Алматы қаласы халқының әлеуметтік жағдайы басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Қала басшылығы табысы аз және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету бағдарламаларын күшейтуді жалғастыра береді.

Биылдан бастап Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің басшылығымен «Бақытты отбасы» арнайы тұрғын үй бағдарламасы қолға алынады. Мұның мәнісі мынандай: Көпбалалы отбасыларға баспана алу үшін 2 пайыздық ипотека беріледі. Отбасы алдымен пәтер құнының 10%-ын банкке құю керек. Ондай қаржы көп балалы отбасыда бола бермейді. Сондықтан қала бюджетінің есебінен көп балалы әрбір отбасыға алғашқы жарнасы үшін 1 млн теңгенің сертификаты тапсырылады. Осылайша көп балалы отбасы несиенің қалған бөлігін 2%-дық үстемемен құны 15 млн теңге тұаратын пәтерді 18 жыл бойы төлеп, баспаналы болады. Қазір баспана кезегінде 1276 көп балалы және толық емес отбасы тұр. Бұл бағдарлама тұрғындардың осы санатына арналған.

Көп балалы отбасылардың тұрмысын жақсарту үшін жасалып жатқан тағы бір келелі іс бар. Биылдан бастап көп балалы және табысы аз отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақшаға тегін баратын болды. Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде осылай деп хабарлады.

Оның айтуынша, ата-аналар бала бақшадағы балдырғанның тамағы үшін 18 мың теңге ғана төлейді, ал қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидиялап жатыр. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша бала бақшадағы 51 мың орынға 16 млрд. теңге бөлінді. Биыл бұл сома 1,8 миллиардқа артады. «Осы қаражаттың есебінен «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақша тегін болады» деді Бауыржан Байбек.

Қазір Алматы қаласында тұрмысы төмен отбасылардан 14 мыңнан астам балаға мектепте бір мезгіл ыстық тамақ беріледі, 3475 балаға мектеп формасын сатып әперді, 2333 балаға қаржылай көмек көрсетіліп келеді, 1050 балаға жазғы демалыс лагерьлеріне жолдама беріледі.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қала әкімдігі тұрмысы төмен отбасылардағы оқу үздіктеріне стипендия тағайындайды. Бұл балалардың білім алуға құштарлығын арттырады. Үздік оқыған университет пен колледж студенттеріне ай сайын 10 мың теңгеден, ал мектеп оқушыларына 5 теңгеден беріледі. Биыл республика бойынша бөлінген гранттардың 40%-ы немесе 27 мыңы Алматыға тиесілі. Олар мемлекеттен стипендия алып оқиды. Егер олар да үздіктер қатарында болса, стипендиясынан басқа тағы да 10 мың теңге алатын болады.

Былтыр Алматы қаласы әкімдігі «Алматы Жастары» бағдарламасын жүзеге асырды. Бір жыл ішінде құны 10 миллионға дейінгі 238 пәтер жас отбасыларға 5%-дық несиемен берілді. Енді жаңадан салынған үйлердегі құны 15 млн. теңгеден аспайтын пәтерлерге несие беруді бастайды. Биыл Алатау және Наурызбай аудандарында осындай 500-ден астам жаңа пәтер пайдалануға беріледі. Бұдан басқа да құрылыс жанданады, ескі үйлер сүріліп, олардың орнына жаңа үйлер салынады. Мемлекеттік және жекешелік әріптестік бойынша алдағы бес жыл ішінде 23 мың пәтер салу жоспарланған.

Ал соңғы 3 жыл ішінде қаладағы 10 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Оның ішінде 1356 пәтер қалалық тұрғын үй қорынан бөлінді, 8 мыңнан астамы жеңіл ипотека бойынша таратылды. Жаңа пәтерге ие болғандардың 40%-ы әлеуметтік жағдайы төмен категориядағылар: 2375 пәтер көпбалалы және толық емес отбасыларға, 564-і мүмкіндігі шектеулі жандарға, 345 пәтер жетім балаларға, 165 пәтер зейнеткелер мен ардагерлерге берілді.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек соңғы екі апта ішінде 600-ден астам анамен ондаған кездесу өткізіпті. «Жүздеген өтініш сараланды, ең өткір мәселе - тұрғын үй, коммуналдық қызмет төлемі, оқу мен жұмысқа орналасу. Барлық өтініштер, адрестік әлеуметтік көмек әдісінің өзгерісін қоса Үкімет жанындағы жұмыс тобына жіберілді» деді Бауыржан Байбек. Ал әкімдік өз деңгейіндегі күш пен ресурстарды пайдаланып, бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырады. Қала тұрғындарына, соның ішінде көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуді арттыра береді.

Тоқтар Жақаш

«Тәуелсіз журналистер клубы»