«Тоғанай Т» баспасынан белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлының құрастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Хакім Тілегенұлы (Михаил Иванович) Есенәлиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Ақ семсер. Белый меч» атты естеліктер жинағы шықты. Жинаққа енген мақалардың бірі төменде...

Бұл кісі туралы алғаш естігеніме қырық шақты жыл болған екен. Студенттік шағымда анда-санда тек іні ретімен ғана Асқар Сүлейменовтің әріптестері арасындағы әңгіме-дүкенге куә боп, құлақ түріп жүретінмін. Сонда, бірде, Қалтай Мұхамеджановтың соғыстан кейін шетелде қалып қойған отандастарымыздың тағдырын арқау еткен «Жат елде» пьесасын сахналау барысында өткен маңызды талқылау және жазушылардан басқа да ірі қызметкерлердің спектакльге көзқарастары сөз болған. Қалалық партия комитетінде істейтін аты-жөні орысша сол адам жайында, жаңылыспасам, өте оңды пікір айтылды. Кейіннен ол әдебиет пен өнер қызметшілерінің еңбектеріне, тыныс-тіршілігіне сергек қарайтын үлкен үйдегі мәдениет бөлімін басқаратын әділ адам есебінде аталып жүрді. Анық есімде қалғаны одан беріректегі бір сәт: Асекең маған әлгі кісіге мен жайында өтініш білдіре аламын деген. (Бұл 1977 жылдың желтоқсаны болатын. Сол шақта кандидатурам балалар газетінің редакторлығына ұсынылып, орталық партия комитетінің насихат бөлімінде мақұлданған да, енді орталық комсомол комитетінде тиісті әңгімелесу үдерісінен өту үшін Мәскеуге аттанғалы жүргенмін. Мен ағаның қамқор ниетіне рақмет айттым, сосын бұл әңгіме қайтып қозғалмаған). Содан кейінгі жылдарда ол кісіні әрәдік қатысуға реті келіп қалатын кейбір үлкен жиындардың төралқасынан, мінбеден көретінмін. Қайта құру кезеңінде, «Азат» қозғалысы дүниеге келіп жатқан шақтағы ұйымдастыру комитетінің бір жиналысында, жалпыхалықтық сипат алмақ қозғалысты басқаруға үкіметтік биік қызметтен шеттетілген осы озық ойлы кісіні – Михаил Иванович Есенәлиевті – шақыру керектігі көтерілгеніне куә болғанмын. Жұртшылықтың ұсынысын қабыл алған Мәкең «Азаттың» орталық алаңда өткізген алғашқы митингісін жүргізген, азаматтық қозғалыстың төрағалығына сайланып, қилы шаралар ұйымдастыруды басқара бастаған.

Михаил ағамызды осындай реттерде көріп, сөйлеген сөздеріне, білдірген пікірлеріне сүйсініп жүргеніммен, бірде-бір мәрте тікелей ой алмасып, тілдескен емеспін. Ғаббас Қабышұлы аға менен ол жөнінде естелік жазып беруімді сұрағанда үндей алмадым, ешқандай араласым болмаған адам жайында еске алатын ештеңем жоқ қой деп ойладым. Бастартпақ болдым. Екі ойлы боп жүргенімде Ғабаң ұсынысын қайталап, орындалу мерзімін белгіледі. Шегінер жер қалмады. Жақын араласпағаныммен, сырттай да болса белгілі дәрежеде іш тартып, бұл кісіні құрметтегенім рас. Ендеше осынау өзіндік сипаттарымен ел қадіріне ие болған қайраткердің қандай қасиетімен менің есімде қалғанын әңгімелеп бергенім орынды болар деп шештім. Өйткені бұрын ол кісі хақында шала-шарпы білгенімді тереңдетер мүмкіндіктер әлдеқашан туған (төрт кітап боп өзінің шығармашылық мұрасы басылды, оны жақын білгендердің жүрекжарды естеліктері шықты, қазір де баспасөзде жарияланып жүр). Демек, белгілі бір кезеңде сол кісіге қатысты көңілге түйіп, бертініректе беки түскен ойымды білдіруіме әбден болады ғой деп ойладым.

Әуелі 1986 жылғы 16 желтоқсанда республика басшылығының ауыстырылуы мен соның артынша орын алған қасіретті күндердегі көңіл-күйімді еске алуыма тура келеді. Кремль өзінің қайта құру, шынайы демократияға бет бұру сынды жаңа саясатына кереғар келіп, біздің елімізге қатысты солақай шешім жасағанда, Алматы жастары бірден наразылық білдірді. Сонда қыздар мен жігіттердің бейбіт демонстрациясы биліктің дөрекі күш қолдануы салдарынан 17–18 желтоқсандағы көтеріліске ұласып, әскери күшпен басып-жаншылды. Одан кейін құдды үрейлі 37-ші жыл қайта орнағандай ахуал патшалық құрды. Осы жағдайдың қатардағы қызметкер менің де, мемлекет қайраткері Есенәлиевтің де азаматтық парызымызды өткір түйсінуімізге әсер еткеніне, әрқайсымызды өз деңгейімізде шешімтал қадам жасауға итермелегеніне күмән жоқ. Мені қойшы, министр ағамыздың іс-әрекеттері ерен де ерек, дара және әділ бағасын әлі күнгі тосып тұрған сирек қайраткерлік құбылысқа жататыны анық.

Мен ол уақытта ҚССР Жоғарғы Советі Президиумының аппаратында істейтінмін. Осында Қазақстан комсомолының Орталық Комитетінде қызметтес болған біраз жігіт жұмыстан қол қалт еткенде пікірлесіп жүруші едік. Арамыздағы жоғары жақпен байланысы бар бір пысығымыз Мәскеуден өкілдер келгенін хабарлап, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ертеңгі Пленумында болуға тиіс өзгеріс жайын қанағаттанғандық сезіммен жария етті. Мен ертең тура сол айтқандай жағдай орын алса, ешқандай да таңғалмайтынымды, бірақ оның нағыз тарихи қателік болатынын, сондықтан биік форум ондайға жол бермес деген ойымды білдірдім. Алайда бәрі тура сол жолдас айтқандай болды. Кейінірек мәлім болғандай, Пленум бас-аяғы он жеті-он сегіз минутта өте шыққан. Пленум мүшелері республиканы пәлен жыл басқарып, қалың елдің құрметіне бөленген бірінші басшыға алғыс сезімдерін білдірмеулері өз алдына, оның орнына мәскеулік билік тағайындап әкелген кадрдың кандидатурасын кері қақпақ түгіл, тереңірек тануға да талпынбаған. Қазақстан секілді ірі республиканың басшылығына сырттан әкелінген, жұртшылыққа беймәлім өзге ұлт өкілін сайлаудың тарихи қателікке барабар қадам боларын ешқайсысы ауызға алмаған. Оны айтасыз, аты-жөні Пленум үстінде ғана тосыннан аталған сол жаңа кадрды цеканың (ортпарткомның) құрамына кооптация жасау, сөйтіп оған бас тізгінді ұстату алдында, тым болмаса, оның мұнда атқармақ жұмысының мақсатын, ұстанар бағдарламасын тыңдап, азын-аулақ талқылау қажеттігін Орталық Комитеттің төрт жүз мүшесі ішінен тым болмаса біреуі талап етпеген. Бұл мені, қатардағы коммунисті, қайран етті.

Сол шақта басқа түскен тағдырлы сын сәт, қанша келіскіміз келмесе де, еліміздің шынайы бейнесін әшкерелеген-тін. Алып ССРО-дағы он бес «одаққұрушы» мемлекеттік бірліктің біріндегі – «тәуелсіз республика» деп аталатын әдемі жалау жамылған жаңа тұрпатты «потемкиндік деревнядағы» – «Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшелері» деп аталатын басқарушы саяси элита іс жүзінде Мәскеудегі орталықтың құлақкесті құлына айналып кеткен боп шықты. Олар жол берген қателікті – Кремльдің ұлттық республика халқының пікірімен санаспай жасаған озбыр шешіміне көзсіз бой ұсынуын – жап-жас қыз-жігіттер түзетті: жаппай көшеге, демонстрацияға шықты, қуатты сап құрып, орталық алаңға лек-лек боп ағылып келді де, Мәскеудің бұл саясатымен келіспейтіндіктерін ашық жария етті. Партияның қайта құру саясатына сеніп, бейбіт түрде наразылық шеруін жасаған еркіндік аңсаушы жастарды жазалаушылар сонда, орталық эмиссарын төбелеріне он сегіз минутта шығарып алған әлгі элитаның мақұлдауымен, аяусыз қырғынға ұшыратты. Бейбіт демонстрация көтеріліске ұласты. Отарындағы қандай да бір бас көтеруге төзбейтін қызыл император репрессия машинасын іске қосты. Шолақ белсенділер мен жасақшыларға жергілікті билік суық қару үлестіріп берді, олар арнайы дайындықтан өткен әскерилермен бірге қимылдап, көтерілісшілерді және олардың тілектестерін қарлы алаңда қатыгездікпен жусатып салды, итке талатты, қамады, қуғындады, қысқасы, барша жұртты империя отарының өз құқтарын қорғауға хақылары жоқ бодандары, кәдімгі құл-құтандары деңгейіне түсірді. Империя мүддесін күйттеген республикалық саяси элита «партия шешімін түсінбеген» көтерілісші жастарды жаппай ғайбаттау жұмысын ұйымдастырумен шұғылданды. Мұндай жағдаймен келіспеушілік жер-жердегі түрлі жиналыстарда айтылып та жатты, бірақ ешбірі қолдау таппады.

Көтерілістен бір апта өткенде, 25 желтоқсанда, Жоғарғы Совет Президиумы аппаратының партия жиналысында мен де сөйледім. Сөзім, әрине, жастарды бір ауыздан айыптап ұрандатқандардың «партиялық бағытына» қиғаш шықты. Тиісінше шолақ белсенділік бұрқ етіп тұтанып, тез өршіді де, маған байланысты «жеке іс» ашылды. Мәселем коммунистердің қайтадан шақырылған жалпы жиналысында тағы талқыланды. Одан сол жиналыс арнайы құрған комиссия сөзімнің қағазда нобайланған мәтінін жіті тексеріске салды. Сосын советтік парламент аппаратындағы коммунистерді шошытқан менің тәртібім комиссияның қорытындысы бойынша партбюро мәжілісінде қаралды. Ақыры, үшінші мәрте өткен жалпы жиналыста маған партиялық жаза берілді. Содан соң, аудандық партия комитетінің комиссиясы мен бюросындағы қатаң жаза талап еткен талқыдан кейін, әрең дегенде, бастауыш ұйым берген жаза бекітілді. Осылай таяқ жеп жүрген кездерімде мен билеуші тетіктерге жеткен кейбір азаматтардың оп-оңай солақайлық жасай беретінін көрдім. Өздері ойлап тапқан «ұлтшылды, партияның жауын» орайы келіп тұрғанда тұқыртып, жазалап жіберуге әзір тұрғандарына, кейбір адал-ау дейтіндердің өзінің әділдікті жақтауға батылдары бармайтындықтарына, жеке бастарын ғана ойлайтын немкеттіліктеріне әбден көзім жетті.

Желтоқсан оқиғасын талқылауға арналған 25 желтоқсандағы осы алғашқы партиялық жиналыс соңында Жоғарғы Совет Президиумы Төрағасының орынбасары қорытынды сөз сөйлеп, менің көп жәйтті сыни тұрғыда орынды көрсеткенімді мойындаған еді, алайда ертеңіне-ақ онысынан айнып қалды. Жиналысқа қатыспаған, бірақ сөзімнің жазбаша нұсқасымен мұқият танысқан Жоғарғы Совет Президиумының Төрағасы мен қозғаған кей мәселелерді, әсіресе «халыққа білім беру органдарының жұмысындағы кемшілікке қатысты» айтқанымды қолдады. Мәтіндегі: «орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі формальді, факультативті түрде, негізінен тек қазақ балалары үшін ғана жүргізіледі. Қалғандарының ата-аналары, тіпті мұғалімдер де, өздерінің ұғымынша, бейне-бір керексіз тіл санатындағы қазақшаны оқытам деп, сәбидің басын қатырудың керегі не деп есептейді. Мұндай көзқараспен біз жергілікті халықтың тіліне, мәдениетіне балалардың құрметпен қарау сезімін тәрбиелеуден бастартамыз, яғни партия саясатының интернационалистік қағидаларына іс жүзінде қайшы келеміз», – деген жолдардың астын сызып, орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту проблемаларының Президиумда қаралуға әбден лайық тақырып екенін атап айтты. Бірақ маған шибөріше жабылған шолақ белсенді коммунистерден мені қорғап, арашалап алуға ниет білдірмеді. Өйткені Қазақстандағы басшы қызметкерлердің бәрі осында жүрген мәскеулік жолдастардың қатаң бақылауында тұр деді. Әрі, Орталық Комитеттің Бюро мүшесі, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы менің жиналыста айтқандарымның жазбаша мәтінін оқып, «мынау революциялық сөз ғой!» деген ызғарлы баға беріпті. Партиялық ақыл-ойға, ресми құжаттарға сүйеніп сөйлеуім себепті мен өзімді айыпты деп санамай, Орталық Комитетке де барып көрдім. Үлкен үйдегі үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасарына – оқиғадан кейін кенеттен республикадағы ұлт мәселесімен шұғылданып, бұқараға теледидардан талай ақылгөйлік сөз айтқан білгір көсемге кірдім. Ол мәтінді оқыды да, бұл сөзім үшін мені партиядан шығару керек екенін айтты. Сонда маған кей жанашырларым «Колбинге барсайшы» деген кеңес берді. Бірақ мен жаңа Бірінші хатшының қабылдауына кіруге ниеттенбедім де, өйткені оның сол шақтағы тіл жөнінде айтқандары мен нақты істегендері өзара қайшы келіп, екіжүзді саясаткер екенін аңдатқан еді. Өзімнің өстіп сырттай түйгенім оны тікелей көріп-біліп жүрген Сыртқы істер министрі Михаил Есенәлиев берген мінездемеге үндесіп тұрғанын бертінде білдім. Ол Бірінші хатшы Геннадий Колбинді «көшбасшы ретінде ойы шектеулі, бірақ әккі, айлашыл функционер, зұлым адам» деп бағалаған еді. Мәкең бұл пікірді ұлтаралық қатынастар бойынша ұйымдастырылған комиссияның мәжілістерінде онымен тікелей кездесіп, әрі сөздерін тыңдай жүріп қорытқан ғой, сондықтан да мінездеменің әділдігіне шүбәланған жоқпын.

Желтоқсан көтерілісі күндері және одан кейінгі бірнеше жыл бойы, жаңылыспасам, тоталитарлық өкімет бұрынғысынша күшінде тұрды. Ол кезде күллі тыныс-тіршілікті уысына мықтап ұстаған мемлекеттік және саяси биліктің тұтқасында тұрғандарға қарсы көңілдеріне келетін бірдеңе деу, әсіресе ащы сын айту, басыңды бәйгеге тіккенмен бірдей екен ғой. Алайда күрт туған дүрбелеңді кезде оны ойлауға мұрша болды ма, «өткір бұрыштарды айналып өтпеу» хақындағы партиялық қағидаға, идеяға адалдық пен әділеттілік жайындағы кітаби сенімімізге сүйендік. Сөйтіп, партияның әділ тұжырымдары мен нұсқауларына сәйкес, өз ұғымымыздағы маркстік-лениндік идеология бағытын бұрмалаушыларды сынаймыз деп арандап қалдық. Ал республикадағы жоғарғы билік сапында жүргендер мейлінше сақ болып шықты. Ойлап қарасақ, олардың қай-қайсысы да көзге теріс бағалануы ықтимал жағынан түсіп қалудан, жеткен мансабынан айрылып қалудан қорыққан екен, сол себепті көбі әліптің артын бағуға шеберленіп алыпты. Не керек, мен партиялық жолмен өз «сыбағамды» алдым, әкімшілік жаза тартып, жұмыстан қуылдым. Еш жерде қызметке орналасудың реті келмеді. Ең арғысы, өз үйім секілденген Жазушылар одағында бос тұрған орынға қабылданбадым: шығармашылық одақтың сол кезгі бір көсемі маған «әуелі жіберген саяси қатеңді түзетіп ал» деді... Алайда тоталитарлық өктемдікке қасақана ескен демократияның «алтын күрегі» бірте-бірте шығармашы жұртшылықтың көзін ашып, сенімін нығайта түскен. 1988 жылдың көктемінде Жазушылар одағының жалпы партия жиналысы менің есеп карточкамдағы қатаң сөгісті алып тастау жөнінде мәселе қарады. Сонда, кейбіреулердің «оған, бәлкім, батыр атағын беру керек шығар?!» деген кекесінді үн қатуын жиналысқа қатысушылар елең қылмай, маған нахақтан айып тағып репрессиялық шара қолданғандарды кінәлай отырып, жазбаша берілген партиялық жазаны алып тастады. Одан, сол жылғы жазда, желтоқсан оқиғасы жайындағы СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының қаулысы ҚКП ОК Пленумында талқыланғанда, Қазақ ССР Сыртқы істер министрі Михаил Есенәлиевтің билік пен көпшілік ұстанған бағытқа кереғар, өжет сөз сөйлегені, қаулыдағы халқымызды қорлағанға парапар «қазақ ұлтшылдығы» жайындағы тұжырымға батыл қарсы шыққаны естілді. Тағы бір жылдан кейін КСРО Халық депутаттарының бірінші съезінде ақын Мұхтар Шаханов Желтоқсан мәселесін бар дауыспен жер-жаһанға жария етті. Тікелей телеэфирден біз оның сөзін Кремльдің эмиссары, республикамыздың бірінші басшысы қалай қабағы түксие тыңдағанын, атақты композиторымыздың жақтырмаған түрмен қалай басын шайқағанын, мінбеден түсіп бара жатқан шешенге әйгілі әншіміздің қалай жек көре көз тастағанын аңдадық. Сосын тәуелсіздік келді. Сонда бәрі басқаша сайрай бастады. Басқасын былай қойғанда, маған «жіберіп алған саяси қатемді» түзеу жөнінде «білгірлікпен» кеңес берген әдебиет көсемі өзінің ешқашан Ленин туралы, партия туралы мақтау сөз жазбағанын мақтанышпен жария етіп жатты...

Қайғылы оқиғаның он жылдығы қарсаңында жазған мақаласында Есенәлиев «аязды желтоқсанда ұлт намысын қорғауға шыққан мыңдаған жігіттер мен қыздарды» жазалаушылардың «жеке басы мен орынтағын ойлап зәрелері ұшқан республика басшылығының қолдауы» арқасында қатыгездікпен ұрып-соққанын, соттық, әкімшілік жолмен қудалағанын, ахлақи тұрғыда жасытып, тұншықтырғанын айта келіп, «бүгіндері біздің қайраткерлеріміздің құдды оларға да Желтоқсан үшін «тер төгуге» тура келгендігі жайында айтқан мәлімдемелерін естігенде – күлесің, күлгенде, тіпті, жеркеніштен құсқың келеді» деп жазды. Бұл партияның өз ішінде өсіп шыққан, пәлен жыл оған адал қызмет еткен қайраткердің сөзі еді. Ондайды басқа ешкім айтқан жоқ, сондықтан да Мәкеңе ерекше ризашылық білдіресің. Осы пікір менің Жоғарғы Кеңестегі партия жиналысында: желтоқсанның дүбірлі «күндері ұжымдарда болған жекелеген идеологиялық қызметкерлер де өздерін жақсы жағынан көрсете алмады» деген тұжырымымның растығын дәлелдеп тұрған, сол үшін де оған деген құрметім арта түсті. Әсіресе 1988 жылғы жазда өткен ҚКП Орталық Комитетінің Пленумындағы сөзі менің 1986 жылғы 25 желтоқсанда айтқандарыммен үндес шығып жатқанын аңғарып, дән риза болдым. Мен, қатардағы коммунист, Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының партия жиналысында: 17–18 желтоқсанда «демонстрацияға шыққан жастарды көзсіз айыптай бермей, түсіну керек, даусымызды шығарып естірте пайымдау керек, ахуалды талдауға алу керек, өткен істі философтық байыппен сараптап, дұрыс қорытындылар жасау керек. Бұл қозғалыс үшін басты кінәлі біз боламыз, ересек ұрпақ, білімді ұрпақ, біз, партия-совет қызметкерлері, біздің айыпты екенімізді мойындаған жөн», – деген едім. Қатардағы елеусіз көптің бірі санатындағы менің мұнша «еркінсуім» әріптестерімнің шолақ белсенділігін тұтатып, жоғары жақтың саясатын беріле қолдау арқылы көзге түсу мүмкіндігін туғызды, алдарынан «сенімді кадр» қатарына бекем тұрғызатын даңғыл жол ашып берді. Олар мені саяси тұрғыда сенімсіз, күдікті элемент ретінде сынады, сөзімнің мәтінін өздерінің шаласауат ұғымдарымен талдап, «партияға қарсылығым мен ұлтшылдығымды» әшкереледі. Ал содан бір жарым жыл кейін өткен 1988 жылғы ОК Пленумында Мәкең, ірі мемлекет қайраткері Михаил Иванович Есенәлиев: «Мәскеу өкілдері Алматыда бір-екі-ақ күн болып, тек асығыс-үсігіс, жүрдім-бардым тұжырымдарын ғана жасай алды, бірақ Қазақстандағы Тыңның 35 жылы ішінде қатардағы инженер және агроном деңгейінен СОКП Орталық Комитетінің мүшесіне дейін өскен Сіздер жағдайды объективті түрде айқындай алар едіңіздер, алайда ауыздарыңыз бір жарым жыл бойы берік болып келеді», – деген еді. Оның сөзі, куәлердің бертінде сыр етіп айтуына қарағанда, ешқашан оғаш пікір естіліп көрмеген партиялық форумда саяси элитаны ашық күні найзағай ойнағандай естен тандырды.

Есенәлиев Желтоқсан оқиғасын СОКП Орталық Комитетінің Қаулысында «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалаудың дұрыс емес екенін, қазақ халқының халықтар достығына, интернационализмге адалдығын советтік кезеңнің барша қиын белестерінде дәлелдеп келе жатқанын айтты. «Қазақ пен орыс халықтарының достығын, қазақ халқының Ленин партиясына деген сенімі мен сүйіспеншілігін ешкім ешуақытта бұза алмайды, – деген едім мен де содан бір жарым жыл бұрын, көтерілісшілерді айыптау қызу жүріп жатқан ызғарлы желтоқсан күндерінде. – Адамдар бұған ұлттың жанға батқан жанайқайы мен қайғы-қасіретін бастан өткеру арқылы жетті, достықтың қасиетті дәнекерлерін ғасырлар бойы шыңдады». Сол орайда «қазақ халқының әртүрлі тарихи кезеңдерде көрсеткен көпке мәлім интернационалистік актілерін» тізіп жатпай-ақ, «қалың көпшілікке беймәлім фактіні» еске салғанмын. «Ұжымдастыруды жүргізген кезде партия-совет қызметкерлерінің Қазақстандағы қорқынышты асыра сілтеулері салдарынан қазақ халқы жалпы санының екі миллиондайын жоғалтқанда да – партияға, орыс халқына сенімін жоғалқан жоқ» дегенмін. Интернационализмнің мәні мен маңызын қарабайыр пайымдаудан, тиісінше, интернационалдық тәрбиені ұзын сорап түрінде, схемалық сипатпен, нобайлап қана жүргізуден бойды батыл аулақ салуға шақырғанмын. Алайда тыңдаушыларды ойласуға ұйыстыруы тиіс бұл мәлімдемем қызметтестерімнің қарсы шабуылын туғызды. Олар құрған комиссия менің көтеріліс басылғаннан кейін кейбір аупартком хатшыларының еңбек ұжымдарын аралағандағы «примитивті-вульгарлы (қарабайыр да тұрпайы) және залалды түсіндірулерін» әшкерелеуімді айыптады, «демагогиялық пайымдар келтіру жолымен оқиға үшін негізгі кінәні партия және кеңес қызметкерлеріне аударуға тырысты» деп ұйғарды. Мені «құдды өкімет органдары тарапынан жасалған асыра сілтеулер салдарынан жергілікті ұлт адамдары өткен уақытта жаппай өлім құшты деген ойдан шығаруларға жол берді» деп айыптады, және осы «ойдан шығарып өтірік айтуы» («измышления») «болған оқиғаны ақтауға тырысудан басқа ештеңе емес» деп түйді. Мен комиссияның «асыра сілтеуді ойдан шығарды» деген байламына қарсылық білдірдім, онысының жала екенін ұғынуы үшін «комиссияға тарихты, тым болмаса осында «Кіші Октябрь» жасадым деп санаған Ф.И. Голощекин өмірбаянының қазақстандық кезеңін білгені жеткілікті болар еді» дедім. Нәтижесінде кемшілігін мойындауды білмейтін коммунист қызметтестерімнің зор құлшыныспен жүргізген партиялық тезіне түсіп, партиялық есеп карточкама жазылатын қатаң сөгісін алдым. Яғни қатардағы партия мүшесінің қайта құру рухындағы ойы бесігінде тұншықтырылды. Қасаң ойлы жандайшаптардың дәурені жүріп тұрған шақ еді ол. Алайда бұл жағдай содан бір жарым жылдай уақыт өткеннің өзінде де өзгермегеніне Есенәлиев тәрізді жоғары қызметтегі отаншыл мемлекет қайраткерінің биік мінбеден сөйлеуге әрең қол жеткізуі және сөзінің арты оның жалғыз қалуына ұласуы дәлел. Партиялық иерархияның барша бұтағына орнығып алған, төбедегінің ғана айдауымен жүруге дағдыланған саяси элита аш кенеше айрылмай жабысқан тоталитарлық билік әлі де мызғымай тұрған болатын.

Қызыл отардың билеушілері алдында Желтоқсанға байланысты өткір ойын өжет те батыл аян еткеннен кейін алдынан кесе-көлденең шыққан қилы кедергіге қарамастан, министр Есенәлиев дұрыстық жолындағы күресін табандылықпен жалғастыра берді. Бұған оның баспасөзде жариялаған ондаған мақалалары куә. Осы ержүрек кісінің большевизмді көзсіз пір тұтатын ығай мен сығайдың бетіне тура қарап, кемсітілген ұлттың мүддесін айқын тұжырымдаған сөздерімен батыл қорғағаны ғажап еді. Сол Пленумдағы жағдайды баян еткен естелік-мақаласында Мәкең мінбедегі сөзін сөйлеп біткенде залда құлаққа ұрған танадай тыныштық орнағанын және «кенеттен менімен пікірлес екен деп ойлап қап жүре ме» деген қауіп бойларын билеген әріптестерінің мәжіліс біткен соң өзіне тақалудан қашқақтағанын жазыпты. Пендешілік бастауыш ұйым мүшелері түгіл, төбедегі басқарушы бас штаб мүшелеріне де тән екен...

Алматыда болған аталмыш Пленумнан көп ұзамай, Мәскеуде Бас хатшы Михаил Горбачев Жоғарғы Кеңестің Төрағалығына сайланып, ел басқару ісін бір қолға шоғырландырғаны, билік тармақтарын ауыздықтаудың жаңа бағытын көрсеткені белгілі. Соның үлгісімен Колбин де екі таққа (республикадағы партия және совет органдарының ең жоғарғы орындарына) қатар отырғысы келетін ниетін байқатқан. Мұның соңы ұлттық мемлекеттілікті жоюға, ата-баба жерінің тұтастығын жоғалтуға апаратынын жақсы түсінген министр Есенәлиев Бас коммунист Горбачевке арнайы хат жолдады. Бұл әрекеті жайында оған: «Осы хатты жібере отырып, бұдан жапа шегуім ықтимал екенін ұғамын, бірақ қоғамның, ұлттың мүддесі жеке басымның игілігінен әлдеқайда артық, менің терең иланымым осындай», – деп жазды. Хатында Қазақстандағы Кремль жіберген партия жетекшісінің Жоғарғы Кеңес басшысы да болмақ әрекетіне «үзілді-кесілді қарсы» екенін айтып, Орталық Комитеттің нұсқауына наразылық білдірді. Қарсылығын дәйектеу үшін қазақ халқының тарихи құқтарын алға тартты, оларды қорғау себептерін дәлелдей келіп, республикада «30-шы жылдары голощекиндік кезеңде әрбір үшінші қазақ қаза тапты» деп көрсетті, осы мысалының мән-мағынасын салыстырмалы түрде түсіндіру үшін, ал «соғыс кезінде Белоруссияда әрбір төртінші тұрғын қаза тапты» деген дерек қосты. Сосын: «Өзінің территориясын, дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаған ұлт КСРО құрамындағы өзге ұлттық құрылымдар қатарында өз өкілін ұстауға хақылы», – деген пайымын тарқата келіп, осынау ұлттық мемлекеттіліктің символы іспетті республикалық Жоғарғы Кеңесті міндетті түрде жергілікті қазақ ұлтының өкілі басқаруға тиіс деп нақтылады. Есенәлиевтің Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағасы лауазымын Бірінші хатшы Колбинге қосақтап беруге келіспейтінін ашық айтып, қазақ парламентінің басшылығын жоғарыда жобаланған тұрғыда өзгертуден орталық биліктің бастартуы қажеттігін талап еткен бұл хаты оның өзі үшін аса қауіпті, бірақ біздің мемлекеттілігіміздің сақталуы үшін өте маңызды еді. Осынау хат аталмыш қайраткердің асқан жүректілігін танытып қана қоймай, сонымен бірге оның ұлт мүддесіне мейлінше адал болғандығын айқын дәлелдейді.

Мәкең хатын 1988 жылғы қарашада Мәскеуге, Горбачевке жіберер алдында Алматыда Орталық Комитетке шақырылған екен. Оған Жоғарғы Кеңестің әзірленіп жатқан сессиясында жасалмақ кадрлық өзгерістер жайын, Сыртқы істер министріне Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары лауазымын ұсыну жобаланғанын хабарлапты. Сонда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Колбиннің қабылдауында, еркін де басыбұзық ойымен басшылықты тіксінтіп жүрген министр Есенәлиев ондай «құрметтен» батыл да шешімтал түрде бас тартады және Колбиннің Жоғарғы Кеңеске Төраға болуына мүлдем қарсы екенін оның көзіне айтады. Егер ондай жағдай бола қалса, оның 1986 жылғы желтоқсаннан да жаман жағдайға ұшырататынын батыл түрде жария етеді. Ол үшін жеке басының мансабы емес, қазақ халқының мемлекеттілігін бейнелейтін символ сипатты лауазымды жергілікті ұлт өкіліне сақтау маңызды еді. Бірақ, кейінірек естелігінде жазғанындай, «мансаптан қымбат және жоғарырақ тұратын құндылықтар бар» екенін Кремльдің итаршысы «мүлдем сезінбейтін». Сондықтан да сол итаршы өзінің ұсынысын кері қаққан министрге оның зейнет жасы тақалып қалғанын ескертеді... Ал ұлттық құндылықтарға адал министр хатының Бас хатшыға жетуін табандылықпен талап етіп, оның қолына тигеніне, тиісті бұрыштамамен салалық хатшыға табысталғанына көзі жеткеннен кейін кезекті ерлігін жасайды. Салалық хатшы Мәскеуден 1989 жылғы наурызда Алматыға келіп, республикалық партактив жиналысына қатысқанда мінбеге шығып сөйлеп, оған депутаттық аманат тапсырады. Онда одақтас республикалардың Жоғарғы Кеңестері мен үкіметтерінің төрағалары жергілікті ұлт өкілдерінен сайлануы және тағайындалуы конституциялық ережеге айналдырылуға тиіс делінген-тін. Тап былтырғы жазда өткен Пленумдағыдай, сөзі қатысушыларға оғаш көрініп, үнсіз, салқын, жасқанышпен тыңдалды, ал үзіліс кезінде әріптестері қасына тақалуға қорқып, қашқалақтап жүрді. Сөйтіп, партия активінің осы жиналысында Есенәлиевтің тарихи маңызы ерекше ұлы іс тындырғанын, өкінішке қарай, қасындағылар ұқпады. Турасын айтқанда, оның табанды талабы Кремль тарапынан еріксіз мойындалған болатын. 1989 жылғы наурызда Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесін басқаруға қазақ өкілі сайланды. Осы актіні мүмкін еткен жәйт – Мәкеңнің сүреңсіз билік адамдарынан ерекшеленіп, ұлт мүддесін жападан-жалғыз қорғаудан тайсалмауы болатын, бұл айтып-жеткізгісіз ғажап құбылыс еді. Қайраткердің тап осы қасиеті менің көз алдымда оның қадірін арттыра түсті. Уәде етілген биік лауазымға бола ұлт мүддесін сатпауы, іс жүзінде қазақ мемлекеттілігінің маңызды белгісін – мемлекет басшысының қазақ өкілінен сайлануы тиістігін қорғап қалу жолындағы іс-әрекеті еліміздегі барша басқарушы элитаға үлгі болуға әбден лайық мысал екені дау туғызбайды.

Ағаның әділдік үшін күресі мұнымен аяқталған жоқ, сол 1989 жылғы 25 сәуірде депутаттық сұрау салып, желтоқсан оқиғаларын және оның құпия шындықтарын ашу қажеттігін көтерді, сол мәселе жөнінде жұртшылық өкілдері қатыстырылатын комиссия құруды талап етті. Бірақ құрылған комиссия құрамына, рас, Есенәлиев енгізілген жоқ. Өйткені аталмыш комиссия Желтоқсанның қасіретті күндеріндегі оқиғаның жай-жапсарын бүркеулі күйі қалдыруды көздеген есеппен құрылған еді, ол советтік дәуірдің көп кезеңінде сынақтан өткен биліктік амалдың туындысы болатын. Сондықтан да алғашқы Желтоқсан комиссиясы жұртшылық күткен қорытындыны жасауға қауқарсыздық көрсетті. 1989 жылғы 25 мамырда Мәскеуде Халық депутаттарының бірінші съезі ашылғаны, онда халық депутаты Мұхтар Шаханов 1986 жылғы 17–18 желтоқсан күндерінің ащы шындығын жаһанға жария еткен әйгілі сөзін сөйлегені мәлім. Республикамызда оның басшылығымен жұмыс істеген екінші комиссияға да Михаил Есенәлиев енгізілген жоқ. Ол өзінің депутаттық сауал салуынан кейін, көп ұзатпай-ақ, зейнетке жіберілген болатын. Себебі ол жүздеген биік дәрежелі функционерлер ішіндегі әділетсіздікке төзбейтін, шындықты қасқая қарап тұрып бар дауыспен айтудан тартынбайтын жалғыз күрескер еді. Ал қалғандары сұрқай ләббай-тақсыршыл, үстем ырықка бейімделгіштер болғандықтан, түрлі жолмен одан құтылуға асыққан. Осы орайда республика басшылығына Колбин әкелінген сәттегі Пленумға қатысушылардың жәй ғана қостап қол көтеруші болып қалғанына, ЦК-ның төрт жүз мүшесінің арасынан жоғарыдан тағайындалып отырған жаңа бастыққа ең құрығанда қарапайым сауал қоятын бір коммунистің табылмағанына күйінгенім еске түседі. Шынтуайтында, сол үн-түнсіз қостаушылар қатарында Михаил аға да болған еді ғой. Неліктен ол сонда үнсіз қалды екен? Осындай сұрақты оған бертінде байырғы әріптесі Қанапия Ахметов қойғанда: «Ол кезде мен мұндай қадамға дайын емес едім, – деп ашық жауап берді. – Мен абыржып қалдым. Саяси Бюроның әлгі қаулысы шыққанда ғана мен мұндай саясатпен бұдан әрі келісуге болмайтынын ұқтым...» Ұқты, ұқты да, батыл түрде ашық әрекетке көшті. Бәлкім, одан басқа төрт жүз қаралы элита да абыржыңқы күй кешкен болар, бірақ 1988 жылғы қаулы олардың көңіліне күдік туғызған жоқ қой, олар сол шақта да, одан кейін де бір ауыздан қол көтеріп дауыс берушілер сапында қала берді емес пе. Сондықтан да тек осы жәйттің өзі Есенәлиев құбылысын айшықтай түседі.

Мәкеңнің күрескерлік қырының мән-мазмұнын, сұп-сұр ортадан суырыла шығып жасаған қаһармандығының қандай маңызды өзгерістерге түрткі болғанын мейлінше айқын түсіну үшін – тарихқа шамалы шегініс жасап көрген абзал. Совет өкіметі қазақ халқының дамуына таптық негізде болса да кең жол ашып, мол мүмкіндіктер бергені мәлім, бірақ, өкінішке қарай, біздің әр кезгі саяси элита оны дұрыс пайдалана алмады. Кеңестік билік 1919 жылы қазақ өлкесін басқаруды жүзеге асыру және қазақ автономиясын жариялайтын құрылтайшы съезді өткізуге дайындық жасау үшін арнайы әскери-революциялық комитет құрды. Содан соң осы Қазревкомның төрағалығына большевиктер қатарында жемісті еңбек етіп жүрген қазақ азаматын ұсынды. Алайда ревком мүшелері оны қабыл алмады. Ұлт істері жөніндегі советтік комиссар олардан ондай жағдайда революциялық комитеттің бекітілген құрамы ішінен өз кандидатураларын атауды сұрады. Сонда олар, ұлттық қозғалыстың әр кезеңінде әр қиырда қызмет еткен, бірақ царизм дарытқан құлдық психологиядан толық арылып үлгермеген түрлі деңгейдегі сарбаздар, отар ел қайраткерлерін біріктіруі тиіс ортақ мүддені сол уақытқа дейін айқын түсінбегендіктерін танытты. Қазақ халқының көп рудан құралғанын сылтауратып, комитетті басқаруға большевиктік орталықтың өзі сыннан өткен адамын берсе деген өтініш айтты. Большевиктік орталық сыннан өткен адамын берді. Есесіне, осы бір көшпенді халықтың саяси сана-сезімі толық оянбаған деген ойға беки түскені шығар, тәбеті ашылып, өлке большевиктерін, солар арқылы күллі елді басқаратын лауазымға ондаған жылдар бойы қазақ қайраткерлерінің ешқайсысын жуытпады. Бұл дәстүрді бұзудың бір мүмкіндігі 1925 жылы туған еді. Екі өлкедегі жер-суы біріктірілген Үлкен Қазақстанның алғашқы кеңестік құрылтайынан кейін республика партия ұйымының басына қазақ қайраткерін сайлап алуға қолайлы ахуал орнаған. Алайда біздің саяси элита оны пайдалану жолын қарастырудың орнына, обком бюросының отырыстарында бір-біріне әсіре сын айту арқылы өз ішінен ешкімнің дараланып төбеге шықпауына көп көңіл бөлді. Бірі Мәскеуге Қазақстандағы «жаңа ұлтшылдарды» әшкерелеген баян-хат жіберіп жатса, енді бірі тікелей Кремльге барып, жағдайды Орталық Комитет пен Бас хатшыға ауызша түсіндіріп жүрді. Осындай қылықтарымен олар төрт-бес айдай бос тұрған бірінші хатшының орынтағын «көлденең көк аттының» иемденуіне жол берді. Ал ол, баршамыз білетіндей, қазақ халқын ұлттық апатқа ұшыратқан 32-ші жыл қасіретін жасады. Егер Есенәлиевтің тап сондай «көлденең көк аттының» аранын тыйған 1988 жылғы ерлігі жасалмаса, Қазақ елінің түрлі «ұлттық пәтерлер» мен «тиімді экономикалық аймақтарға» бөлшектеніп кетуі әбден ықтимал еді. Осыларды терең зерттеу, Мәкең секілді мемлекеттік қайраткер танытқан феноменнің сырын жан-жақты парықтап, көпшілікке жеткізу, әсіресе жастарды тарих арқылы тәрбиелеу ісіне пайдалану жолға қойылса, бұлардың тәуелсіздік іргесінің берік болуын бекем қамтамасыз етері сөзсіз.

Зейнетке жіберілгеннен бергі жылдары ол дипломатиялық қызметте болды. Университет профессоры ретінде оқытушылықпен шұғылданды. Қоғамдық жұмыстар істеді. Бар уақытта да қолынан қаламы түскен жоқ. Тәуелсіз елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформалар мен елдің дамуы барысында бой көрсетіп қалатын өзекті мәселелерге жедел үн қатып тұрды. Әрі қолдаушылық, әрі сыншылдық тұрғыда көптеген мақалалар жазды. Бүгінде том-том боп жұртшылық қолына тиген Есенәлиевтің шығармашылық мұрасы тәуелсіздік күрескерлеріне сарқылмас рухани нәр бере алады. Оны зерттеу керек, үзбей оқып-үйрену керек...

2000 жылғы 18 мамырда осы атақты мемлекет және қоғам қайраткері Хакім (Михаил) Есенәлиевтің тұрған үйіне естелік тақта ашуға арналған жиын болды. Сол жиында академик Салық Зиманов: «...өз халқының және басқалардың бақыты үшін ол біздің діні қатты әлемді жұмсағырақ, жайлырақ етуді қалап еді; ол әділетсіздікке қарсы күрескердің қажымас-қайтпас жігеріне және гуманистің ақыл-ойына ие еді. ...Ол құтқарушы миссияны алып жүр еді. Менің қазақы халқым, қазақстандық халық, біздің бәріміз үшін ұлы іс жасаған осы ұлы адамға иіліп тағзым ет...» – деген болатын. Тереңнен толғаған жүрекжарды сөз. Бұған алып-қосар ештеңе жоқ. Осынау тамаша азаматты бүкіл халық қадір тұтуға тиіс. Бұл үшін деректі, көркем-танымды шығармалар жазу, фильмдер түсіру, ескерткіштер тұрғызу қажеттігін есте тұту парыз.

Дау-дамайсыз ақиқат сол, Мәкең – кеңінен ұлықталуға лайық мемлекет және қоғам қайраткері. Оның өмірлік мұраттарынан, ұлт-азаттық қозғалыстың соңғы тұяқ серпуі іспеттенген қасіретті Желтоқсанға және одан кейінгі өзгерістерге байланысты іс-әрекеттерінен, тәуелсіздіктің қарсаңы мен алғашқы жылдарында жазған терең мағыналы мақалаларынан барша азамат тағылым ала алады. Мен өзімді Желтоқсан күндері жападан-жалғыз қалдырып, «саяси тұрғыда сенімсіз» таңбасын арқалатқан советтік республика парламентінің партия жиналысындағы сөзімде ұстанған позицияма, алға тартқан байламдарыма тіректі көп ұзамай Есенәлиев сынды ірі қайраткер һәм публицистің туындыларынан көргеніме бек ризамын. Туғанына тоқсан жыл толып отырған осы күндері тағы да екпін қоя айтқым келеді: мен оны, Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиевті, тоталитарлық қасаң замандағы тарихи мәні зор қаһармандық қадамдары үшін қатты қадірлеймін. Аруағына тағзым етіп, басымды иемін.

Суреттерде: «Ақ семсер. Белый меч» жинағы. Жинақтағы М.И. Есенәлиев суреті.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарихшы.