ҚазАқпарат - Ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында журналистерге арналған аллея ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан құрылысшылар одағы мұрындық болған шараға 14 БАҚ-тан 40- тан астам журналист қатысты. Олар өз қолдарымен аллеяның алғашқы көшеттерін егіп, аумақтың жалпы жоспарымен танысты.

Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, бұл аллея БАҚ өкілдерінің ешқандай аккредиттеусіз, еркін кіріп, пікір алмасатын жасыл бұрышына айналмақ.

«Құрылыс саласында қордаланған мәселелерді батыл айтып, сала қызметкерлерінің мұң-мұқтажын да ашық көтеретін БАҚ өкілдері. Сол үшін кәсіби мереке қарсаңында осындай сый жасауды ұйғарған едік. Бұл елордада ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша журналистерге арналған жалғыз аллея. Көшеттермен бірге сұхбат орындықтарын да сіздерге арнап алдырдық. Бұл бастаманы «сhallenge» ретінде басқа өңірлердің құрылысшыларына жолдаймыз», - деді ол. БАҚ өкілдері атынан сөз сөйлеген шара қонақтары құрылысшылар одағының көрсеткен құрметіне алғыстарын білдірді.