Қазір өңірлерде жиын-терім жүріп жатқан кез. Оңтүстікке жолыңыз түсіп келе қалсаңыз ауыл-ауылды аралап, өріп жүрген өзбекті көрер едіңіз. Патриоттығыңыз ұстап кетіп: «Бұлар қазақтың аузындағысын жырып алып, тасығанын қашан қояр екен?» деп кейістік танытуыңыз әбден мүмкін. Бұлай етсеңіз, қателесіз, заңға да, адамгершілікке де қайшы келгеніңіз. Өйткені бұлар шекара асып, бірдемесін ішіне бүгіп келтен өзбекстандық өзбектер емес. Өзімідің бір теріні бірігіп илеп жүрген қазақстандықтар, яғни «бірді қайтсем екі етем» деп, күн көрістің қамымен диханшы қазақтың тауарын сатып алып, қалаға апарып үстемелеп сатып, тірлігін дөңгелетіп мемлекетіміздің экономикасына өз үлесін қосып жүрген өзбек ағайындар. Дәл осы жерге келгенде тағы ішіңіз бүлк ете қалады: «Қазақтың төрт құбыласы түгел ме? Неге осы кәсіппен қазақтың өзі айналыспайды?» Жөн сөз! Жұмыссыз, күйсіз жүрген қазақ аз ба? Бізді осы сұрақтар мазалап, диханшы қазақтардан сыр тартудың сәтін түсірген едік.

Шаруалармен сұхбат құрғанда түйгеніміз - диханшы қазақ, саудагер қазаққа тауарын сатудан қашқақтайды екен. Себебі, қандас қазаққа тауарын саудалағаннан гөрі өзбек ағайындарға пұлдаған тиімді. Неге? Мұның да жауабын диханшылардың өзі айтып берді.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бауырларымыздың басым бөлігі сауда ісінен мүлде хабарсыз. «Тіпті сауданың қарапайым ережелері мұрнына бармайды» деп күйіп-піседі олар. «Сонда қалай?» дейміз ғой баяғы. «Айта берсең, әңгіме көп» дейді олар. Оның жайы мынандай екен. Біріншіден, саудаға қатысты құрал-жабдығы сай емес, ұқыптылық аз. Таразы бар, қорап жоқ. Қорап болса, таразы жоқ дегендей олақтық, салақтық басым. Мысалы, сіздің сататын 10 жәшік алмаңыз бар делік. Мұны жинап-теріп дайындап алып кету үшін олар бүтін бір күніңізді алады. Уақытыңызды алып қана қоймай кемі бір жәшік алмаңызды ұрып-соғып, адам қарағысыз етіп бүлдіреді. «Мұның қалай?» десең, «Алма жерде жатқан тас емес қой!» деп өзіңе күш соғады. Сосын өзіңіз де бүлінген алманы сатуға ыңғайсызданып малға бересіз. Ал өзбек ағайындар бұл шаруаны бір-екі сағатта тап-тұйнақтай етіп бітіреді. Әрі сататын алмаңыз да бүлдірмей түгел алып кетеді.

Екішіден, қазақ саудагерлері тауарыңызды қарызға алуға бейімделіп, қолын ысқылап құлшынып тұрады. Қалтасында ақшасы бола тұра қарызға сұрайды. «После реализации берем ғой» дейді. Мақұл, бұған да көнейін десең ақысын түгел бермей күйдіріп кетеді. Сондағы олардың жаман ойларын қараңыз, айтуынша, тауардың ақысын нақпа-нақ төлесе немесе түгел беретін болса, іздеп келіп тұрған ырыс-несібе басқаға ауып кетеді-мыс. Ырымдары сондай қазақ саудагерлерінің.

Үшіншіден, затыңызды алып болғанша міндет ұрып бітеді. «Шай бар ма?», «Қымыз әкел!», «Электронды тараз тапсай!», «Дихансың ғой, бағасын түсірсей!» деген сияқты әңгімелері көп. Ал өзбектер керісінше жасайды – көңіліңде дық қалдырмайды.

Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Құдайға шүкір, саудаға бет бұрып жүрген бауырларымыз баршылық. Бірақ, олар тым аз. Ауызға алуға тұрмайды.

Үкіметіміз «орта және шағын бизнесті дамытайық, қолдайық» деп жатыр ғой. Ендеше, ата-бабасы сауда жасап көрмеген қазақтардың осы мінезін ескеріп, арнайы бағдарламалар жасап, саудаға үйрету, түсіндіру жұмыстарын жандандырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сәкен Түсіпбек