Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында ашық аспан асты және геологтар музейі, тарихи-мәдени саябақ, қазақ тіліндегі жаңа оқулықтар және тағы басқа бірқатар жоба жүзеге асырылады.

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің хабарламасында айтылғандай, министрліктің ұйытқы болуымен «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың жаңа тәсілдері таныстырылды.

Шараны ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова аша отырып, азаматтардың санасын жаңғыртуда бағдарламаның ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Бағдарламаны іске асырудың осы кезеңінде барлық тараптардан белсенді қатысуы, бастама, сондай-ақ кең медиа-тарату талап етіледі. Негізгі міндет - халықтың барлық топтарымен қатар азаматтық және үкіметтік емес секторды тарту. Сондай-ақ, бағдарламаны одан әрі іске асыру мақсатында орталық мемлекеттік органдардың жекелеген іс-шаралар жоспарын қабылдау орынды деп санаймыз», - деді ол.

Вице-министр жаңа тұжырымдамалық тәсілдерді есепке ала отырып, ҚР Премьер-Министрінің өкімімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілгенін хабарлады.

«Өңірлерде тарихи-мәдени саябақтар, «ашық аспан астында» музейлер ашылатын болады. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында бұрғылаушы геологтар музейін ашу, «Отырар», «Таңбалы», «Ұлытау» республикалық музей-қорықтарында 3 сапар-орталық салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 20-дан аса қасиетті нысандарға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Зияткерлік спорт түрлерімен 5 мыңнан аса оқушы қамтылып, ЖОО, колледждер мен кітапханалар бағдарлама шеңберінде аударылған қазақ тіліндегі жаңа оқулықтармен қамтамасыз етіледі» - деді вице-министр.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Жобаның мақсаты - 2030 жылға қарай елді мекендерде ауыл халқының кемінде 80% тұруын қамтамасыз ететін, ауылдық аумақтардың өмір сапасының заманауи стандарттарға жауап беретін әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды жаңғырту.

Одан бөлек, жастардың ауылдық елді мекендерді дамыту мен ондағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға кеңінен қатысуы, дарынды жастарды аграрлық ғылымға тарту үшін жағдай жасау көзделген.

ҚазАқпарат