Журналист-саясаткер, адвокат-саясаткер болу мүмкін бе?

none

Өткен аптада қазақстандық құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов Алматы әкімдігінен саяси реформа мен саяси-қуғын сүргінге қатысты 31 қазанда 500 адамдық митингі өткізуге рұқсат алған.

Митинг өткізу екі құқық қорғаушының шын ниеті емес. Әдеттегіше, олар «рұқсат сұраймыз, әкімдік бас тартады, біз бұдан азаматтардың конституциялық құқығының бұзылғанын айтып ақпараттық шу жасаймыз» деп ойласа керек. Бірақ, әкімдік митинг өткізуге рұқсат бере салды. Олар үшін бұл жай түскендей күтпеген жағдай болды. Рұқсат бар, енді митингіге көп адам жинау үлкен проблема. Сондықтан, құқық қорғаушылар «екеумізден басқа ешкім келмей қойма ма» деп саясатқа селқос жұртты митингі шақырып әбігерге түсті, митингіге адам жинауға көмектесуді белсенділерден өтінді. Бірақ, оларға қолдау білдіріп, көмектесе қоятын белсендінің қарасы көрінбеді. Осындай қиын жағдайдан Төреғожина мен Ағелеуовты шетелдеге Мұхтар Әбілязов құтқарғандай болды. Ол өзінің принципіне қайшы болса да биліктің рұқсатымен өткізілетін митингіге жұртты шақырып үндеу жасады.

Бұған дейін Әбілязрв билік рұқсат берген митингіні мансұқтайтын. Оның жас саясаткер Жанболат Мамайға кіжініп жүруінің бір себебі сол. Ол Мамайды «биліктің жобасы» санайды, оның саяси шараларын мысқылдап сөз айтып, қолынан келіп жатса кедергі басап бағатды. Мұның себебі бар: Әбілязов Мамайды саяси бәсекелес санайды. Оппозиция алаңында тек өзі ғана лидер болғысы келетін Әбілязовтің Мамайға шүйлігуі сондықтан. Айлың басында Мамай жергілікті биліктен рұқсат алып митингі өткізген. Митингішіл Әбілязов өзінің ат төбеліндей жақтастарына Мамай ұйымдастырған жиынға қатыспауды тапсырыпты. Соның әсері ме, әлде басқа себебі болды ма, әйтеуір Мамай ұйымдастырған жиынға көп адам жиналған жоқ. Бұл жағдайға Әбілязов іштей қуанған болуы кәдік.

Ал Төреғожина мен Ағалеуов – Мамай секілді саясаткер емес, құқық қорғаушы. Ол екеуі Әбілязовті үнемі қолдап жүреді, амбициясы тұла бойын кернеп тұрған қашқын банкирге бәсеке жасайтындай пиғыл жоқ. Сондықтан, митингі өткізуге рұқсат алған құқық қорғаушыларды Әбілязов қолдай кетті.

Митинг, наразылық жеруі секілді саяси акциялар жөнінде сөз қозғағанда мына нәрсені айта кеткен жөн. Құқық қорғаушылар, адвокаттар өздерінің кәсіби міндетімен шұғылданғаны дұрыс. Айталық, бір адам саяси көзқарасы үшін қудаланды делік. Құқық қорғаушы немес адвокат әлгі адамның саяси көзқарасын емес, заңсыз қудаланғанын айтып мәселе көтеру керек және ол талап-арыз жазу, аппелиция беру секілді заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс немесе азаматтардың құқы мәселесі салиқалы конференцияда талқыланғаны жөн. Ал құқық қорғаушы Төреғожина мен Ағалеуов бірі екіншісінің сөзін сөзін ұқпайтын шулы митингі ұйымдастырып жатыр.

Осы тұста жас саясаткер Жанболат Мамайға да сын айта кеткен жөн. Ол кейде өзін журналист ретінде көрсетуге тырысады. Бұл да қате позиция: журналист саяси, діни көзқарасын білдірмеуі керек, әрқашан бейтарап болуы тиіс. Ал Мамай өзіне ұнайтын саяси идея (ұлтышыл демократиялық) бойынша партия құруға ұмтылып жүр. Яғни, ол өзіне ұнайтын саяси идеяны қоғамға таңу үшін насихат жасады. Дәл осы кезеңнен бастап ол журналист емес, саясаткерге айналды. Егер Мамай қайтадан журналист болғысы келсе, онда ол саясаттан кететінін мәлімдеп, партия мүшелігінен шығып, журналистикаға түбегейлі бет бұруы керек. Сонда ғана оның бір жаққа, бір саяси идеяға, бір партияға бұра тартпайтынына халық сенеді, толымды, бейтарап ақпарат беріп отыратын шынайы журналист ретінде бағаланады. Бұл мәселені қысқартып айтсақ, журналист бол, яки саясаткер бол, екі қайыққа аяқ артып алуға болмайды, журналист-саясаткер, адвокат-саясаткер болу мүмкін емес.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 21.10.2020 90

Қатысты мазмұн