдік телекомпанияның басшысы болып жұмыс істеген Жомарт Ертаев 40 тәулікке үйқамаққа алынды. Осы аралықта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіледі. Бірақ, ол Қазақстанда өзіне қатысты «аса ірі көлемде қаржы алаяқтығын жасау» бабымен қозғалған қылмыстық іске саяси сипат беріп жатыр.

Жомарт Ертаев ұсталған соң, Ресей прокуратурасы Мәскеу сотынан Жомарт Ертаевты маусымның 16-ына дейін тергеу абақтысында қамауда ұстауды және кейін оны Қазақстанға экстрадициялауды сұраған. Прокуратураның соттағы мәлімдемесінде Ертаевты тергеу абақтысына қамамаса, ол шетелге қашып кетуі немесе тергеуге қысым жасауы мүмкін екені айтылды.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Жомарт Ертаев қазақстандық RBK Bank директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болып істеген кезде күмәнді компанияға банктен қарызға 80 миллион доллардан аса ақша бергізген. Мұны ол қарызды қайтармау мақсатымен әдейі жасаған. Ал Жомарт Ертаев бұл несие ақшаны «Алма ТВ» кабельдік телеарнасына иелік ететін «Алмател Қазақстан» компаниясының акцияларын сатып алуға пайдаланған.

Жомарт Ертаев соңғы үш жылдан бері Мәскеу қаласында тұрып жатқан. Ол мұнда өзін қауіпсіз сезінген сияқты. Бірақ, Қазақстан құқық қорғау органдарының өтініші бойынша Ресей полициясы оны құрықтаған соң, ол өзін қорғаудың ерекше тәсіліне көшті. Ол Мәскеудегі сотта өзінің Ресейден саяси баспана сұрағанын және осы елдің азаматтығын алуға құжаттарын өткізіп қойғанын жайып салды. Айтуынша, өзіне қарсы қозғалған істің саяси астары бар. Оған «қазақ ұлтшыл-патриоттары қоқан-лоққы жасап жүр» екен. Бірақ, Ертаев өзіне қоқан-лоққы жасап жүрген кімдер екенін нақтылаған жоқ. Есесіне, ол «қазақ ұлтшыл-патриоттарының» Ресейді Қазақстанның телекоммуникация рыногынан әдейі мүйіздеп шығарып тастағалы жатқанын мәлімдеді. Ертаевтың айтуынша, өзіне қарсы Қазақстанда қозғалған қылмыстық істе қаржы мүддесі емес, саяси мәселе басым болып тұр. «Егер біз ТНТ-ны (ресейлік компания-ред.) жоғалтып алсақ, онда қазақстандықтардың келесі буыны түрік сериалдары арқылы тәрбие алады» деді Ертаев.

Жомар Ертаевтың өзіне қарсы қозғалған істі саясиландыруында мынандай гәп бар. Ол басшылық жасаған қазақстандық «Алма ТВ» кабельдік телекомпаниясы негізінен Ресей телеарналарының бағдарламаларын таратады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Алма ТВ» ресейлік ТНТ-мен келісімге отырған. Бірақ, мұндай әріптестік байланысқа Қазақстанда ешкім қарсы емес. Жомарт Ертаевқа тағылып отырған айып - RBK Bankтен алынған 80 миллион доллардан аса несие ақшаны жоқ қылып жібергені. Бұл ақшаны ол «Алма ТВ» компаниясына салғанын айтады. Ал несие ақшаны қайтаруды талап етіп, Ертаевқа қатысты іс қозғалған кезде ол мәселені саясиландырып шыға келді.

Жомарт Ертаев алаяқтыққа ұқсайтын іспен бұған дейін де айналысып аты шыққан банкир. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы сол кезде Альянс Банкте басшы қызметте болған Ертаев пен оның менеджерлеріне бір миллиард доллардан аса ақшаны ұрлаған деген айып тағып, тұтқындаған. Ол тоғыз ай қамауда отырды. Кейін оған тағылған айып банк заңын бұзды, банк қаржысын заңсыз пайдаланды деген баптарға ауыстырылып, ол айыппұл арқалап, қамаудан босап шықты. Оның қылмыстық жазадан қалайша құтылып кеткені белгісіз болып қалды. Кейбір мәліметтерде банкирдің сол кезде де саяси шантаж жасағаны айтылады. Қазір де Ресейде саяси баспана сұрап, өзіне қатысты қылмыстық істі саясиландыруы сол кездегі оқиғаны тағы еске салып отыр.

Берік Мыңжасар