Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің отырысында 9 жаңа элемент тізімге қосылды. Олардың ішіне «Қорқыт ата» мұралары да енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның ресми сайтына сілтемемен.

«Егемен Қазақстан» газетінің ресми сайты бұл жұмыс былтыр наурыз айында Қазақстанның бастамашылығымен және бауырлас Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінің қолдауымен ұйымның қарауына алынғанын хабарлайды. Құжат ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілді.

Қорқыт (9 ғ.) - қобыз атасы, композитор, жыршы, ақын, музыкант, бақсылардың қамқоршысы. Қорқыт ата түрік дәстүрін, салтын, әдетін, сенімдерін, басқа халықтардан айырмашылығын, қысқасы, қоғамдық мінездемесін ертегілерінде айтқан, оны бүгінге дейін жеткізген ұлы өнерпаз.

Қорқыт Атаның біздің заманымызға дейін жеткен 12 хикаясы бар. Олардың сегізі ішкі және сыртқы соғыстар туралы. Екеуі ғашық оқиғалары жайында болса, екеуі мифологиялық сипатта. Көнеден жеткен "Қорқыт", "Желмая", "Тарғыл тана", "Елімай", "Ұшардың ұлуы" сынды күйлері де сақталған. Қазақта «Күй атасы - Қорқыт" деген сөз осыдан қалса керек.

Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде саналады.