Археологтар Ақтөбе қаласының айналасындағы ескі қорымдардан сармат дәуіріндегі адамдардың сүйегін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар24-ке сілтеме жасап.

Археологтар бір айдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан қорым «Бесоба» деп аталады. Мұнда біздің дәуірімізге дейінгі 5-6 ғасырда, яғни, сармат дәуірінде өмір сүрген адамдардың сүйегі табылған. Тұрмыстық заттар мен әшекей бұйымдарға қарап, ауқатты жандардың жерленгенін білуге болады. Археологтарға студенттер де көмек беріп жүр. Болашақ тарихшы мамандар осы жерде тәжірбие жинақтауда.

«Біздің экспедиция 3 қорғанды қазды. 1-курс студенттері бір апта практикадан өтіп кетті. Енді 3-4 күндік жұмыс қалды. Бұйыртса, қазып бітіреміз. Әбзелдер, адам сүйегі табылды. Өткенді білмей, болашақты болжай алмайсың дейді. Өткеніміз сарматтармен тығыз байланысты», - дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Айман Таумен.

Бесобада ең алғашқы зерттеу жұмыстары 1980 жылдары басталған екен. Барлық қорым зерттеліп бітпесе де, жұмыстар тоқтап қалған. Кейін бұл жер жекенің меншігіне өтіп, шаруа қожалығы егін сала бастапты. Көне қорымдардың жойылып кету қауіпі туған соң, археологтар кәсіпкермен келісімге келіп, қазба жұмыстарына рұқсат алады. Басты проблема - жерді жалға алғандардың көбі қорымның барын білмейді.

«Жойылып бара жатқан қорғандар өте көп. Әсіресе, Мәртөк ауданы, сосын Қарғалы ауданында өте көп. Жердің иесімен «тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау» заңы бойынша қорғау міндеттейтін құжат толтырып жатырмыз. Күзге қарай осы аймаққа 30 қорғау тақтайшасын 24 қорымға орнатамыз», - деп атап өтті Тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекцияның басшысы Аслан Мамедов.

Археологтар «тарихи жәдігерлер жойылып кетеді» деп алаңдап отыр. Себебі жекенің меншігіне өткен жер телімдерінде қазба жұмыстарын жүргізу қиын. Қазір мамандар шаруа қожалықтарымен келіссөз жүргізіп жатыр. Жалпы облыс бойынша, 700-ге жуық қорғауға жататын ескерткіш бар.