Шетелдегі қазақтар өздерін толғандырған сұрақтарына бірыңғай байланыс орталығына хабарласып жауап ала алады.

«Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталықтан шетелдегі қандастар Қазақстан азаматтығын алу, әлеуметтік жеңілдіктер мен төлемдерді төлеу туралы, сондай-ақ мемлекеттік көмектер мен оралман квотасын алуға қатысты ақпараттарды ала алады.

«Бірыңғай байланыс орталығы қажетті ақпараттарды беруден бөлек, шетелдегі диаспоралармен тікелей жұмыс істеп, өзара байланыста болады. Бұл қызмет сырттағы қандастарымызға қолдау көрсетудің бір бөлігі ғана, алдағы уақытта орталық ашуды да көздеп отырмыз, әзірге өздерін мазалаған сұрақтарының жауабын телефон арқылы ғана ала алады. Алдағы уақытта бірыңғай байланыс орталығының жұмысы шетелдегі қандастарды қолдауға арналған бағдарламаның ішіне енетін болады. Бұл бағытта бүгінде тиісті шаралар қолға алынуда. Орталыққа әлемнің барлық бұрышынан тиісті нөмер арқылы тегін хабарласуға болады», - деді «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев.

Одан бөлек, орталық шетелдегі қандастарға мемлекет тарапынан берілетін түрлі бағдарламаларды түсіндіріп және оларға қатысу үшін құжат жинауға қолдау көрсетеді.

Шетелдегі бауырлар байланыс орталығына 1404 (ұялы телефонға арналған), 8-800-080-1404 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу), +7 (7172) 981404 (Шетелден қоңырау шалу) нөмірлері бойынша хабарласа алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталық қызметі үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап тестілеу режимінен өтті.

Сонымен қатар, шетелдегі отандастармен байланыс орталығының жұмысы мен оның сапасын қамтамасыз ету мақсатында Отандастар қоры мен Қазақтелеком арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.

Ол бойынша орталықтың жұмысын одан әрі дамыту көзделіп отыр, яғни келешекте мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың барлық ақпараттық жүйелерімен біріктіріледі.

Сондай-ақ, алдағы уақытта пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін WhatsApp, Telegram және Skype коммуникациялық қосымшалары арқылы кеңес алу мүмкіндігі туады.