Жолдыбайұлы мен Тазабеков неге «шайнасып» қалды?

none

Қазан айының 3-і күні дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Асыл арна» діни танымдық телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековті полиция қызметкерлері алдында сөйлеген сөзі үшін қатты сөкті. «Мұқаммеджан! ... сасық саясатың мен жағымпаздығыңа асыл дінімізді араластырмашы. ... діннің атын жамылып өтірік айту, дінді саясатқа қолжаулық ету ауыр күнә! Дінімізді сүйкімсіз етіп көрсетуге, халықты діннен бездіруге сенің қандай хақың бар?! Сасық саясатыңды, жеркенішті жағымпаздығыңа дінді араластырмашы!» деді Жолдыбайұлы.

Сол кезде екі дінпаздың дүйім жұрттың алдында не үшін шайнасып қалғанын ешкім түсінбеген. «Бұл - сәләфи уағызшы мен «нұршы» сопының жеке бас араздығы, текетіресі», «ортағасырлық түсініктегі діни ағым мен білім-ғылымға үгіттейтін заманауи «гүленшілердің» көзқарас қайшылығы», «Президент жанынан құрылған Ұлттық Сенім кеңесінің мүшесі болған Қайрат молда халыққа демократ болып көрінгісі келді» және т.б. сыңайлы пікір айтылды. Рас, кикілжіңді қоздырған мұндай факторды түбегейлі терістеген дұрыс емес. Сонда да қайшылықты аяқасты ушықтырып жіберген нақты себепті іздеп тапқан жөн.

Тақырыпқа тереңдемес бұрын, діни ағымдар жөнінде мағұлматы жоқ оқырманның қаперіне мына бір жайтты сала кетейік. Ағартушылық бағыт ұстанатын Феткуллах Гүленнің есімімен байланысты «гүленшілер» - өткен ғасырдың басында өмір сүрген Саид Нұрси құрған сопылық тариқаттан тарамдалып шыққан заманауи ағым. Ағымды басқа сопылық тариқаттармен салыстырсақ, «гүленшілер» білім мен ғылымға жақын, зайырлы қоғам құруға үндейді. Түркия билігіне Ердоған келгелі бері «гүленшілер» қатты теперіш көрді, мыңдаған адам тұтқындалды, Феткуллах Гүленнің өзі АҚШ-қа қашып кетті. Ердоған өзінің билігін пайдаланып шетелдегі «гүленшілерді» қуғындап жатыр...Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері мен кейбір жоғары оқу орындарын «гүленшілермен» байланыстырады... Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) лауазымды қызмет атқарған, ірі мешіттердің имамы болған дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Қазақстандағы «нұршы-гүленшілердің» бейресми лидері, рухани ұстазы саналады. Ал «Асыл арнаның» директоры Мұхамеджан Тазабековті таныстырып тақырыпты созып жатпаймыз. Бірден кикілжіңнің тұтануына тікелей қатысты оқиғаға көшеміз.

text

Қыркүйектің 23-і күні түріктің Haberler.com сайты Түркия парламентінің спикері Мұстапа Шентоптың ҚР Парламент Сенатының төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездесуі жөнінде мақала жариялады. Онда Мұстапа Шентоп мырзаның «Фетхуллах Гүлен құрған террорлық ұйымның (Fethullahçı Terör Örgütü — FETÖ) лидерлерін» ұстап беруді, «гүленшілердің» активтерін бұғаттап, қазақ жеріндегі олардың ұйымдары мен ақпарат құралдарына тыйым салуды Қазақстан билігінен талап еткені айтылды. Бұл ақпаратты қазақ журналисі Жолымбет Мәкіш тез арада Қазақстанға қарата бұрып, өзінің әлеуметтік парақшасында «Террористік ұйым деп танылған «гүленшілердің мақсаты – билікті басып алу. Менде олардың толық тізімі бар. Арасында Гүлен түрткен үлкен бизнесмендер де, басқалар да көп. Бәрі қазақтар...» деп жазды.

Журналистік зертеу барысында «ахи» деген атағы болмаса дін мәселесін терең білмейтін Жолымбет Мәкішті мұндай даулы мәселеге итермелеген тағы да Мұхамеджан Тазабеков екені анықталды.

Алғашында журналистің Фейсбуктегі жазбасы қазақ қоғамында дүрбелең туғыза қоймағанын түсінген Тазабеков басқаша тактикамен әрекет етуді тапсырды. Жолымбет Мәкішке ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Н.Нығматулинге хат жазғызды. Онда Түркия спикері М.Шентоптың Қазақстанның қауіпсіздігіне қатысты өте өзекті мәселе көтергенін, Қазақстандағы «гүленші» ұйымдар мен соларға қатысты оқу орындарын тізімдеп келіп, оларға қарсы тез арада шара қолдану айтылды.

«...Қазір Қазақстанның бизнесмендерінің көбі осы сектаның мүшесі дегенді естіп жүрміз. Олардың нақты санын анықтап, мемлекет мұндай діни жамағаттардың жұмысын дер кезінде әшкерелеуі керек. Қазақ-түрік лицейлерінің аттарын тез өзгеріп, идеологотары - түрік оқытушыларын жылдамдатып Еуропадағы бөлімшелеріне аттандырып жібергеніне қарағанда, бұлардың қазір биліктегі лоббиы өте күшті. Жан-жаққа жол ашып алған. Жасырын жүрген осы сектаның маскасын шешіп, оның біздегі мүшелерінің аты-жөнін атап тұрып айтатын уақыт келді. Бұлардың бәрі болашақта елге қауіп төндіретін, мемлекетті теократиялық, бір сектаның сойылын соғатындар басқаратын діни сипаттағы мемлекетке айналдырғысы келеді. Қазірден бастап іске кірісіп, осындай жасырын жұмыс істеп жүрген жамағаттардың жолын кеспесек, ертең қатты өкініп қалғалы тұрмыз! Құрметпен, журналист Жолымбет Мәкіш» деп аяқталды хат.

Журналист жазған хат тағы да Мұхамеджан Тазабековтің көмегімен адресатына жеткізілді. Мұны «нұршы-гүленшілердің» бейресми лидері саналатын Қайрат Жолдыбайұлы біліп қояды. Ылғи, кездескенде болсын, телефонда болсын, «Қайрат аға» деп құрмет көрсетіп, құрақұшып, мәймөңкөлеп, жағымпазданып сөйлейтін Мұхамеджанға көптен бері күдіктеніп жүрген Қайрат молда осы хаттың артында кім тұрғанын білген соң шарт сынды. Дәл осы оқиға Жолдыбайұлын Тазабековті «шайнап» тастайтын пост жазуға итермеледі.

text

Қайрат Жолдыбайұлының дін саласы бойынша алған білімі мен шешендігінен, қайтпас күрескерлігінен қаймығатын Мұхамеджан Тазабеков сасқалақтап қалған сияқты. Себебі, болашағынан көпшілік үміт күтіп жүрген Қайрат Жолдыбайұлының бас мүфти болуына кедергі жасап, оны тіпті ҚМДБ басшылығынан ысырып жіберуге Тазабековтің астыртын қатысқанын, көп күш жұмсағаны мұның алдында ғана әшкере болған. Осымен тоқтамай, Тазабековтің «нұршы-гүленшілерді» тып-типыл етіп жойып жіберуге бағытталған Ердоған саясатына тағы да жел беріп отырғаны Жолдыбайұлын қатты ашуландырды...

Қайрат молданың қаһарына ұшыраса оңбайтынын түсінген Тазабеков хат жазғыш «ахиға» жаңа тапсырма берді. Тапсырма бойынша, Сенат төрағасы Нығматулинге жазылған хат енді ашық хат түрінде abai.kz сайтында басылуы (06.10.2019) тиіс. Осы жоспарды жүзеге асыру арқылы Тазабеков екі мақсатты көздеді.

Біріншіден, қазақстандық «нұршы-гүленшілер» мен Қайрат Жолдыбайұлын тұқырта түсу операциясын «зікіршілер» ұйымдастырып жатқандай етіп көрсетіп, сәләфилерден күдікті алшақтату. Әрине, бұған Жолдыбайұлы сияқты білгір дінтанушылар сенбейді. Бірақ діни ағымдар арасындағы кикілжің себептерінен хабарсыз халықтың дәл солай ойлайтыны анық.

Қайрат Жолдыбайұлы - ҚР президенті Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық Сенім кеңесінің мүшесі. Кеңес жұмысын саясаттанушы Ерлан Қарин үйлестіреді. Кеңесте «зікіршілер» деп аталатын сопылық ағымды ұлтымыздың дәстүрлі діні деп санайтын бірнеше қоғам қайраткері «нұршы-гүленші» Қайрат Жолдыбайұлымен тізе қосып жұмыс жасап жатыр. abai.kz сайтының құрылтайшысы журналист Дәурен Қуат пен саясаттанушы Айдос Сарым да Кеңестің мүшелері. Олар осыдан 9 жыл бұрын «зікіршілердің» рухани ұстазы Исматулла пір мен діни ағымның басқа да тақсырларын соттатып жіберуге «нұршы-гүленшілердің» қатысы болғанын біледі. Осы ескі жараның бетін тырнап ашу үшін Тазабеков көп күш жұмсап, Жолымбет Мәкіштің ашық хатын әдейі abai.kz сайтына жариялатуындағы екінші мақсат – Ұлттық Сенім Кеңесінің ішіне пітнә салу. Бұл жайт «нұршы-гүленшілерді» өздерінің басты бәсекелесі деп санайтын сәләфилердің ештеңеден тайынбайтынын байқатады.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Түтін 06.12.2019 1619

Қатысты мазмұн