«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында британдық ойшыл Карен Армстронгтың «Құдайтану тарихы» кітабының аударылуына атсалысқан профессор Амантай Шәріп туындыны аудару барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Амантай Шәріп «Құдайтану тарихы» кітабының аударылуымен бірге, редакциялауына да атсалысқан.

«100 оқулық» аясында аударылған кітаптардың бірі - дүние жүзіне әйгілі ғалым, теолог, публицист, британдық ойшыл Карен Армстронгтың «Құдайтану тарихы» кітабы. Сол кітаптың аударма және редакциялау тобының ішінде болдық», - дейді Амантай Шәріп Астанада өткізілген «Еркін сөйле» атты неконференцияда.

Оның айтуынша, кітап қазірге дейін әлемнің 40-қа жуық тіліне аударылған.

«Карен Армстронгтың 11 кітабы орыс тіліне аударылыпты. Оның барлығы танымал кітаптар. Ұлттық аударма бюросы көптеген өлшемдерге қарай отырып, осы Армстронгтың бүкіл шығармасының ұйтқысы болып табылатын «Құдайтану тарихы» деген кітабын таңдап алды. Бұл кітапты бір ғана теологияның немесе философияның ауқымына шектеп қоюға болмайды. Жалпы, туынды гуманитарлық мамандар үшін үлкен азық болатын дүние деп есептейміз. Көпқыртысты, көпмағыналы кітап бүгінгі күнге өте өзекті. Себебі, автор мұнда адамзаттың бүкіл идеяларын шоғырландыруға күш салған», - дейді ол.

Амантай Шәріп діндердің тарихын қараған кезде Армстронг әрбірін жеке-жеке бөлектеп тастамай, бір-бірімен сабақтас екенін қадай айтып, адамзаттың Жаратушыны тануға деген ізденістерін келтіріп, бірлікке, толеранттыққа, өзара түсіністікке шақыратынын атап өтті.

«Сонымен қатар, бұл тенденциялық бағыттағы емес - ғылыми-танымдық кітап. ЖОО-лардағы гуманитарлық мамандық алып шығатын студенттерге бұл бір айтулы оқу құралы болайын деп тұр. Кітап жазылғалы бері ширек ғасыр өтіпті. Алғашқы басылымы 1993 жылы шыққан. Карен Армстронгтың өзінің айтуынша, кітап жазылып жатқанда автор көп баспаларға шыққанымен, дін туралы болғандықтан, туындыны ешқайсысы қабылдамапты. Ал енді өзіңіз көріп отырғандай, кітап жарық көргеннен кейін қазір ол халықаралық бестселлерге айналып отыр», - деді ол.

Профессор сонымен қатар, кітапты аудару барысы туралы айтты.

«Бір тілден екінші тілге аударма жасауда әлбетте оңай емес. Өйткені, біріншіден, ол - менталитеттің мәселесі. Ағылшын басқаша, біз басқаша ойлаймыз. Сондықтан, бір тілдегі ұғымды екінші тілге ұғынықты етіп жеткізу күрделі. Кітап маған редакторлыққа келгеннен кейін туындыны бір ізге түсіруге тырыстым. Өйткені, бір ғана терминді қазақ тіліне кіріктірудің өзі қиын. Айталық, «Козел отпущения» деген ұғым бар. Ол тіркесті қазақ тіліне кіргіземіз? Мен осы үшін ғана бір күн ойланып жүрдім. Оны сәтті аудару үшін аталған сөздің қайдан шыққанын білу керек болды. Сөйтсек, бұл құрбаныққа шалуға қатысты рәсімі екен. Құрбандыққа шалу кезінде еврейлер бір бұзауды, бір қозыны, екі текені алып келеді екен де, құрбандыққа шалады. Осы кезде екі текенің біреуін аман қалдырады. Қалғаны өлтіріліп, отқа жағылады. Осы текені аман сақтап, еврейлер бүкіл адамзаттың күнәсін соған арқалатып, мүйізіне қызыл жіп байлап, еркіндікке жібереді екен. Сонда ол не мағына? Еврей тілінде «әзәзау» деген сөз бар. Әзәзіл ғой біздіңше. Бірақ, оны әзәзіл теке деп аудара алмадық. Сондықтан, ол сөзді күнәһар теке деп алдық. Міне, осындай бір ғана сөзді аудару үшін арғы мағынасына үңілу қажет. Сол секілді «небесная манна» - көктің күлшесі деп аударылды. Осы секілді мысалдар көп», - дейді Амантай Шәріп.

Еске сала кетсек, 12 сәуірде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған болатын.

Автор: Аян Бекенұлы