Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген жиынына қатысып, елдегі өзекті мәселелер жөнінде пікірін білдірді. Партияның саяси кеңесі құрамына аймақтардың 100-ден астам өкілі кіреді. Жиында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру және іске асыру барысы және басқа да тапсырмалар талқыланды.

"Біз пәтерлерді баспанасы жоқ жастар алғанын қалаймыз. Бұл бағдарламаны пәтерсіз жүргендерге арналып отыр. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстар кімге және не үшін жасалып жатқанын барша қоғамға түсіндіру қажет. Тиісті есептеулер жасалды, отбасының екі мүшесі жұмыс істеген кезде ешқандай проблема жоқ. Ипотекалық несие 7 пайыздан аспайды", - деді Елбасы "7-20-25" бағдарламасы жайында айта келе.

Мемлекет басшысы осыған дейін тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны баспана құнынан 50 пайыз көлемінде талап еткенін, ал қазір тек 20 пайыз екенін атап өтті. Сонымен қатар бұрындары несиені беру мерзімі ең көп дегенде 10 жыл құраса, бүгінде 25 жылға созылып отыр. "Барлық партия мүшелері, әкімдер бағдарлама аясында тиісті шараларды бақылауға алып, қажетті жұмыстарды лайықты деңгейде іске асыруы тиіс. Яғни баспана кімге қажет болса, сол алуы тиіс. Сәйкесінше, адамдар осы үдеріске қосылып, жұмыстарын бастауы керек", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы тұрғын үй бағдарламасын іске асыру құрылыс саласындағы қарқынды арттыратынын, осы салада бизнес даму мүмкіндігіне ие болатынын жеткізді. "Американы Форд мырза бастаған автомобиль өнеркәсібі көтерсе, бізді тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығы көтеретінін мен үнемі айтып келемін", - деп ескертті Мемлекет басшысы.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасын тоқтпауымыз керек. Ауылдан бәрібір қалаға көшу бар, оны тоқтата алмайсың. Урбанизация бүкіл әлемде жүріп жатыр, бізде де болады. Егер оған мамандық беріп туған ауылына бекітіп, жұмысының бастапқы кезеңінде назар аударатын болсақ, онда бой үйретіп, жұмыс істейтін болады", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осы ретте Елбасы жастардың ауылда еңбек етуіне жағдай жасауда «Нұр Отан» жан-жақты жұмыстар жүргізуі қажеттігін баса айтты. «Нұрланған Отан жасаймыз деп атын қойдық қой. Отан дегеніміз - елің, жерің, отбасың, бала-шағаң. «Нұр Отан» отаншылдардың партиясы, Отанын сүйгендердің партиясы. «Отанын сүйгендер - әрбір өз азаматын сүйгендер» деп санау қажет. Біз осындай болуымыз керек. Бірінші дәрежедегі ұйымдарымыз, аудандарда, қалаларда, облыстарда бар. Оларға дұрыс адамдарды қойып, жұмыс істете білуіміз керек. Орталықтан жүргізіп жатқан мәселелер, біздің қабылдап отырған бағдарламаларымыздың барлығы қарапайым адамдар үшін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Біз осы жылдардың ішінде елді, әсіресе қазақты бизнеске үйретіп келе жатырмыз. Қазақ атамыз базарға барып бірдеме сатуды, затын апарып, табыс табуды намыс көреді. Басқа халықтар кәсіпкерлікпен айналысып, баяғыда байып кеткен. Сондықтан біз үшін бұл қажет. Бір жағынан мемлекеттің тұрақтылығы бизнеске байланысты. Орта шаруа адамдардың өз ісі, үй-жайы, жағдайы болатын болса, онда ол осы мемлекеттің, заңының тұрақты болуын қалайды. Отансүйгіштік содан басталады. "Туған жерін сүйе алмаған, сүйе ала ма туған елін" деген сөз бар", - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы бүгінде мемлекет бизнесті дамытып, оған жан-жақты жағдай жасап келе жатқанын, салық көлемін төмендеткенін баса айтты. "Ішкі жалпы өнімнің жартысын іс адамдары әкелсін деп отырмыз. Ал соған жетсек, мемлекет тұрақты болады. Талай айтып жүрмін. Дүниедегі төртінші экономика Германия ІЖӨ-сінің 90 пайызын шағын және орта бизнес береді. АҚШ-тың 70-80 пайызын шағын және орта бизнес береді. Кеше біз сараптап қараған кезде оның ауқымы соңғы 2 жылда төмендеп кеткен. Баға төмендеді, өйтті-бүйтті дейді. Оның бизнеске қандай қатысы бар? Мұнайдың, темірдің, көмірдің бағасы төмендесін, алайда бизнестің жұмысы басқа ғой. Бір шаруасы болмай жатса, келесісіне ауысады. Яғни, иілгіш жүйе. Іспен шұғылданатын адам әл-ауқатын жаман деп айта алмайды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР Президенті елімізде білікті мамандардың жоқтығын да баса айтты. "Мәселе жұмыс орнында емес - маманда. Егер де сен кірпіш қалай алмасаң, құрылысқа барып қалай жұмыс істейсің?! Машина жүргізе алмасаң қалай рөлге отырасың. Бүгінгі мәселе жұмысссыздықта емес - мамандықтың жоқтығында. Нұротандықтардың барлығына айтарым, сол үшін талай нәрсе жасадық. Ең бірінші, мамандықты жастарға мемлекет арқылы ақысыз береміз дедік. Сол қалай жүріп жатқанын "Нұр Отан" партиясы жергілікті жерлерде қарауы керек. Кеше 148 мың бала орта мектепті бітірді. Біршамасы университетке, қалғаны колледжге түседі. Басқасы өз шаруасымен шұғылданады. Соның ішінде қалатындар да бар. Неге қалады? Өйткені, ешқандай мамандығы жоқ. Мүмкін баяғыдай мектептің жоғары сыныптарда еңбекке баулу керек шығар. Ауылдарда ауыл шаруашылығы техникасына, қалаларда басқа мамандықтарға. Сол жағын ойластыруымыз қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында Шымкенттен тікелей байланысқа шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берген болатын.

"Қазіргі таңда ауруханаларда, емханаларда кезекке тұру бұрынғыдай емес, үйден кезекке тұру мәселесі, нақты мәліметтер алу мәселесі цифрландыру арқылы жүзеге асуда. Сондай-ақ бүкіл ауруханалар мен емханаларда келесі жылдың ортасына дейін толық компьютермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - деді облыс басшысы.

Бұған Президент: "Осының барлығы барлық облыстарға, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысына қажет. Бұл облыс басқа салалардан қалып қалды деген сөз емес. Облыстың халқы тығыз қоныстанған. Ар жағындағы өзбек ағайындармен байланысымыз жақсарып келеді. Оңтүстік Қазақстанда бәсекелестік те өсіп келе жатыр. Олардың сауда-саттыққа, өз жұмысына деген ықыласы бізден гөрі артық екені белгілі. Егерде дайындалмасаңдар, қалып қаласыңдар. Барлық бизнеске сол ағайындар келетін болады",- деп ескертті.

Сонымен қатар Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысында пара берудің өршіп тұрғандығына алаңдаушылығын білдірді. "Ешқандай реніш болмауы керек. Әсіресе, жаңа өзің айтып отырған жұмысқа қабылдауға қатысты. Менде неше түрлі хабарлар бар. Мектепке, еденді жууға қабылдау үшін пара беру керек. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін пара беру керек. Басқа облыстарда ондай жоқ. Тек қана сендерде бар", - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті жер сату, бизнесті дамыту, ауруханалар мен мектепке жұмысқа алу мәселелері цифрландырылатын болса, мұндай проблеманың жойылатындығын баса айтты.
Отырыс барысында Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірде кәсіпкерге барлық инженерлік желіге бір жерден қосылуға рұқсат алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық онлайн-қызмет іске қосылғанын айтты. "Бұрын кәсіпкерлер техникалық шарттар алу үшін қаланың 4 жерінде орналасқан 4 мекемеге таратын. Содан кейін оған 4 ай уақыт кететін. Қазіргі таңда мұның барлығын онлайн-қызмет арқылы бір жерден үш күннің ішінде алады. Демек, біз кәсіпкердің қаражатын, уақытын үнемдеп отырмыз. Соның арқасында кәсіпкер 4 айда алатын рұқсатты үш күнде алып жатыр", - деді Жақсылықов.

Осы ретте Мемлекет басшысы мұндай қызметтің еліміздің басқа өңірлерінде бар-жоғын сұрады. "Соны басқа өңірлердің барлығында неге енгізбеді? Әлде бар ма? Мінекей, Қызылорда облысында енгізді. Айтып отыр, нақты нәтижесі бар. Барлық облыста қосу керек. Іскер адамдардың сұрайтын ең негізгі мәселесі осы. Жер дегенде барлығы жабысып қалады. Шешпейді. Анау да, мынау да бергісі келмейді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Келесі кезекте Ғалымжан Жақсылықов коммерциялық мақсатқа берілетін бос жер учаскелері туралы ақпарат, сату немесе жалға беру аукциондары, оған қатысу шарттары барлық кәсіпкерлер үшін қолжетімді әрі ашық болатынын айтты.

"Ашық болуы керек. Қай жерде жер бар? Қалай сатылып жатыр, кімге сатылып жатыр? Неге оған сатылды, басқаға неге берілген жоқ? Бәсекелестік жағдай болды ма, болмады ма? Сонда жемқорлық та болмайды. Бизнесмен мен шенеунік арасында қатынас болмайды. Қашаннан бері айтып келеміз. Мұны жалпы шешуге болады ғой. Осы мәселе Қызылордада шешілген бе?", - деп сұрады одан Елбасы. Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры өз кезегінде жылдың соңына дейін бұл бағыттағы барлық жұмыстар онлайн форматқа көшірілетіндігін айтып сендірді. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен бұл мәселе барлық жерде шешіліп жатыр ма?», деп сұрады. Мырзахметовтің атқарылып жатқан жұмыстар жайындағы есебін тыңдай келе Елбасы: "Сен бәрін мақтай берме. Білеміз ғой. Мәселе тек қана іс адамдарының жер алып, жұмыс істеуінде емес, әрқайсысының шенеуніктің артынан жүруінде. Ал ол келгенін жақсы көріп отырады. Ол бекер келмейді. Барлық пәле сол жерде. Біреу бірдеңеге рұқсат беретін болса, сол рұқсат үшін бірдеңе жасап бер деп отырады. Жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі мәселесі шенеунік пен іс адамдарының арасындағы тікелей қарым-қатынасты ажырату керек. Барлық әкімге айтарым осы. Қанша айтып та келеміз. Осыны жөндеу керек", - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар баланың зорлануына қатысты оқиғаны қозғады. «Мемлекеттік қызметке лайықты адамдардың келуі және лайықты түрде ілгерілетілуі үшін кез келген субъективизмді жою қажет. Мұнан басқаша болмауы тиіс. Жария түрде де айта аламын. Кеше Қауіпсіздік Кеңесінде де айтқан едім. Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары баланы зорлаған. Соның төңірегінде қандай әуре-сарсаң басталды десеңші. Ешкім таба алмады, дәлелдей алмады. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені тізбектің барлық жерінде туған-туыстары отырған: полиция, жоғары орган, одан жоғары органда да туған-туыстар. Барлығы да бұл істі жабуға тырысып бақты", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылында мектептің 1-сынып оқушысын өзінен 7-8 жас үлкен төрт бала бес ай бойы зорлап келген деп айып тағылған болатын. Жәбір көрдім деген бала бұл туралы туыстарына былтыр тамыз айында айтқан. Содан бері жеткіншектің әжесі полицейлерге бірнеше рет арызданғанымен, тәртіп сақшылары шағымды тек қаңтар айында қабылдаған. Осыдан кейін іске қоғам белсенділері араласып, іс ілгері жылжыған болатын.