«...Жазылмаған тарихымның жолдарын, ауызекі аңызыңнан іздедім» деген екен бабаларына жыр арнаған ақын Мұқағали. Расында да, аттың жалы, түйенің қомында өткен бабаларымыз арғы тарихын аңызға мұра етіп, ұрпағына ұлан байтақ даланы қалдырып кетті. Бүгінгі буын үшін енді осынау кең көсілген жердің шып-шырғасын шығармай ұрпағына қалдырмақ - жауапты міндет. Осы ретте кейінгі буынның санасына қазақтың қастерлі жерінің киесін сіңіру, баба мұрасын аманаттау жүктелген «Қасиетті Қазақстан» орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлын сұхбатқа тартқан едік.

- Берік Әбдіғалиұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізгінін ұстап, бір жылдың ішінде орталықтың біршама жұмыс атқарғанына ел куә. Осы ретте «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бір жылдық жұмысының негізгі қорытындысы туралы не айтар едіңіз.

  • Ең біріншіден, біз бір жылдың ішінде Қазақ жерінің киелі де қастерлі, қасіретті де әулиелі жерлерінің тізімін анықтадық. Киелі жерге тағзым ету, барып дұға оқу, түнеу - ата-бабамыздан келе жатқан ізгі дәстүр. Киелі жерлеріміздің бәрін түгендеп, тұңғыш рет олардың ортақ картасын жасап жатырмыз. Сондықтан, ең біріншіден, ол жерлердің тізімін анықтау әсте оңайға түскен жоқ. Ол үшін бүкіл аймақтарды араладық. Басты талабымыздың бірі - халықтың бұл жерлерді өзі анықтайтындай жұмыс жүргізу еді. Сондықтан, әрбір өлкеде өлкетанушылар мен ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерінің бірігуімен облыстық комиссиялар құрылды. «Қасиетті Қазақстан» орталығында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сараптамалық комиссия құрылды. Оған елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енді. Сараптамалық кеңес тізімді қарастырып, арнайы анықтамасын республикалық БАҚ-тарға жариялады. Ел аумағында көпшілік біле бермейтін киелі жерлер бар, бұрыннан белгілі, халқымыз тәу етіп жүрген орындар да бар. Әр жердің өз киесі, діни және ғұрыптық ескерткіштері сақталған. Біз олардың барлығын біріктірдік. Діни, ғұрыптық, тарихи сонымен қатар, қазақ ұлтының пісіп жетілуі жолында ерекше орын алатын саяси жерлерді де қостық. Батырлар тарихына, Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жерлерге баса назар аудардық. Тізімнің бірінші мазмұны мақұлданды. Оның ішінде Орбұлақ, Аңырақай, Бұланты шайқасы, өңірлерде Қалмаққырылған деген бірнеше жерлер бар. Батырлықты, қайсарлықты насихаттап, сол арқылы ұлттық құндылықты паш еткіміз келеді. Батырлардың арқасында осынау кең байтақ жерді алып қалғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Мұндағы мақсат - батырлық рухты жандандыру. Бүгінгі күні өкінішке қарай батырлық рух бізде басылып қалған сияқты. Кермиық кең көсілген даламызда ғұлама тұлғаларымыздың, жыраулар мен елге еңбегі сіңген ерлердің, хандарымыз бен билеріміздің ізі сайрап жатыр. Сырым, Досан, Исатай мен Есет, Жанқожа, Кенесарының жанында жүрген әрбір батырдың атын көрсеттік. Тарихта біршамасы ұмытылып қалған. Әлі зерттеуді қажет етеді. Елдің бірлігін насихаттайтын жерлер бар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстандағы Таңбалы тас деген жерде (қазір орны ғана бар) бүкіл қазақтың таңбалары бекітілген. Сондықтан, ондай орындарды назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Олармен қатар Қазақ елі монументі, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі бар. Ол ескертіштер қазақ елінің тәуелсіздік идеясын, мәңгілік елдікті насихаттайтын ескерткіштер. Ұлттық рухы асқақ, рухы биік халықты қалыптастыру үшін құндылығына көбірек мән береміз.

- «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ІІ республикалық форумында «тариxи нысанның арxеологиялық құндылығы мен арxитектуралық әсемділігі маңызды емес, ең бастысы - аңызы» деген едіңіз. Тарихи нысандарды зерттеу кезінде бір емес, біршама еңбекке жүк боларлық аңыз-әпсаналар жиналған болар?

  • Әлбетте, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көбінесе біз ғалымдар мен өлкетанушылардың еңбегіне сүйенеміз. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Туған жер» өлкетанушылар одағы құрылып, өңірлерге былтыр аңыздарды жинауға шықтық. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Биыл өңірлердің өздері экспедиция ұйымдастыруға ниет білдірді. Аңызды жинау керек! Ол айналып келгенде еліміздің шежіресі. Сондықтан, міндетті түрде ескерткіштер бізге аңыз арқылы ықпал етеді. Оның үстіне тау болсын, көл, бұлақ болсын оның бәрі де бір аңызбен байланысты. Барып, сол жаққа түнеп, құдайға жалбарынып, бала сұрап немесе сырқатына ем іздеген тілектердің қабыл болып жатқанын кездестіреміз. Оның бәрі біздің болмысымызда, дәстүрімізде бар дүние. Жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, бұл да - дәстүрді жаңғыртудың бір жолы. Жай халық емес, жердің осынау ерекше киесін ғалымдар да мойындайды. Энергетикасы өте жоғары, ғылым әлі түсіндіре алмайтын жерлеріміз бар. Мысалы, Қоңыр Әулие, Ақмешіт, Жылаған ата, Иманқара үңгірлері - ежелден киелі орын есептеген, бәрінің де тарихы, аңыздары бар.

- «Қасиетті Қазақстан» орталығы киелі жерлердің интерактивті картасын жасады, энциклопедия мен кітабын әзірлеуден бастап біршама жұмыс атқарды. Ендігі кезекте, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айқындалған киелі орындар мен нысандар бойынша орталықтың келесі қадамы қандай болмақ?

- Ең бірінші қорытынды - біз тізімді жасадық. Ендігі кезең - міндетті түрде осыны халыққа жеткізе білу. Кітап шығарғанымызды білесіздер. Әрине, ол бәріне жете бермес. Сондықтан, интернетті белсенді түрде қолданып жатырмыз. Карта құрылып, шағын роликтер түсірілді. Үйде отырып-ақ анықталған қазақтың қасиетті жерлерін көріп, аңызына қанығуға болады. Бұның бәрі де біздің ары қарай насихаттай білуімізге байланысты. Туризмді дамытамыз. Өйткені, аймақтарда жүзден астам осынау қасиетті жерлерге туристік бағдарлар ашылғалы жатыр. Ең алдымен, жеріміздің киесін жас ұрпаққа ұқтырғымыз келеді. Тізім бұнымен шектеліп қалмасы анық. Әлі де зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Тағы да қасиетті жерлер табылары сөзсіз. Өкінішке қарай, біздің әсіресе солтүстік аймақтарда тарихты ұмытып қалған жағдайлар кездеседі. Сондықтан, экспедициялар әлі де жүргізіледі. Арнайы кинолар түсіріліп, кітаптар басылады. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы - ұлтты жаңғырту екенін түсіну керек. Бұл - Қазақстанның бүгінгі жаһандану заманында өзін-өзі сақтап қалу үшін жүргізіліп жатқан әрекеті. Халықты руханият қана сақтап қалады. Біріміз ағылшынша, біріміз орысша қисая берсек, түріміз қазақ, бірақ ойымыз қазақы болмай кетері даусыз. Тілді ұмытқаннан адам дәстүрден де мақұрым қалады. Атымыз қазақ болғанымен, затымыз қазақ болмай кететін қауіп жоқ емес. Сондықтан, Руханият - жат идеологиядан өз-өзімізді қорғау. Киелі жерлер - ол біздің тарихымыз. Осы арқылы өз-өзімізді сақтап қалудың амалын жасап жатырмыз. Өскелең ұрпаққа туған жеріміздің киесін тарих пен құндылықтар арқылы түйсіндіру, қызықты етіп жеткізе білу керек. Сондықтан, бүгінгі күні қолға алынып жатқан ұлтты жаңғырту жұмысы - рухани құндылықтар арқылы жаңа бәсекелестік, прагматизм қатарлы басымдықтардың бәрін біріктіреді. Әлемдегі озық елдердің бәрі ұлттық дәстүрі арқылы күшейген. Жапония, Қытай, Корея, Араб елдері, Түркия, Еуропа елдерінің мәдениетін қазір бүкіл әлем біледі. Рухы биік елді ешкім жаулап ала алмайды. Себебі, қазір шайқас әскермен ғана емес, ақпараттық тұрғыда «миды жаулау» бағытында да қызып тұр. Мұндағы қалқанымыз - руханият болуы керек. Сондықтан, сыртқы әсерлерден сақтану үшін біз ұлттық иммунитетімізді күшейтудің қамын жасап жатырмыз.

- Ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлігіне айналған тарихи ескерткіштерді, тізімге енген киелі орындар мен нысандарды қорғау мақсатында мемлекет тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуі керек деп есептейсіз?

  • Бізде қасиетті жерлердің көп ескерткіштері мемлекетпен қорғалады. Бірақ, тізімге кіргенімен, оған жатпайтындар да баршылық. Бұлақ, тау - тарихи ескерткіш деп есептелмейді. Бірақ, оның материалдық емес құндылығы - аңызы бар. Сондықтан, заңға (Тарихи ескерткіштерді қорғау заңына) «қасиетті жерлер» деген бапты қоссақ, сол арқылы арнайы бекітілген мемлекеттік тізім (реестр) жасалады. Әр объектінің паспорты белгіленеді. Сол паспортта бәрі бекітіліп, құжат ретінде әрбір қасиетті жерлердің мәртебесі айқындалады. Ол жер міндетті қорғауға ілініп, екіншіден мәртебесіне сай өзінің туристік инфрақұрылымы, насихаттау картасы жасалады.

- Демек, сіз айтқан жұмыстарды заң жобасы ретінде ұсыну көзделіп отыр ғой?

  • Иә. Мәдениет және спорт министрлігі арқылы осы жұмысты жүргізуді көздеп отырмыз.

- Жоба аясында киелі өңірлер мен нысандарды зерттеу кезінде өзіңізді тарихшы ретінде таңғалдырған оқиғалар, болмаса бұрын білмеген тарихтың сыр-жұмбақтарына қаныққан кездеріңіз болды ма?

  • Экспедицияға барып жүріп, біздің жас мамандарымыз да көптеген тың деректерді тапты. Соның бірі - Кенесары ханның батырларына байланысты тарихты түгендеу. Шынында да, бұрын білмеппіз - Астананың түбінде Беспақыр деген бейіт бар екен. Аңыз бойынша, осы Қорғалжын жақта Кенесарының бес батыры жерленіпті. Кенесарының қарындасы Бопай ханшаның жерленген жері Ақтөбе облысында деген пайымы бар ғалымдар хабарласты. Содан кейін әртүрлі Торғай геоглифтері бар. Осындай жерлерді түгендеп, арнайы зерттеу жүргізбекпіз. Мысалы, Қостанай мен Челябінің арасындағы үлкен бір өркениет - Арқайым деп аталады. Бірақ, Арқайым секілді ескеркіштер бізде де бар, ол сол Ресейдегі Арқайыммен көршілес жатқан Қостанай облысы Денисов ауданындағы «Қазақстандық Арқайым» аталатын Қамысты тарихи ескерткіші. Арқайым өркениеті жақсы насихатталғандықтан, оны қазір бүкіл әлем біледі. Сондай қызықты ескерткіштердің бәрі - ата-бабаларымыздан қалған. Бұл жобаның басты мақсаты - тұтас тарихи сана-сезімді түйсіну. Біз кезінде сақ, сармат, ғұн, түркі, Шыңғыс хан империясының бір бөлігі болдық. Ру-ру болып елдікке айналып, тұтас қазақ ұлты болдық. Соның бәрі де - біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан, жоба ең алдымен тұтастықты, ұлттық бірегейлікті көздейді. Біз - бір елміз. Қазақстандағы әрбір қасиетті жер - барлық қазаққа ортақ болуы керек. Шығыстағы Ырғызбай ата тек шығысқа, батыстағы Жұмағазы ата батысқа ғана қатысты емес. Ол бәріне ортақ. Сондықтан, ақпаратты бірдей таратамыз. Туризмді дамытқанда Шығыс Қазақстанның туристері батысқа да, оңтүстікке де баруы керек. Құдайға шүкір, Әзірет сұлтан, Арыстан баб, Бекет ата, Ұлытау секілді бұрыннан әйгілі жерлер бар. Рухани отарлауға қарсы күрескен тұлғалардың да Науан қазірет, Қызылордағы Марал ишан дейміз. Ұлт үшін күрескерлердің жатқан жері де қасиетті. Сондықтан, біз ол орындарды насихаттау үшін осы тізімге бәрін кіргізіп отырмыз.

- Сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Жұмысыңыз алға баса берсін!

Аян Бекенұлы
ҚазАқпарат