2013 жылы Қазақстанның шығыс өңірінен табылған «Үржар ханшайымы» атты тарихи мұра ҚР Ұлттық музейінің «Алтын залына» қойылды.

«Ұлттық музей залдарды реэкспозициялау бағытындағы кең көлемді жұмысты қолға алды. Музей залына жаңадан реэкспозициядан өткен «Алтын залына» «Берел», «Тасарық», «Әулиекөл», «Түйетас», «Қарақаба», «Аян» және тағы да басқа өте сирек кездесетін артефактілер қойылды. Ондағы ең басты экспонат б.з.д. IV-III ғасырларда жерленген теңдесі жоқ абыз-әйел», - деп хабарлайды музейдің баспасөз қызметі.

Хабарламада айтылғандай, Тасарық қорғанынан табылған абыз-әйел «Үржар ханшайымы» аталған. Оның қаңқа сүйектерінде жасыл және көк түсті матаның қалдықтары сақталған. Сондай-ақ, қорғаннан қыш және ағаш ыдыстар, қой сүйегі және алтын әшекейлі бас киім табылған.

«1969 жылы Есік қаласынан табылған «Алтын адамнан» кейін, 50 жылдың ішінде күні кеше табылған «Елеке сазы» алтын адамын қосқанда, Қазақстан өңірінен 7 алтын адам табылды. Мұның барлығы біздің ерте заманда өмір сүрген рухы мықты, мәдениеті зор халықтың ұрпағы екенімізді көрсетеді. Ал 2013 жылы табылған «Үржар ханшайымы» музейдегі басты жәдігердің бірі болмақ», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Алмаз Нұразхан.