Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін айтты.

Ол шешім қабылдамас бұрын Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқанын, парламенттің қос палатасымен кеңескенін айтты. Тоқаевтың сөзінше, бұл шешімді Конститутциялық кеңес мақұлдаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде Назарбаевтың билікті "бейбіт жолмен сабақтастырғанын" айтты. Президент "соңғы уақытта ел ішін аралап, Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанына көзім жетті" деді.

"Қоғамдық келісімді күшейтіп, экономиканың дамуын нығайту үшін нақтылық орнатуымыз керек" деді Тоқаев. Ол сайлаудың "ашық әрі әділ өтетінін" айтты.

8 сәуірде Тоқаев сенат спикері Дариға Назарбаеваны, премьер-министр Асқар Маминді, Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәмиді, мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконы қабылдаған.

Бүгін, 9 сәуірде, Ақордада Тоқаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевті, Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Айқын Қоңыровты, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевты қабылдады.

Қазақстанда соңғы президент сайлауы 2015 жылы 26 сәуірде өтті. Ол кезектен тыс сайлау болды. Ал президент сайлауы Конституцияда көрсетілген мерзімінде тек бір рет – 2005 жылы 4 желтоқсанда өткен. Қазақстанда бес рет президент сайлауы және бір рет мемлекет басшысының өкілетін созуға арналған референдум өтіп, барлығында Нұрсұлтан Назарбаев басым дауыспен жеңіске жеткен.