Алматыда салық төлемейтін такси жүргізушілері көлігінен айырылуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Салық ұйымының мамандары бір жылда Алматы қаласы бойынша салық тіркеуінсіз адам тасу қызметін көрсеткен 17 тұлғаны анықтаған. Олардың барлығына жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін 10 күн уақыт берілген. Сонымен қатар, салық органында тіркелу ескертілген.

"Оны істемеген жағдайда көлігін тәркілеу туралы жауапкершілікке тарту бойынша іс материалдары әкімшілік сотқа жіберіледі", - деді Медеу аудандық МКБ өкілдері.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабына сәйкес тіркелмеген жеке кәсіпкерлік және басқа да істер үшін тұлғаға 15 АЕК (37 875 теңге) айыппұл салынады және әкімшілік құқық бұзуға түрткі болған мүлкі тәркіленеді.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлікпен баруға болады. Салық мөлшері - табыстың бір пайызы.