Көктемнің шуақты Наурыз мерекесін бәрі де асыға күтіп, ерекше көңіл-күйге бөленеді. Соған орай, 19 наурызда Шымкент қалалық Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен «Мәңгілік ел - ұлт мұратының айнасы» атты қалалық семинар Наурыз мерекесімен ұштасты. Семинарды мектеп-гимназия директоры Гүлхан Сандыбаева салтанатты түрде ашып, семинарға қатысушыларға алғысын білдірді, «Наурыз – жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, ауызбіршіліктің, бауырмалдықтың мерекесі» екенін атап өтті.

Шарада жаңартылған сапалы білім беру жолдары және әдіс-тәсілдерін тірек мектеп ретінде өзге қалалық мектеп оқытушыларымен бөлісті. Сонымен қатар, ұстаздардың педагогикалық шеберліктерінің деңгейін үздіксіз жетілдіру, ғылыми-теориялық және әдістемелік білімін, кәсіби құзыреттілігін арттыру; құндылықтарды бойына сіңірген, жаңалықтар мен идеяларды прагматикалық бағалауға қабілетті, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу; «Атамекен» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жоба аясында елге танымал азаматтардың еңбектерін дәріптеу; оқушыларды білім алуға, оны талдауға, құрылымдауға, алған мәліметін өзін жетілдіруге пайдалануға үйрету, ішкі мүмкіндіктерді ашудың мақсат- міндеттерін ашып көрсете білді.

Мектеп ұстаздары келген қонақтар мен оқытушыларға арнап тәжірибелік коучинг – сессиялар мен семинар сабақтарды өткізді. Атап айтар болсақ, Шынар Матова және Рахима Серікбаева «Мәңгілік ел құндылықтарын оқыту арқылы бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру» тақырыбындағы коучинг-сессиясы жиналған жұрттың көңілінен шықты. Фатима Жусупбекова өзінің семинар-сабағында қазақ халқының киіз үйін заманауи технологиялармен жабдықтау жобасын басшылыққа алған. Ол 6 сынып оқушыларына «Наурыздағы бата-тілектер» тақырыбындағы сабақты қойылым ретінде керемет ұйымдастыра білді.

Әз Наурыз №64 мектеп-гимназия ұстаздары мен оқушыларының есінде тағы бір жағымды жаңалықпен есте қалары сөзсіз. Гимназияның алғашқы әрі қадірлі басшылары Зәуре Садықбекова мен Зейнегүл Асылбекова, сонымен қатар мектебімізге демеушілік жасап жүрген белгілі кәсіпкер Кәусар Досқабылова физика, орыс тілі және технология пәні кабинеттерін заманауи деңгейде жабдықтап берді.

Наурыз мейрамымен орайластырып ұйымдастырлыған шара соңында қатысушылар мен қонақтарға мерекелік дастарханнан жайылып, мектеп әкімшілігі тарапынан кәдесыйлар берілді.

Бану Алимбекова
Ж. Аймауытов атындағы № 64 мектеп-гимназиясы
технология пәнінің І деңгейлі мұғалімі, мектеп тренері
Шымкент қаласы